Темір тордағы оңалту жұмыстары

Дін – күрделі де нәзік сала. Ал дінді дұрыс түсінбей, соның салдарынан ұстанған бағыты беймәлім жат ағымдардың шырмауына түскен жандарды дәстүрлі Ислам бағытына қайтару – қиынның қиыны. Осындай жауапкершілігі мол жұмыс атқаратын теолог мамандардың қатары Батыс Қазақстан облысында енді-енді көбеюде.
Бүгінде облыстық дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарып жүрген Мақсат Раманқұлов осы қызметке келгелі өңірдегі теологтарды көбейту жұмысын алға қойыпты. Солардың алдыңғы легі – Қазан федералды университетінің теология магистратурасын тәмамдаған үш маман Батыс Қазақстанға жұмысқа келген. Соның бірі – басқарманың діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің басшысы, теолог Азамат Төлепов. Ол 2018 жылдың наурыз айынан бері облыстық дін істері басқармасында қызмет етеді. Кейіпкеріміз басқармадағы жұмысын әріптестерімен бірге Оралдағы оқу орындарындағы дінге бет бұрған студенттермен жеке-жеке кездесуден бастаған екен. Айтуынша, теріс діни ағымдардың жетегіне еріп, адасып жүрген тұлғалармен жұмыстану, қоғамда профилактикалық жұмыстар жүргізу – саладағы басқа қызметкерлерден гөрі теологтардың білімін көптеп қажет етеді.
Соңғы уақытта облыстық дін істері басқармасы экстремизм мен терроризм баптары бойынша сотталған жазасын өтеушілермен тікелей жұмыстану жобасын жолға қойды. Біз теолог маман Азамат Нұғманұлына алғашқы сауалымызды осы жоба жөнінде қойдық.
– Бүгінге дейін қылмыстық атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі экстремизм және терроризм әрекетіне қатысты қылмысты болған сотталушыларды толықтай қамтыған жеке кездесулер өткіздік. Олардың ішінен кімнің дұрыс жолда жүргенін, кімнің дәстүрлі дінге деген көзқарасы өзгергенін, бұған не себеп болғанын анықтадық. Көп жағдайда бұған дейін теріс дінді уағыздап келген сотталушылардың өз ойын дұрыс бағытқа өзгертуіне теологтар ықпал еткен. Біз оларды жазасын өтеу мерзімі ішінде қоғамға бейімдеп, қалыпты өмірге қайтаруымыз керек, – дейді ол.
Белгілі болғанындай, теологтар жат ағымды насихаттаймын деп темір торға тоғытылған азаматтарды оңалту үшін өз білімдері мен тәжірибелерін сарқа жұмсайды. Мысалы, оларға діни әдебиеттер мен бейнеүзіктер ұсынады, не болмаса діни тұрғыда сауатты түрде түсіндіреді. Соңында оң нәтижеге қол жеткізген мамандар үшін бұл жұмыстың оңайға соқпасы анық. Бұл шаралар әлі де жалғасын табады.
Жалпы бұл шаралардың барлығы ҚР-да діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған. Бұл бағдарлама кейін 2018-2022 жылдарға дейін ұзартылған.
Дін істері басқармасында түзеу мекемелерінен босап шыққан тұлғалармен де жұмыстану жолға қойылған. Олармен теологтар бейресми кездесулер ұйымдастырады. Бір кездері ел заңына бағынбай, радикалды топтарды жақтаймын деп жазаға іліккен азаматтар түрмеден босап шыққан уақытта көзқарастарын мүлдем өзгертеді екен. Осындай айғақты деректерге қарап, теріс діни ағымдардың қаншалықты қауіпті екенін жерлестеріміз түсінді деуге болатын шығар. Алайда, арқаны кеңге салуға тағы болмайды.
Халық арасында діни сенімі осал көп азаматтардың Сирия асып кету оқиғалары да дүрбелең туғызғаны жасырын емес. Осы ретте теолог маман А. Төлеповтен бұл жағдай бүгінде қаншалықты бәсеңдегенін білдік.
– Біз Сирияға қанша адам кетіп қалғанын, ол жақта нендей жағдай болып жатқанын білмейміз. Бірақ, ол жақтан үш-төрт отбасы елге аман-сау оралды. Бұл жанұялардың балалары әлі кішкентай болғандықтан, олардың көзқарасын зерттеп білу мүмкін емес. Бірқатар ерлі-зайыптылар өздерінің діни көзқарастарын дұрыс арнаға бағыттап, қалыпты өмір сүруде. Әрине, Сириядан келіп Қазақстанның заңнамасын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған отбасы мүшелері де бар. Біз дін істері басқармасы немесе жергілікті әкімдік тарапынан бұл жанұяларға көмектесіп, қолдау көрсетіп тұрамыз, – деді Азамат Нұғманұлы.
Биылғы жаңа оқу жылында басқарма ұжымы білім ошақтарындағы профилактикалық жұмыстарды колледждерден бастауды жоспарлауда.
Бір қуантарлығы, Батыс Қазақстанға теологтар тағы да келеді деп күтілуде. Әрине, өзге өңірлермен салыстырғанда біздің облысымызда теолог мамандар аздық етеді. Бізбен сұхбаттасқан Батыс Қазақстан облысы Дін істері басқармасының бөлім басшысы, теолог маман Азамат Төлепов әріптестерінің қатары молайса, қолға алар жұмыс көп екенін жасырмады. Ең бастысы, жекелеген азаматтармен жұмыстануды күшейту көзделуде.
Сөз соңында өңірдегі діни ахуалдан хабардар еткен Дін істері басқармасының қызметкері А. Төлепов аймақта жағдай тұрақты екенін жеткізді.
– Қазақстанда 18 конфессия болса, соның тоғызы Батыс Қазақстанда бар. Жалпы 77 діни бірлестік заңды түрде тіркеліп, жұмыс жасауда, – деді Азамат Нұғманұлы.
Қазақстанның дін саласындағы мемлекеттік саясаты – әлем елдеріне үлгі. Бір шаңырақ астындағы барлық дін өкілдерінің татулығы, дін саласындағы профилактикалық жұмыстар – әлемдік тәжірибеге айналған. Мұны кейіпкеріміз де растады. Тағы бір дәлел – елімізде үш жыл сайын ұйымдастырылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының саммиті. Елдегі ауызбіршілік пен тұрақтылықты сақтау – ең басты міндет. Қарапайым жұртшылық та елдегі бейбітшіліктің бұзылмауын тілейді. Дін саласындағы білімді де білікті теолог мамандардың сүбелі жұмысы бұған негіз болары сөзсіз.

Ләззат ҚАЖЫМОВА, Орал қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*