Ардагерлер аудандарды аралады

Ақтөбелік тәртіп сақшылары Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатында Әйтеке би, Ырғыз және Шалқар аудандары тұрғындарымен кездесті.
Елбасы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында негізгі алты бағытты айқындады. Оның ішінде Жолдаудың 3-ші бөлігінде «Құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет» деген болатын. Осыған орай, Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Дәулеталин мен отставкадағы полиция полковниктері, ішкі істер органдарының ардагерлері Ырғызбай Кенжеханов, Ибраһим Құдайбергенов алдымен Әйтеке би ауданының Қарабұтақ селолық округінде тұрғындармен кездесу өткізді.
Олар Мәдениет үйінде ауыл тұрғындары мен қоғамдық қеңес мүшелері, Т. Шевченко атындағы орта мектеп оқушыларымен кездесіп, Елбасы көтерген ішкі істер саласындағы реформалардың басты бағыттарын айқындады.
Қарабұтақ ауылдық округінің әкімі Кеңшілік Байдрахманов, Шевченко атындағы орта мектептің директоры Жанаргүл Қуанышева, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділхан Анарбайұлы Елбасы Жолдауының басым бағыттарын іске асыруға бағытталған жүйелі жұмыстар қолға алынуда екенін атап өтті. «Ауыл тұрғындары көгілдір отынмен, ауыз сумен және жарықпен, сапалы жолмен толық қамтамасыз етілген. Біз ел қауіпсіздігі мен тыныштығы жолында дамылсыз еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына көп жаңа мүмкіндіктер жасалатыны турасында осы Жолдауда нақты айтылғанын білеміз. Бүгінгі таңда тәртіп сақшысы болам деп талпынған жастарымыз да баршылық. Бұл жаңа бастамалардың бәрі ел азаматтарының әл-ауқатын одан әрі жақсартуға, халықтың тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Осы жолда бәріміз бір кісідей жұмыла еңбек етуіміз керек», – деп атап өтті тұрғындар.
Елбасының биылғы Жолдауында ішкі істер саласының жаңа заман талаптарына сай оңтайлануы мен полицейлердің елмен етене араласып, сенім биігінен шығуына бар мүмкіндік жасалатыны айтылды. Бұл өте құптарлық. Кездесулер Әйтеке би ауданының Аралтөбе ауылында жалғасын тапты. Аралтөбе ауылының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жаныс Қалиев өңірде ауыл тұрғындарының хал-ахуалын жақсартуға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен біраз істер мен игі бастамалардың тындырылғанын мәлім етті.
Ардагер тәртіп сақшылары Елбасы Жолдауының басым бағыттарын насихаттауға арналған жұмыстарды одан әрі Ырғыз және Шалқар аудандарында аудан әкімдерінің қолдауымен ұйымдастырды.
Ардагерлер Ырғыз бен Шалқар және Әйтеке би аудандық Ішкі істер бөлімшелерінің жеке құрамдарымен, аудан тұрғындарымен және жастармен кездесіп, Жолдаудағы әр басым бағыттың еліміздің одан әрі өркендеуіне бағытталғанын, бұл бастамаларды іске асыруға бір кісідей жұмыла еңбек ету қажеттігін айтты. «Әсіресе, қиындығы мен жауапкершілігі мол, халықтың тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында еңбек ететін тәртіп сақшыларына тәжірибе алмасу, өткеннің жақсы өнегелі тұстарын білу, үйрену, жаңашылдыққа талпыну, ең бастысы – халыққа адал еңбек етудің маңыздылығы, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтау қажет», – деп атап өтті Ақтөбе облыстық ІІД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Дәулеталин.

Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*