Қызылжардағы түнгі жорық

Петропавлдық сақшылар мен депутаттар ойын-сауық орындарында түнгі рейдтер жүргізді. Шара барысында 100-ге тарта түрлі құқық бұзушылық анықталды.
Облыстық және қалалық полиция ведомствосының 170-тен астам қызметкері Петропавл қаласындағы ойын-сауық орындарында өткізілген түнгі рейдке жұмылдырылды. Рейдке, сондай-ақ, қалалық мәслихат депутаттары мен ІІД жанындағы Консультативтік-кеңесші орган мүшелері қатысты. «Учаске» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында өткен рейдте қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері барлық бағытта жұмыс атқарып, үйлердің аулаларын патрульдеу мен көлік құралдары жүргізушілерін тексеру сияқты ауқымды жұмыстар атқарды.
Сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін жүргізілген рейдті жеке басқарған Петропавл қалалық Ішкі істер басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұқатовтың айтуынша, 100-ге тарта түрлі әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Сондай-ақ, көлікті мас күйде басқарған 5 жүргізуші ұсталды. Құқық қорғау қызметкерлері көшелер мен аулаларды патрульдеуден бөлек, дәмхана мен сырахана ғимараттарында да тексерістер жүргізді. Қаламыздың екі дәмханасынан жеті бірдей кальян тәркіленіп алынды. Құқық бұзушыларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 441-бабы – «Жекелеген қоғамдық орындарда темекі бұйымдарын тұтынуға тыйым салуды бұзу» бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Ал осы уақытта Жамбыл көшесінен ақша тігетін ойынқұмарлардың басын қосатын ойын автоматтары бар бөлме анықталды. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 307-бабы 1-бөлімі – «Заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастыру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталып, жиналған материалдар Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне тапсырылды.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар өз бағыттары бойынша жұмыс істеді. Бір түн ішінде үй-жайлардан тыс заңды өкілдерсіз жүрген 8 кәмелетке толмаған ұсталды. Полиция қызметкерлері олардың екеуін кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізді.
Рейд барысында депутаттар Жергілікті полиция қызметі қызметкерлерінің күнделікті жұмысымен жақынырақ танысып, жұмыс бабында туындайтын мәселелерге көз жеткізді. «Бүгін, біз полиция қызметкерлерімен түнгі уақытта ересектерсіз көше кезіп жүрген жасөспірімдерді, дәмханаларда заң бойынша қолдануға рұқсат етілмеген кальян өнімдерін ұсыну, көптеген адамдардың теріс әрекет танытып жататындығының куәсі болдық. Бұл, әрине, өте өкінішті. Сондықтан мен біздің азаматтарды осыншалықты жағдайға дейін төмендемеулерін, керісінше өздерінің адамгершілік қадiр-қасиеттерін сақтап, құқық қорғау қызметін құрметтеулерін сұраймын», – деп рейдтің қорытындысын жасады Петропавл қалалық мәслихатының депутаты, облыстық ІІД жанындағы Консультативтік-кеңесші органның мүшесі Павел Афанасьев.
Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігі – Жергілікті полиция қызметінің үнемі қатаң бақылауында. Осы сияқты рейдтер алдағы уақытта жалғасатын болады.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*