Қызылжардағы «ақылды» қиылыстар

Петропавлда «ақылды» көше қиылыстарында 600-ден астам Жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайы тіркелді.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы – Петропавл қаласында 7 «ақылды» көше қиылысы жұмыс істейді. Мир және Абай, Интернационал және Жамбыл, Интернационал және Астана көшелерінің қиылыстары «Интеллектуалды көше қиылысы» бақылау жүйесімен жарақталған. Жылдамдық режимі мен бағдаршамның тыйым салынған түсіне өту бұзушылықтарын «Мираж» жүйесі тіркейді. Бұл жүйе Жамбыл мен Сүтішев, Мир мен Интернационал, Жамбыл мен Партизан, Жамбыл мен Мүсірепов көшелерінің қиылысында орнатылған. Бұл құрылғылардың техникалық мүмкіншіліктері қарапайым бейнебақылау камераларына қарағанда Жол қозғалысы ережелерін автоматты түрде тіркеп, мәліметтер базасынан ереже бұзушының мемлекеттік нөмірін жылдам анықтайды.
«Мұндай көше қиылыстары өз жұмысын бастаған жылы тәулігіне 300-ге тарта Жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісін тіркеді. Қазір күніне 3 немесе 4 жағдай тіркеледі. Жол ережелерін бұзатындардың басым бөлігі сырттан келетін жүргізушілер», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Оспанов.
Бұл тәжірибе осындай қондырғыларды барлық көшелерде орнату қажеттігін көрсетіп отыр. Солардың арқасында жүргізушілер бұрынғыға қарағанда жол үстінде тәртіпті болып, ереже бұзуды азайтып келеді.
Жыл басынан «ақылды» көше қиылыстарында барлығы 639 ереже бұзу тіркелді. Олардың 465 фактісінде жүргізушілер тоқтау сызығынан өтіп кеткен. Сондай-ақ, жылдамдықты асырудың – 163, бағдаршамның қызыл түсіне өтудің – 11 фактісі тіркеліпті.

Петропавл қалалық ІІБ баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*