Алдымен – сапа, одан кейін – баға

Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалағымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда депутаттар талқысына ұсынылды.
Онда депутаттар әскери қызметшілердің тамақтануын қамтамасыз ету бойынша көрсетілетін қызметтерді «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның қолданылу аясынан шығаруға бағытталған түзету енгізген болатын. Оның орнына мұндай көрсетілетін қызметтерді қазір мектептерде оқушылардың тамақтануын қамтамасыз ету процесінде жасалып жатқандай, ерекше тәртіппен сатып алу ұсынылды.
Осы орайда, Мәжіліс Төрағасы Н. Нығматулин бұл ұсыныстың әскери мекемелерге лайықты екенін алға тарта келіп: «Бірақ та, бұл жерде бір үлкен мәселе бар. Ол демпинг мәселесі. Мысалы, тәжірибе көрсеткендей, бірқатар ауруханаларда, мектептерде осы демпинг бағамен алынған тамақтарда ешқандай сапа жоқ. Ертең әскери мекемелерде осындай жағдай болуы мүмкін. Сондықтан осы мекемелерге (мектептерге, ауруханаларға, әскери орындарға) ешқашан демпинг бағаны қолдануға болмайды», – деді. Аталған әлеуметтік нысандарды тамақпен қамтамасыз етуде алдымен сапаға, одан кейін бағаға назар аудару керектігін баса айтқан Н. Нығматулин айтылған ұсынысты екінші оқылымға дейін тағы бір мәрте тыңғылықты қарау керектігін ескертті.
Мәжіліс Төрағасы бұл Заң туралы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алтыншы шақырылған Парламенттің төртінші сессияның ашылуында айрықша назар аударғанын атап өтті. Мәжіліс Төрағасының пікірінше, заң жобасы мемлекеттік сатып алуларды жеңілдетуге, олардың тиімділігін арттыруға, сонымен бірге, жемқорлыққа жол бермеуге бағытталған. Н. Нығматулин: «Үкімет мүшелері, депутаттық корпус енгізген өзгерістер қылмыстардың алдын алуға және осы сұрақтарды талапқа сай жетілдіруге зор ықпал етеді деп сенеміз. Сондықтан бүгінгі айтылған ұсыныстарды назарға ала отырып, заң жобасын екінші оқылымға жан-жақты дайындауымыз керек», – деді.
Айта кетейік, Заң жобасында мемлекеттік органдардың электрондық сатып алуының және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуының ақпараттық жүйелеріне қол жеткізудің бірыңғай нүктесін құру болжанады. Ол кәсіпкерлердің бір порталдан барлық сатып алу бойынша тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге жалпы қажеттілік көлемін айқындап алуына мүмкіндік бермек.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*