Жеңіспен оралғандарды ұлықтады

Қырғызстан Республикасында өткен ІІІ дүниежүзілік көшпенділер ойындарында самбо күресінен 6655 әскери бөлімнің әскери қызметші- спортшылары 1 алтын және 1 қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, Астана қаласында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кубогы үшін жекпе-жектен өткен халықаралық турнирден осы әскери бөлімнің әскери қызметші- спортшылары 1 алтын, 1 күміс, 4 қола медальды қанжығасына байлап оралған болатын.
Жуырда әскери бөлімде сайыс жеңімпаздарын ұлықтау кеші өтті. Шараға 6655 әскери бөлім командирі, подполковник Мирас Тұрдалин, әскери бөлім Ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Сәлімгерей Қабылов, әскери қызметшілер, ардагерлер және сарбаздар қатысты.
Мерекелік шара басталысымен жауынгер-самбошыларды арнайы орындарға жайғастырып, жиналғандарға олардың өмірбаяны мен спорттық жетістіктері туралы айтылып, экранда бейнероликтер көрсетілді.
6655 әскери бөлім командирі, подполковник Мирас Тұрдалин әскери бөлім атынан самбошылар мен бас жаттықтырушыға алғыс білдіріп, олардың алдағы күндері де үлкен белестерді бағындыратынына сенімін жеткізіп, алғыс хат пен сыйлықтар табыс етті.
Мерзімді қызметтегі сарбаз, қатардағы Есет Куанов Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Бала кезінен самбо күресі үйірмесінде жаттыққан. Мектепте жоғары сыныпта оқып жүрген кезінде самбо күресінен жастар арасында бірнеше мәрте қалалық, облыстық және халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанған.
Бүгінгі таңда Есет Куанов – самбо күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан Республикасының дзюдодан спорт шебері, Қазақстанның самбодан бірнеше дүркін чемпионы. 2017 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен самбодан әлем чемпионатының жеңімпазы. Ал, 2018 жылы Беларусь астанасы Минск қаласында өткен дзюдодан Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері. Сондай-ақ 2018 жылы қыркүйек айында Қырғызстан Республикасында өткен ІІІ дүниежүзілік көшпенділер ойындарында чемпион атанды.
– Мен Ұлттық ұлан қатарында қызмет етіп жүргенімді мақтан тұтамын. Өзімнің Отан алдындағы әскери парызымды осы құқықтық әскерлер қатарында өткерсем деген тілегім орындалды. Әскерде жауынгерлік міндетіммен қатар өзімнің кәсіби спорттық мансабымды да абыроймен алып жүрмін. Әскери бөлімде спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалған, барынша күш-жігерімді салып әр сайысқа дайындаламын. Осы орайда Ұлттық ұлан басшылығына және өз жаттықтырушым, подполковник Сәтжан Әбішевке мың да бір алғысымды білдірем, – дейді Есет.
Сондай-ақ, жеңіс тұғырынан көрініп, шарада марапатқа ие болғандардың бірі – аталған әскери бөлімде 2006 жылдан бері келісімшарт бойынша адал абыроймен қызмет ететін сержант Эдуард Сапаров. Ол бұл қызметке Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін өз қалауымен орналасқан. Содан бері самбо күресінен Ұлттық ұланның бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы кубогы үшін жекпе-жектен халықаралық турнирдің чемпионы, әлем кубогының қола жүлдегері атақтарына ие болған сержант кешегі самбошылар арасында өткен сайыста 55 келі салмақ дәрежесінде 3-орыннан көрінген болатын. Ол спорттағы жетістіктерге жетуі басшылықтың қолдауы мен сенім білдіруінің арқасы деп біледі.
– Әскери қызметте жүрсем де, сүйікті ісім – спортпен айналысып, жаттығуға мүмкіндік беріп, қажет кезде қызметтен босатқаны үшін Бас қолбасшылыққа, 6655 әскери бөлімнің командирі мен басшыларға үлкен ризашылығымды білдіремін. Өзім спорт жарыстарынан бос уақытта әскери жасақ бастығы қызметін атқаратындықтан, қызметке түскен кезде жанымдағы сарбаздармен бірге көше тәртібін күзетемін.
Жеңіс бар жерде жеңілістің де болатыны заңдылық. Дегенмен, өзім қызмет еткен 12 жылдың ішінде Ұлттық ұланның самбо біріншілігінен өткен жарыстарда жеті рет жеңіске жетіп, чемпион атанған екенмін. Бірақ, спортшы қай кезде де чемпион болуды армандайды, – деп ойын білдірді ол.
6655 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Денис Ча:
– Бүгінгі марапатталған чемпиондар – осы әскери бөлімде жауынгерлік тапсырмаларды орындап, Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар мен келісімшарт бойынша қызмет етіп келе жатқан әскери қызметшілер. Демек, олар спортпен айналыса жүріп, ел тыныштығын күзету мақсатында Ұлттық ұланның сапында қарауыл және жауынгерлік қызметке түсіп, әскери міндеттерді орындайды. Тәрбие сабақтарынан да қалмайды. Бір сөзбен айтқанда, жігіттер барлық жағынан да үлгереді. Сол сияқты, әскери қызметші-спортшылардың жаттықтырушысы, 6655 әскери бөлімнің спорт және денешынықтыру бастығы, подполковник Сәтжан Әбішев те байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген чемпион, – деді.
Ал, подполковник Сәтжан Әбішевтің өзі қызмет барысында қатардағы жауынгерден бастап, офицерлердің физикалық әзірлігін шыңдап, көзге түскен талантты спортшыларды іріктеп, жарысқа дайындайтынын айтты.
– Әр өтетін жарыстың алдында спортшылармен түске дейін 10.00-12.30 және түстен кейін 17.00-19.00 аралығында оқу-жаттығу өткіземіз. Оның себебі, спортшылардың дене дайындығы сол жарыстың өтетін уақытына дайын болуы тиіс. Жарыстың алдында спортшыларда, әрине, қобалжу басым болады. Сондықтан оларға дайындық ретінде қарсыластарының бұрынғы жарыстарда қолданған әдіс-тәсілдерін көрсетіп, оқу-жаттығулар өткіземіз.
Жуырдағы халықаралық турнирге өзіміз дайындаған 20 спортшының ішінен 9-ын іріктеп алған болатынбыз. Солардың ішінде 6 спортшымыз: 55 келі салмақта 3-орынды ефрейтор Ануар Кәрібаев пен сержант Эдуард Сапаров алса, 60 келі салмақта капитан Әлкен Төлегенов 3-орынға, 75 келі салмақта аға лейтенант Данияр Зайнуллин 2-орынға, 70 келі салмақта аға лейтенант Батырхан Әшірбеков 3-орынға ие болып, ал 60 келі салмақта қатардағы жауынгер Бауыржан Сұлтанов чемпион атанды, – деп атап өтті Сәтжан Әбішев.
Айта кетейік, енді олар қараша айында Астана қаласында жекпе-жектен Президент кубогы және желтоқсанда Ақтау қаласында болатын министр кубогы үшін өтетін жарыстарға дайындықты бастап кетті.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА, Ақтөбе

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*