Сыр еліндегі түсіндіру жұмыстары

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық топ Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың басшылығымен Қызылорда облысында жұмыс істеуде.
Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен бірге өңірдің белсенді азаматтарымен кездесіп, қатысушыларға бағдарламалық құжатта көрсетілген негізгі бағыттар, сондай-ақ, Президент Әкімшілігімен бірге әзірлеген қазақстандық полицияны жаңғырту жөніндегі жол картасын әзірлеу туралы айтты.
Жол картасында ІІМ-нің штаттық санын оңтайландыру, басқарушы буындардың қысқаруы, полицияны артық функциялардан арылту, полицияның қызметін бағалау талаптарын түбегейлі өзгерту және оның жұмысын сервистік модельге көшіру жоспарланған.
Сонымен қатар, министр тұрғындармен жұмыс істеуде заманауи форматтардың, жаңа полиция стандарттарының және жаңа нысандық киімнің әзірленуі туралы айтып өтті. Ведомстволық оқу орындарын қайта реформалау мәселелеріне және «102» қызметінің жаңаша жұмыс істеуіне тоқталды.
«Президент құқық қорғау органдарының жұмысында терең сапалы өзгерістердің қажет екенін айтты. Қоғам біздің жұмысты түбірімен жақсарғанын қалайды, қоғам тарапынан полицияға сенімділік деңгейінің артуы және тұрғындардың қауіпсіздігі – полиция жұмысының басты өлшеуіші», – деп атап өтті Қалмұханбет Қасымов.
Сонымен қатар, Ішкі істер министрі облыс әкімімен бірге Жол картасы шеңберінде ІІМ, «Зерде» Ұлттық холдингімен және облыс әкімдігімен бірлесе бекіткен «112» бірыңғай кезекшілік қызметі пилоттық жобасының құрылуы мен енгізілуі жөніндегі жұмысты зерделеді.
«112» бірыңғай кезекшілік қызметі операторлардың қоңырауларын қабылдап, нақты бағыттағы диспетчерлермен байланыстырады (101, 102, 103, 104, 112). Осы жоба Астана қаласы мен Қызылорда облысында сынақтан өтпек.
Сондай-ақ, Қ. Қасымов ішкі істер, төтенше жағдайлар жөніндегі және қылмыстық атқару жүйесі департаменттерінің қызметкерлерімен кездесіп, онда ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша Президенттің тапсырмаларына және оны орындау үшін жүзеге асырылатын нақты шараларға тоқталып, облыстық полицияның бірқатар бөліністерінің жұмысымен танысты.

ІІМ баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*