Полицей – Президенттің ел ішіндегі өкілі

Президент Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көтерген мәселелердің барлығы дерлік әдеттегідей жалпы дамуға бағытталған. Президент әлеуметтік саланың барлық бағыттарын қолдаудың маңызды міндеттерін, отбасы, тұрғын үй, шағын бизнес, еңбекақы, жастар, ауыл шаруашылығы, құқық қорғау жүйесін жаңғыртудың жолдарын көрсетті. Жолдау, сонымен бірге, ішкі істер органдарының қызметінің сапасын одан әрі жақсартып, азаматтардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етудегі мүмкіндіктерін көтеруді көздейді. Әрбір мемлекеттік қызметкер, әрбір учаскелік полицей Президенттің елдің арасындағы өкілі екенін тағы бір мәрте еске салған Елбасы бұл жолы да мемлекеттік аппараттарға жауапкершілік жүктеді.

Терең және сапалы өзгеріс
Елбасы құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет екендігін айтты. Әлбетте қауіпсіздік тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі болып есептеледі. Осы қауіпсіздікті тәуліктің кез келген мезгілінде қамтамасыз ету үшін ішкі істер органдарының қызметкерлері қылмыспен күресте өзінің басын қатерге тігіп, азаматтарды қорғайды. Былай қарағанда, полицей де адам, оның тағы бір сүрем дейтұғын басы артық өмірі де жоқ. Сөйте тұра, олар қажет болса қауіпсіздік жолында өз өмірін қатерге тігеді, бәрі де қарапайым тұрғындардың бейбіт өмірі үшін.
«Құқық қорғау органдарының жұмысына өзгерістер енгізу қажет. Өмір сапасы қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Қылмыспен күрескенде ішкі істер органдарының қызметкерлері алдыңғы шепте жүреді және өмірлерін қатерге тігеді. Тәуелсіздік жылдарында 770 полицейдің қызмет бабында қаза тапқанын көбіңіз білмейсіздер. Әйтпесе, полицейлерді міндетті түрде жамандау керек деген пікір қалыптаспайтын еді. Халық бір нәрсе бола қалса, соларға көмек сұрап жүгіреді. Полиция адамның көмекшісіне айналуы тиіс. Керісінше оларды жазалайтын таяқ болмаулары керек, – деді Президент. – Сонымен қатар, қоғам құқық қорғау органдарының, ең алдымен, полиция жұмысының түбегейлі жақсаруын күтіп отыр.
Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырамын. Жаңғырту бойынша ішкі істер органдарының жұмысына қатысты «Жол картасын» қабылдау қажет. Бұған 2019 жылы старт берген жөн», – деді Президент. Реформалар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастауы тиіс.

Полиция және оның әлеуметтік мәселесі
«Біріншіден, Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту қажет. Үнемделген қаражатты полицейлердің жалақысын көбейтуге, олардың тұрғын үй және өзге де әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттаған жөн» деген Президент сөзі бірқатар түйткілді қозғай кетті.
Бұл бағытта ішкі істер органдарында жоспарланған, бірқатары бүгінде қолға алынған жұмыстар легі бар екенін айта кету керек. Айталық, жеке құрамның штат саны қайта қаралатын болады, оларды 10%-ке қысқарту жоспарланып отыр, бұл шамамен 9000 полиция және 1600 ҚАЖК қызметкері. Бюджет қаражатынан үнемді қызметкерлердің лауазымдық жалақыларын арттыруға пайдаланбақ. Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қ. Қасымов өз қарамағындағы қызметкерлердің кәсіби сапасын көтеруді жоспарлы түрде жүзеге асыруды қолға алуда. Егер қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне назар аударылса, оларды толғандырған мәселелер шешімін тапса, бұл өз кезегінде қызмет сапасына да әсер етпек. Сондықтан алдағы уақытта жол-патрульдік полициясының саптық бөліністері қызметкерлерінің, учаскелік полиция инспекторларының және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторлардың тұрғын үйді жалға алуы үшін өтемақы төлеуді қарастыру жағы шешілмек.
Бұдан өзге, реформалау аясында: ІІМ-ні өзіне тән емес функциялардан босату, қылмыстық атқару жүйесін жаңғырту, азаматтық қорғау органдары құрылымын жетілдіру бойынша шараларды іске асыру көзделген. Бұл жерде мемлекеттік мекемелердің санын 54-тен 20-ға дейін оңтайландыру жоспарда бар. Сапаны арттыру мақсатында ведомстволық білім беру жүйесін реформалау және кадрларды іріктеу жүйесін қайта қарау жоспарланған.

Полиция қызметкерінің жаңа стандарты
Президент айтқан екінші мәселе – полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілету, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту туралы болғаны белгілі. Бұл да ішкі істер органдары қызметін жаңа заманға сай ілгерілету жолындағы басым бағыттардың қатарынан саналады.
Еске сала кетейік, биыл 12 шілдеде органдар қызметтерін жетілдіруге бағытталған заңдардың бірі қабылданды. Заңмен Ішкі істер департаменттері Полиция департаменттері болып қайта құрылды, ал Жергілікті полиция қызметі бұрынғы міндеттері мен функцияларын сақтай отырып, құрылымдық бөлімше құқығымен олардың құрамына енгізілді. Яғни әкімдерге Полиция департаменттерінің бастықтарын қызметіне тағайындау және босату (Ішкі істер министрінің ұсынуы бойынша) құқығы және полиция органдарының алдына полицияның жедел-іздестіру және процессуалдық қызметіне араласусыз, құқықтық тәртіп пен құқық бұзушылықтар профилактикасын қамтамасыз ету бойынша міндеттерді қою өкілеттіліктері берілген. Қызметкерлердің бәрі қайта аттестациялаудан өтуге тиіс. Тек үздіктері ғана қызметін жалғастырады.
Мысалы, жол-патрульдік полициясы туралы айтатын болсақ, алдағы уақытта осы саланың кадрлық жағдайын жақсарту үшін шаралар қабылдануда. Жергілікті әкімдердің қолдауымен сержанттық лауазымдарды офицерлік лауазымдарға ауыстыру шаралары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазір 3 мыңнан астам лауазым офицерлікке ауыстырылған. Бұл жұмыстар әзірге 3 өңірде толық аяқталған (Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстары) және 7 өңірде ішінара өткізілген (Астана қаласы, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары). Бұл мәселені шешу полиция қызметкерлерінің еңбекақысын көтеріп қана қоймай, кадр құрамының сапасын жақсартуға, кадр тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осыған байланысты, ІІМ әрбір облыс орталығында, ірі қалаларда полиция қызметкерлері үшін отбасылық жатақхана салу туралы бірнеше рет мәселе көтерді. Бұл жерде Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің тәжірибесі үлгі болады. 2 жыл ішінде бір жатақхана салып, пайдалануға берді. Және екінші жатақхананың құрылысын бастады.

Халықпен жұмыс істеудің жаңа форматы
Ішкі істер органдарына қатысты үшінші мәселе бойынша Президенттің айтқаны – «халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізіп, полицияны бағалаудың критерийлерін түбегейлі өзгерткен жөн». Кейде жекелеген азаматтардың әлденеге көңілі толмауы мүмкін. Егер оның талап-тілегінің үдесінен шығуға тиіс деп есептелінетін мемлекеттік қызметкерлер жаңағы азаматтың өтінішін ескермесе, шаруасын шешіп бере алмаса, бұл жағдайда жалпы жұртшылық арасында мемлекеттік деңгейде жұмыс дұрыс жасалмаған деген пікір туындауы әбден мүмкін. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметкер өз міндетіне асқан жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Президент: «Полицияның жұмысын сервистік модельге көшіру қажет», – деді. Әлбетте үлкен жетістіктерге жетіп, биік көрсеткіштерге ие болу үшін реформадан қорықпау керек, реформаларды жүзеге асыруда мемлекеттік аппараттардың маңызы қашанда зор, сондықтан мемқызметшілерге жаңа міндеттер жүктелді. Ал, реформалардың табысты болуы алдымен құқық үстемдігіне байланысты екендігін айтты.
Елбасының: «Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек», – дегені зайырлы қоғам құрамыз дегенді мақсат еткен кез келген мемлекеттің басты ұстанымы болуға тиіс. Соңғы кездері ішкі істер органдарында бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Елімізде жалпы алғанда көптеген қылмыс түрлері төмендеуі осының көрсеткіші. Халық басына әлдеқалай қиын жағдай туындаса, бірден полицейден көмек сұрайды. Жасалып жатқан жұмыстар, көрсеткіштер мен нәтижелер бұл саланың үздіксіз қарекет үстінде екенін нақтылайды.
Мысалға айтар болсақ, Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, аса ауыр (-4,9%), ауыр (-17,1%), сондай-ақ, орташа (-7,6%) және ауыр емес (-10,3%) қылмыс түрлерінің саны азайған. Оның ішінде: ұрлық (-8,7%), тонау (-9,9%), бұзақылық (-17,2%), зорлау (-17,8%) және басқа қылмыстар. Бұрын сотталғандар жасаған (-34,8%), сондай-ақ кәмелетке толмағандар (-4,3%) жасаған қылмыстар саны да азайғаны байқалады. Қоғамдық орындардағы қылмыс (-8,3%), оның ішінде көшелерде (-4,8%), мас күйде (-10,9%) және атыс қаруын (-5,6%) пайдалану арқылы жасалған қылмыстар төмендеген.
«Қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанында Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасау қажет», – деді Президент. Бүгінгі таңда «бір терезе» қағидасы өзінің нәтижелілігін көрсетті. Нәтижелілік барлық салада, барлық істе басты критерий болуға тиіс. Мысалы, қылмысқа қарсы күресте профилактика басты бағыт болып табылады. Және бұл шаруа тек полицияға қатысты емес. Қанша жерден арнайы комиссия шешімдері немесе министрлік бұйрықтары шығарылса да, жергілікті полиция мен әкімдіктер тығыз байланыста жұмыс істемесе, іс алға баспайды.
ІІМ-нің жергілікті полицияның өңірлік әкімдермен бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесі – бұл құқық бұзушылық профилактикасы, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары.
Жалпы саны 25 мыңды құрайтын жергілікті полиция қызметіне учаскелік полиция инспекторлары, жол-патрульдік, ювеналдық, табиғатты қорғау полициясы, сондай-ақ, әкімшілік жауапкершілік бойынша ұсталған адамдарға арналған арнайы орындар, белгілі тұрақты жері жоқ адамдарға арналған қабылдау-тарату орындары біріктірілген. Жергілікті полиция құрылған кезден бастап (2016 жылғы қаңтар) материалдық базасы әкімдердің қолдауымен автокөлікпен, байланыс құрылдарымен, компьютерлік техникамен айтарлықтай күшейтілді. 2016-2017 жылдары жергілікті полицияны жабдықтауға жергілікті бюджеттен 6,5 млрд.-тан астам теңге бөлінген.
Президент тапсырмасына орай, алдағы уақытта еліміздің бүкіл қалаларын қоғамдық қауіпсіздікке мониторинг жүргізу жүйелерімен жабдықтау көзделуде. Қорыта айтқанда, ішкі істер органдары саласында атқарылған шаруа аз емес, жағымды нәтижелер де жоқ емес, дегенмен алдағы уақыттың еншісіндегі жоспарлар мен тындырлып, ел игілігіне қызмет етуі тиіс қыруар істер де баршылық. Осы қыруар шаруаны атқаруы тиіс мемлекеттік органдар Президенттің өзі ескертіп өткендей, осының бәрін тек жалақыны көбейту ғана емес, бәрінен бұрын, жұмыстарының тиімділігін арттыру деп түсінуі міндетті.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*