Төрт аяқты көмекшілер

Солтүстік Қазақстан облысында полицияның «төрт аяқты көмекшілері» 500-ден астам қылмысты ашуға көмектесті.
Бүгінде солтүстікқазақстандық полицияда 43 қызметтік-іздестіру иті жұмыс істейді. Олардың 17-сі облыс аудандарында, өзгелері облыстық ІІД Кинологиялық қызмет оралығында. Жұмыстың негізгі бағыты – есірткі және жарылғыш заттарды, күдіктілерді іздері, иістері арқылы іздеп табу.
…Қылмыскер түн ішінде Петропавлдағы кәсіпорындардың бірінің қоршауынан өтіп, оның аумағына еніп, құны 34 мың теңге болатын металл бұйымдарды қолды қылған. Кәсіпорын иесі ұрлық болғанын таң атқан соң ғана біліп, бірден полицияға хабарласқан. Қылмыскерді іздестіруге Дана есімді ит пайдаланылды. 8 жылдық тәжірибесі бар неміс овчаркасына бұл қиын болған жоқ. Ол бірден ізге түсіп, кіші инспектор-кинолог, полиция старшинасы Марал Құсайынов пен жедел-тергеу тобының мүшелерін жақын маңдағы металл қабылдау пунктіне алып келіп, ұрланған бұйымдар осы жерден табылды.
Көп ұзамай күдікті де анықталды. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 188-бабының 2-бөлігі – «Ұрлық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Бұл баптың санкциясы 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Мұндай мысалдар аз емес. Жыл басынан қызметтік-іздестіру иттері 1691 рет қолданылды. Олардың мыңнан астамы – есірткі заттарын іздеу бойынша. Төрт аяқты көмекшілердің иіс сезгіштігі 574 қылмысты, оның ішінде 463 ұрлықты, 25 тонауды және 2 қарақшылық шабуылды ашуға көмектесті.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*