Полицейлер парасаты

5 қазанда Талдықорған қаласында «Парасатты полицей» республикалық байқауы өз мәресіне жетті.
Оған еліміздің әр түкпірінен әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған мемлекеттік тілді меңгерген шығармашыл талантты полиция қызметкерлері қатысқан болатын. Атап айтқанда, байқауда 200 полицейден құралған 21 команда бақ сынады.
Байқаудың бірінші күні Алматы облыстық ІІД басшылығымен бірге Текелідегі «Шапағат» орталығына барды. Олар ардагерлерге сыйлық берумен қатар, өздері дайындаған концерттерін де ұсынды. Команда жетекшілері ардагерлерді құттықтап жатқанда байқауға қатысушылар үш автобуспен Талдықорған қаласының көрікті жерлерін аралады.
«Шапағат» орталығынан кейін қатысушылар Алматы облыстық ІІД спорт кешені мен Кинологиялық орталығын аралады. Олар вольерлерді тамашалап, талай қылмыстарды ашып жүрген полицияның төрт аяқты көмекшілеріне жасалатын жағдаймен танысты. Сондай-ақ, облыстық ІІД-ге қарасты генерал А.Б. Болсамбеков атындағы музейге де ат басын бұрды.
Екінші күні байқауға қатысушылар Талдықорғандағы «Рухани жаңғыру» орталығында ұйымдастырылған дөңгелек үстелде бас қосты. Мұнда полиция қызметінде мемлекеттік тілдің дамуы, әсіресе, бұл жұмысқа өзге ұлт өкілдерінің қатысуы талқыланды.
Түрлі ойлар ортаға тасталып, пікір алмасылған отырыстан соң командалардың жарысы басталып кетті. ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаевтың құттықтау сөзінен кейін команда мүшелері мемлекеттік тілді, ұлттық дәстүрлерді, Астана мен Қазақстан тарихына қатысты білімдерін ортаға салып, бақ сынасты.
Байқау бағдарламасы бірнеше турдан тұрды. Олардың өнерлерін бағалаған қазылар алқасы қатарына белгілі айтыскер ақындар, әртістер, журналистер мен ІІМ өкілдері кірді.
Үшінші күні қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан ІІО қызметкерлері ескерткішіне гүл шоқтарын қойғаннан кейін Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Берік Бисенқұлов жеңімпаздарға марапаттар тапсырды. Бұл шараға Алматы облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры М. Ұрұмханов та қатысты.
1-орын және «Парасатты полицей» мәртебесін Шымкент қалалық ІІД-нің «Мегаполис» командасы иеленді. «Гран-при» түріндегі бас жүлдеге Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД полицейлері лайық деп танылды. Олар байқауда «15-ші өңір» командасы болып өнер көрсеткен еді.
Екінші орынды Қостанай («Қостанай қырандары») және Маңғыстау («Каспий») командалары өзара бөліссе, үшінді орынды Қызылорда («Айбынды»), Ақмола облыстарының («Көкше сақшылары») және Көліктегі ІІД («Алтын Алтай») командалары иеленді.
Байқау барысында бірнеше творчестволық аталымдар ойнатылды. «Көркем сөз шебері» аталымын Қарағанды облыстық ІІД-нің «Алаш айбыны» командасы жеңіп алса, «Көрермен көзайымы» – Шығыс Қазақстан облысы полиция қызметкерлеріне бұйырды. Ең ұйымшыл болып Ақтөбе облысының полицейлері танылды. Олардың командасы «Серт береміз» атауын иеленген. Ең шығармашыл топ болып ІІМ Қостанай Академиясының «Қабылбаев ұрпақтары» командасы танылды. Атырау облысының командасы «Үздік сахналық көрініс» бойынша озық шықты. Ал «Тілі басқа, тілегі бір» аталымында Батыс Қазақстан облысының командасы жеңімпаз болды.
Конкурстың салтанатты жабылуы кезінде Ішкі істер министрінің орынбасары Берік Бисенқұлов конкурсанттарды қатысқандықтарына алғыс білдіре отырып, жеңімпаздарды құттықтады. Сондай-ақ, Алматы облыстық әкімдігі атынан облыс әкімінің орынбасары А. Байжанов байқауға қатысқан команда өкілдеріне құрмет грамоталарын табыстады.
Айта кетейік, биыл ІІМ бастамасымен «Парасатты полицей» байқауы 9-шы рет ұйымдастырылды. Байқаудың негізгі мақсаты – құқық қорғау органдарында мемлекеттік тілді насихаттау мен дамыту.

ІІМ баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*