Кәсіби біліктілікке басымдық берілген

Қоғам тыныштығын қырағылықпен күзетіп келе жатқан қарулас достарымыз бен әскери салада қызметте жүрген әріптестеріміз және отандастарымыз жуырда ғана өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, жарқын болашаққа жетелейтін тың бастаманың куәсі болды. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы дәстүрлі Жолдауында біз сөз еткен мәселелер стратегиялық тұрғыда маңызды екені сөзсіз әрі бұл мақсаттар ел азаматтарына бірқатар жауапкершіліктер жүктейді.
Жолдауда қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайларын жақсарта отырып, өмір сүру сапасын жоғары деңгейге көтеруге басымдық берілген. Ол үшін әрбір азамат тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп, отбасылық кіріс көздерінің біркелкілігі сақталуы қажет. Сонда елдің ішкі әлеуметтік даму көрсеткіші тұрақталып, мемлекеттік тұрғыдағы әлеуетіміз арта түседі.
Елбасының соңғы Жолдауында айқындалған бағыт-бағдарлар бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүзеге асырылса, Қазақстан азаматтарының тұрмысы түзелуі жалғасын таба түседі. Алайда, мұндай тапсырмаларды тиянақты орындаудың оңай шаруа болмасы тағы бар. Бұл ретте қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ісінде құқықтық тәртіп әскерлерінің әрбір іс-әрекеті айрықша маңызға ие. Оған Президент Н. Назарбаевтың өзі жіті көңіл бөліп, әскерилердің әлеуметтік жағдайларының оң шешілуіне мемлекеттік тұрғыдан зор қолдау көрсетіліп келеді. Ең бастысы, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі түйінін тарқатуда. Сондай-ақ, әскерилердің біліктілік санаты үшін де қосымша қаржы бөлінді. Мұны әскери маманның жауынгерлік қызметті атқару барысында ынталандыру тетігі ретінде қарастырған жөн.
Өйткені, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында Мемлекет басшысы қоғам тарапынан білдірілген сенім деңгейі және халықтың өзін қауіпсіз сезінуі – полиция жұмысын бағалаудың негізгі өлшемдері болуға тиіс екендігін айрықша атап өтті. Сол мақсатта «Қазақстанның бүкіл қалаларын қоғамдық қауіпсіздікке мониторинг жүргізу жүйелерімен жабдықтау керек» деді Н.Назарбаев.
Сонымен қатар, биылғы Жолдауда Президент еліміздің әлемдік қауымдастық алдындағы абырой-беделі мен бағындырған белестерін де тілге тиек етті. Осыған орай, Қазақстанның ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі күштік құрылым ретінде Ұлттық ұлан алыс-жақын елдермен әріптестігін тереңдетіп, халықаралық шеңберде тәжірибе алмасу ісін ілгерілетіп келеді.
Айталық, осы жылдың өзінде-ақ, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы Түркия Республикасы Жандармериясының басшылығымен ресми кездесу өткізіп, өзара ынтымақтастықтың жай-күйін талқылады. Сол сияқты әскери бағытта білім беру ісі мен мамандарды оқыту мәселесінде де ортақ шешім тауып, тіпті, Жандармерия мен әскери дәрежелі құқық қорғау органдарының Жерорта теңізі мен еуропалық қауымдастығы (FIEP) ұйымымен әріптестікті нығайту туралы да мәміле жасасты. Оған қоса, Ресей Федерациясының ұлттық ұланы, Қытай Халық Республикасының Халықтық қаруланған полициясы, Әзербайжан мен Беларусь Республикаларының ІІМ ішкі әскерлері ведомстволарымен екіжақты ынтымақтастық жүйелі түрде нығайып келеді.
Жалпы, биылғы Жолдауда еліміздің экономикалық дамуы мен қоғамдық-әлеуметтік әлеуетіміздің артуы үшін кез келген салада кәсіби біліктілікке басымдық берілгенін ескерсек, Ұлттық ұланның әскери идеологиялық бағыты Президент Жолдауында көрсетілген бағыт-бағдарлармен өзара ұштастырылған. Ұлттық ұланның 2017-2019 жылдарға арналған даму бағдарламасына сай, Қолбасшылықтың барлық құрамында «2018 жыл – кәсіби біліктілік жылы» ретінде бекітіліп, әскерилердің кәсіби-біліктілік дайындығын арттыруға баса көңіл бөлінуде. Себебі, дайындығы мығым, біліктілігі жоғары маман кез келген сәтте туындаған мәселенің шешімін оңай тауып, түйінді тез тарқататыны белгілі.

Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*