Жоспардан тыс тексеру

Петропавлдық полиция қызметкерлері екі күнде 100-ден астам металл қабылдау пункттері мен техникалық қызмет көрсету стансаларын тексерді.
Тәртіп сақшылары автоаксессуарларды қабылдау тәртібін нақтылап, қабылдау орындарының иелеріне криминалдық жолмен алынған заттарды қабылдаған жағдайда жауапкершілікке тартылатындықтары туралы ескертті.
Жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары қолды болған заттарды өткізулері мүмкін деген металдар, ұсталған аккумуляторларды қабылдау пункттері мен автокөліктерді бөлшектеп сату стансаларына тексеріс жүргізді. Осы жұмыстың басты мақсаты – ұрлықтың алдын алу мен бұрын жасалған қылмыстарды ашу.
Петропавл қалалық Полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұқатовтың айтуынша, рейд барысында бұған дейін қолды болған аккумулятор батареяларының «жағдайын» қадағалау бойынша жұмысқа баса назар аударылады. Қабылдаушыларға аккумулятор тапсыратын адамдарды тіркеу мен мәліметтер жинау қажеттігі түсіндіріледі. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары қабылдау орындарының иелерін ҚК 196-бабы – «Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу» бойынша көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемденгені немесе өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ескертеді. Бұл баптың санкциясы 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасын көздейді. Жыл басынан облыс орталығында аккумулятор батареяларын ұрлаудың 35 фактісі тіркеліп, 23-і ашылды.
Металл қабылдау орындары иелерінің көпшілігі өз жұмысына жауапкершілікпен, сондай-ақ, полиция тарапынан болатын бақылауға түсіністікпен қарайды. Қабылданатын заттарды үнемі арнайы дәптерге жазып отыратындарын айтты.
«Адамдар металл әкеледі, біз оларды тіркейміз. Аккумуляторлар мен фляга сияқты заттардың жиі ұрланатынын жақсы білеміз. Сондықтан да металл қабылдау кезінде: «Бұл заттар ұрланған ба, әлде жоқ па?» деген сұрақтар қоямыз, суретке түсіріп, деректерді дәптерге жазып аламыз. Бұл жазбалар бір ай сақталады. Егер де шағым түспесе, суретті жойып жібереміз, қажеттілігіне қарай өзімізде қалдыруға тырысамыз», – дейді металл қабылдау орындары бірінің жұмысшысы Жомарт Есләмов.
Екі күндік рейд барысында жедел уәкілдер қалалық Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, 86 техникалық қызмет көрсету стансасын, 32 металл қабылдау, 28 дөңгелек жинақтау пункті мен 18 автокөлікті бөлшектеп сату орнын тексерген. Барлық жұмысшылармен ұрланған заттарды сатып алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы әңгіме жүргізілді. Тәртіп сақшылары жоспардан тыс рейдтердің жалғасатынын айта кетті.

Юрий КЛЫКОВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*