Сын-қатерлерге қарсы тізе қосты

Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы ішкі Істер министрлерінің бірінші кеңесі өтті.
Осындай ауқымдағы кеңесті өткізуге Орталық Азия аумағындағы жаңа қауіп-қатерлер мен сын-қатерлерге қарсы бірлескен шаралар қабылдау және өзара келісілген амалдар ойластыру мақсатында Қырғызстан ІІМ бастамашы болды.
Іс-шараға Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов бастаған Қазақстан ІІМ делегациясы да қатысты.
Алдымен сөз алған Қырғызстан Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Дамирбек Сағынбаев өз баяндамасында өңірдегі ведомствоаралық ынтымақтастықтың дамуына жоғары баға берді.
Басқосу жеке-жеке тақырыптар бойынша секциялық отырыстар үлгісінде жүргізілді.
Кеңес барысында ұйымдасқан қылмыс, есірткінің заңсыз айналымы, экстремистік және террористік бағыттағы қылмыстармен күрес, шекаралық өңірдегі ішкі істер органдарының өзара байланысы сияқты өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары мен болашақтағы бағыттарына қатысты ой-пікірлер ортаға салынды.
Кеңестің соңында делегация басшылары Хаттамаға қол қойды.

ІІМ баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*