Сананы сансыратқан сұм-spice

Бүгінгі таңда адам ақыл-есін есіртетін есірткінің небір түрі шығып жатыр. Есірткі саудасы қызып-ақ тұр, тіпті ғаламтор бетінде жолын тапқандар оны кәсіп те қылып алған. Осындай азғындықпен, оны таратушылармен күрес қалай жүріп жатқанын білу үшін ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы, полиция полковнигі Берікхан Нұрғалиевпен сұхбаттасып қайтқан едік.

Ең алдымен, есірткі заттары қазіргі күні қоғамға қаншалықты қауіп төндіруде, сол жайында әңгімемізді бастасақ?
– 90-шы жылдан бері осы салада жүрмін. Есірткіге тәуелді болу – бір рет оның дәмін татып көруден басталады. «Бір рет дәмін көремін де, қоя саламын» деген адам қателеседі. Және сондай-ақ: «Тәуелді болып қалсам, дәрігер емдей салады», – деп ойласаңыз да, қатты қателесесіз! Нашақорлық – ең ауыр дерт. Ол адам баласының ағзасын ғана емес, санасын да улайды. Соның салдарынан қаншама қайғылы оқиғалар мен қылмыстар болып жатыр. Осы есірткі кесірінен қаншама адам көз жұмуда. Дәл осы есірткі қолдану салдарынан өзіне қол жұмсап, терезеден секіріп, көліктің астына түсіп жатыр.
Қазіргі күні ең қауіптісі – синтетикалық есірткі деген нәрсе пайда болды. Соның бірі – spice деген түрін өмірінде бір рет қана қолданып көрген адамның санасы, ақыл-есі енді ешқашан да қалыпқа келместей өзгеріске ұшырайды.
Синтетикалық есірткі туралы кеңірек айтып берсеңіз?
– Синтетика деген – химия. Жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Түнгі клубтарда жастар бір-біріне: «Арақ ішу – ең соңғы қалып кеткен «кәйіп», ал синтетикалық есірткінің әсері эйфория!», – дейді.
Мен 1990 жылдан бері есірткімен күрес саласында жұмыс істеп келемін. Героин елімізге сол жылдардан бастап келді. Ол кезде синтетикалық есірткі деген жоқ еді, ал қазір көбейіп кетті. Мен жұмыс тәжірибемде анаша қолданғандар 20-30 жылға дейін, героин қолданғандар 20-30 жылға дейін, ал синтетикалық есірткі қолданғандар 4-5 жылдан артық өмір сүрмейтінін түсіндім. Өйткені, бұл заттар адам денсаулығына, жүйкесіне, ақыл-есіне өте қатты әсер етеді.
Біріншіден, адамның бүйрегі кетеді, миы зақымдалады, ол енді адам болмайды. Осы зиянды затты қолданған кезде ақыл-есінен адасып, туған бауырын сойып, сорпа жасап ішкен адамды да көрдім, сенесіз бе?! Ал сізге осындай өмір қажет пе? Міне, көрдіңіз бе, синтетикалық есірткіге әуестенгендер өздері білмейді не істеп, не қойғандарын, олардың кейбірі отырған жерінде әртүрлі хайуанның дауысын салады, ит-шошқа болып қылық жасайды, кейбірі біреу қуып келе жатқандай жоғарғы қабаттардан секіріп те кетеді, жан-дүниесі үрейленіп тұрады, яғни синтетика сананы сансыратады. Бұл қазір өте апатты мәселе.
Дамыған елдер осы есірткіге қарсы қандай тәсілдерге жүгінеді екен? Тәжірибе алмасасыздар ма?
– Иә, бұл тек бір Қазақстанның ғана мәселесі емес, дүниежүзінің бас ауруы. Мен өзім Ресейде болдым, Қытайда болдым, бұл синтетикалық есірткі бойынша бәрі де қатты алаңдаулы. Мәселен, Қытайда, интернет дамыған заман болса да, олар ең біріншіден өз қауіпсіздіктерін ойлайды. Сондықтан да оларда Ютуб деген жоқ. Әлеуметтік желідегі миллиард адамның барлығы да қатаң бақылауда. Егер де ол жерде сіз есірткіге, есірткі саудасына қатысты қандай да бір жазба немесе сурет қалдырған болсаңыз, бірден ұсталасыз. Оның жазасы да ауыр, қылмысы дәлелденсе, бірден ату жазасына кесіледі.
Ал біздегі әлеуметтік желілердің бақылану жағы қалай?
– Қазір бұл дертті таратудың жолдары өте көп. ХХI ғасыр болғандықтан жастар арасында ғаламтор арқылы, Ватсап арқылы таратып жатыр, біз мұның бәрін көріп-оқып отырмыз, бәрі бақылауда. Оларға оңай құтылып кету жоқ, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал қылмыстық жауапкершілік деген не ол? Ол біріншіден ұзақ мерзімге қамалу, өйткені, есірткі саудасы деген өте ауыр қылмысқа жатады. Бұл ұлт денсаулығына шабуыл деген сөз. Елбасымыз «Қазақстанның болашағы – мобильді, дені сау, көп тілді меңгерген, рухты да саналы жастар» деп үнемі айтып жүр. Ең бірінші байлық – денсаулық. Жастардың денсаулығы – ел байлығы, жастардың денсаулығы құрыса, елге төнген қасірет.
Ал сол синтетикалық есірткіні таратып, сатушыларға сіздердің денсаулықтарыңыз керек емес, сатып жүрген адамдарға тек қана пайда табу керек. Олар «бұл да біреудің жалғыз баласы, біреудің аялап өсірген қызы ғой деп ойланбайды. Ал жастарға сатушылар әдейі бір рет тегін береді, екіншіде жартылай бағасына береді, үшіншіде өзің-ақ сатып алуға ынтығып тұрасың.
Ал солайша қақпанға түсіп қалған жастар қалай, қандай жолмен табады ақшаны? Біріншіден, басында әке-шешесінен білдірмей ұрлайды, екіншіден, әр жерден ұрлайды. Көбіне ұрлық-қарлық қылмыстары осылайша жасалады.
Интернетке келсек, қазіргі күні есірткі сатумен айналысатын парақшаларды және сайттарды анықтау, құрықтау мәселесімен айналысып жатырмыз. Мысалы, бір минутта қанша сайт пайда болады? Бір ғана Ютубты алайық, минутына жүз мың жазба шығады. Телеграм, ВК деген әлеуметтік желілер бар, одан қалса. Сондықтан Ішкі істер министрлігі Ақпарат және байланыс министрлігімен бірлесіп, сондай сан-сапалақ парақшалардың бәрін жауып тастап жатырмыз.
Айта кету керек, сайттардың қожайындары шетелде орналасқан, сондықтан да біз қолдан келгенше күресудеміз. Біз де Қытай, Беларусь сияқты мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, «Кибер-қалқан» деген бағдарлама жасап жатырмыз. Алдағы уақытта сол бағдарламамен әлгіндей сайттардың бәрін бір уақытта жауып тастап, қылмыскерлерді тез құрықтайтын боламыз.
Арақтың, темекінің, калянның, есірткінің зияны туралы айтып келесіздер. Неге осыларға жаппай тыйым салынбайды?
– Екі-үш жыл болды, заң шықты, 18 жастағыларға темекі сатуға болмайды. 21 жасқа дейінгілерге ішімдік сатуға болмайды, сондай-ақ ішімдіктерді сағат 21:00-ден кейін сатуға тыйым салынады. Осындай шектеулер бар. Сатқан адамдарға жауапкершілік те бар. Мемлекет жұмыс істеп жатыр. Біз жан-жағы жабық мемлекет емеспіз, еркін қоғам құрып отырған зайырлы елміз. «Болды, ешкім темекі шекпейді, арақ ішпейді» деп жауып тастайтын деңгейге әлі жеткен жоқпыз.
Мүмкін, келешекте мұндай жайттар болмайтын да шығар, сайтани суларға тыйым салынатын да шығар. Рас, кезінде қандай халық едік?! Арақ емес, қымыз ішкен қазақ едік. Деніміз сау еді. Ауру-сырқау емес едік. Отарлаушылар генефондымызды түбегейлі өзгеріске ұшыратты, енді мұндайдан арылу үшін орасан қажыр-қайрат, көп уақыт қажет. Маскүндемдікпен күресіп жүргенімізде, бүкіл халықты алаңдатып отырған синтетикалық есірткінің небір түрлері шығып жатыр, есірткінің торына аңғал жастарымыз топырлар түсіп жатыр. Ал осы есірткі мәселесінде 18, 21 жас деген шектеу жоқ. Кез келген жастағы азаматқа есірткі қолдануға да, дәмін көруге де болмайды!
Сұқбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*