Полиция полковнигі Қайрат ТӨКЕШОВ: Арнайы даярлық – асқаралы міндеттер

Иә, бес қаруын сайлаған, елдің қамын ойлаған, қоғамдық тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген тәртіп сақшыларынан халқымыз үлкен жауапкершілік талап етеді. Сондықтан полиция қызметкерлерінің кәсіби білімі мен біліктілігі сақадай сай болғаны абзал.
5 қазанда Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында тәртіп сақшыларын қайта аттестациялау туралы тапсырмасын тыңдадық. Осы орайда ішкі істер органдарындағы жаңа құрылым – Арнайы даярлық басқармасының алар орны ерекше. Біз Қарағанды облыстық ІІД Арнайы даярлық басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайрат Төкешовпен сұхбаттастық.

Қайрат Нұрманұлы, аз ғана мерзім өтсе де, тыңнан түрен салған жаңа басқарманың маңызы мен мақсаты айқындалып үлгерді ме?
– Өзіңіз білетіндей, Арнайы даярлық басқармасы жасақталғанына көп уақыт өткен жоқ. Басты мақсат қызметкерлердің жауынгерлік дайындығын жетілдіруге бағытталған. Даярлық дәрістері барысында тәртіп сақшылары қарудан ату, қоян-қолтық ұрыс, арнайы қорғаныс құралдарымен жұмыс істеу шеберліктерін шыңдай алады. Сондай-ақ, оқу-жаттығу сабақтарынан бөлек, полиция қызметкерлерін психологиялық тұрғыда даярлау дәрістері де ұйымдастырылады. Бұл – қызметкерлердің өзара қарым-қатынас орнатып, бірлесе әрекет ету, түрлі кедергілерді жеңу дағдысын қалыптастырады. Қоғамдық тәртіпті күзетуге шыққан тәртіп сақшысы ешқашан да қылмыскермен бетпе-бет келгенде жеңілмеуі керек. Ол үшін сақшы психологиялық тұрғыдан да, спорт жағынан да мықты болуы қажет.
Қарағанды облысы – республика бойынша штаттық құрамы ең ірі өңір. Тәртіп сақшыларын даярлықтан өткізу қалай ұйымдастырылуда?
– Жыл басынан Арнайы даярлық басқармасы ІІД-нің және Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерінің қатысуымен Теміртау қаласындағы Ішкі істер министрлігінің Оқу орталығы базасында апталық оқу-жаттығу жиындарын өткізіп келеді. Осы күнге дейін жалпы саны 700 қызметкер қатысқан 16 апталық оқу-жаттығу жиыны өтті. Осы курстарға қатысып жатқан әрбір қызметкер тәуліктің кез келген мезгілінде қарулы шабуылдарға дайын болуы тиіс деп талап қойдық. Осы машықты бойға сіңірген жағдайда ғана нәтижелі жұмыстарға қол жеткізуге болады. Жан-жақты ысылған тәртіп сақшысы өз өмірін сақтап қала алады, өзгелерді қорғап қала алады, елді қорғайды, түптеп келгенде Тәуелсіздігімізді қорғап шығады.
Сарыарқа сақшыларын сайдың тасындай іріктеп, патриоттыққа үгіттеп, бес қаруын сай етіп дайындаудағы оқу үрдісі несімен ерекшеленеді?
– Оқу процесінің бағдарламасына сәйкес полиция қызметкерлерін дағдарыс жағдайларында физикалық және моральдық тұрғыда жұмыс істеуге үйрету басты назарда. Қызметкерлердің жауынгерлік-қызметтік тапсырмаларды табысты орындауы тек денешынықтыру мен атыс даярлығына байланысты емес. Қызметкерлер бірінші кезекте психологиялық тұрғыда дайын болуы керек. Әр қызметкер психологиялық тепе-теңдікті сақтап, салқынқандылық танытып, тез арада шешім қабылдай білуі керек. Басты бағыт тікелей азаматтармен қызмет атқаратын жол-патрульдік, көші-қон, криминалдық полиция қызметтерінің және учаскелік полиция инспекторларымен жұмыс істеуге арналады.
Осы орайда, Арнайы даярлық басқармасының жеке құрамы арнайы мақсаттағы бөлімдерде қызмет атқарған, спорттық дәрежесі бар, ұстамдылық пен табандылықты таныта білетін қызметкерлерден жасақталағанын айта кеткім келеді. Сұхбатымыздың басында айтылғандай, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ел тәртіп сақшыларының алдына жаңа міндеттер жүктегенін білеміз. Аттестациялау арқылы полицейлер қайта іріктеуден өтетін болады. Қарағанды облыстық ІІД Арнайы даярлық басқармасы Елбасы жүктеген міндеттерді орындау жолында Сарыарқа сақшыларын сынақтан өткізіп, сақадай сай болып, ел тыныштығын күзетуге даярлығын шыңдауға толықтай дайын дегім келеді.
Сіздер өткізетін курстар мен дәрістерден де, сайдың тасындай іріктелген жігіттердің екпінінен де қоғамдық қауіпсіздік саласының жаңа тынысы ашылғанын сезіндік. Алмағайып заманда адам өмірінің басты кепілі болатын тәртіп сақшыларының тәрбиешісіне айналып, моральдық, писхологиялық және физикалық әлеуеттерін арттыру жолындағы еңбектеріңізге табыс тілейміз! Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш МЕДЕУБАЕВ, Қарағанды облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*