Жеңімпаз командаға – «Lаdа Grantа»

Жуырда Павлодар облыстық Ішкі істер департаментінде жедел бөлініс қызметкерлерінен құралған 11 команда қатысқан спартакиада өтіп, бас жүлдені еншілеген құрамаға «Лада Гранта» көлігі сыйға тартылды.
Спартакиада бағдарламасы тартымды да қызықты болды. Командалар арқан тарту, қару ату және шағын футболдан бақ сынасты.
Спартакиада шымылдығын облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мыңбай Асылбеков ашып, қатысушы командаларға сәттілік тілеп, жақсы ойын көрсететіндеріне сенім білдірді.
Автокөлік жеңіп алуға ұмтылған спартакиада қатысушылары арасында жоғары деңгейдегі спорттық бәсекелестік пен достық сезім айқын көрінді. Ойынға келген жанкүйерлер де өз командаларына қолдау көрсетіп, белсенділік танытты.
Жарыс барысында жекелей және командалық есепте жеңімпаздар анықталды. Шағын футбол бойынша бірінші орынды қазылар алқасы аудандық ІІБ құрамасының қанжығасына байлады. Екінші орын Павлодар қалалық ІІБ ОПБ командасына, ал үшінші орын Екібастұз қалалық ІІБ командасына бұйырды.
Тир сайысына командадан бір қызметкер қатысты. Нысанаға ату бойынша ІІД ЕҚҚБ қызметкері Қалижан Нұрғазинов ең үздік деп танылды. Елеулі екінші орынды Павлодар қалалық ІІБ ОПБ қызметкері Диас Зарипбаев, үшінші орынды Екібастұз қалалық ІІБ-нан Азамат Смағұлов еншіледі.
Кермеге тартылу бойынша жеке сайыста Павлодар қалалық ІІБ командасының мүшесі Данияр Баймағамбетов өз қарсыластарын артта қалдырса, екінші орын Екібастұз қалалық ІІБ қызметкері Дәулет Тұңғышевке, үшінші орын Павлодар қалалық ІІБ ОПБ қызметкері Руслан Нүсіповке бұйырды.
Шағын футболда «Үздік шабылдаушы» номинациясымен Павлодар қалалық ІІБ ОПБ қызметкері Бақтыбай Байбуринов, «Үздік қорғаушы» номинациясымен аудандық ІІБ қызметкері Ренат Сәдуақасов, «Үздік қақпашы» номинациясымен Екібастұз қалалық ІІБ қызметкері Дамир Мәдиев, «Үздік ойыншы» номинациясымен Павлодар қалалық ІІБ бастығы Бағлан Байбуринов марапатталды.
Жалпыкомандалық есепте барлық сайыстардың қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған Орталық полиция бөлімінің командасы алтын жүлдегер атанып, «Lаdа Grantа» қызметтік автокөлігінің кілтіне ие болды. Екінші орын алған Екібастұз қалалық ІІБ плазмалық теледидарға ие болды. Ал үшінші орынды қанжығалаған аудандық ІІБ құрама командасына компьютер бұйырды.
Сайыстың барлық деңгейлерінде тәртіп сақшылары күш-қайратты бойға жиған, білекті де күші тасыған, жеңіске ұмтылған жігерлі ойыншылар екендігін және қызметте осындай қызметкерлер болу керектігін дәлелдеді.
Жеңімпаздар мен сайысқа қатысушылар бағалы сыйлықтар және грамоталармен марапатталды.

 

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*