Әзербайжанмен ынтымақтастық кеңеюде

28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылық бастаған әскери делегация өкілдері Әзербайжанға ресми сапармен барып қайтты.
Сапар барысында қазақстандық делегация алдымен Құрмет аллеясына табан тіреп, Әзербайжан елінің көсемі Гейдар Әлиевтің қабіріне гүл шоқтарын қойды.
Сондай-ақ, Қазақстан елінен келген меймандар Шейіттер аллеясын аралап, «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтарын қою арқылы Әзербайжанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы жолында шейіт кеткен қаһармандардың рухына тағзым етті.
Содан кейін генерал-лейтенант Р. Жақсылықов бастаған делегация мүшелері алдымен Әзербайжан Ішкі істер министрі, генерал-полковник Рамиль Усубовпен, кейін Әзербайжан Ішкі істер министрінің орынбасары – Ішкі әскер Қолбасшысы, генерал-лейтенант Шахин Мамедовпен кездесу өткізді.
Кездесу аясында Ш. Мамедов Қазақстан Ұлттық ұланы мен Әзербайжан Ішкі әскері арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, осындай жылы шырайлы кездесулер екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Тараптар екі елдің әртүрлі бағыттағы өзара тиімді ынтымақтастығы Әзербайжан мен Қазақстан мүдделеріне жұмыс істейтінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, меймандарға Әзербайжан Ішкі әскерлерінің құрылымы, дамуы және жауынгерлік жолы туралы баяндалды.
Генерал-лейтенант Р. Жақсылықов өз кезегінде жоғары деңгейлі қабылдауға алғысын білдіріп, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы байланыстың, оның ішінде құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіндегі қарым-қатынастарды нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Екіжақты кездесу барысында басқа да мәселелер қарастырылды. Соның ішінде, әзербайжандық тарап жауынгерлерінің қазақстандық «Күрең беретті» кию құқығына арналған біліктілік сынақтарына қатысуы, Арнайы мақсаттағы бөлімшелерді жауынгерлік және әдістемелік дайындау орталығында оқыту, Таулық дайындықта тәжірибемен алмасу мен несиелік бағдарламалар арқылы Ұлттық ұлан жауынгерлерінің баспана мәселесін шешуге бағытталған тәжірибесін зерттеу мәселелері сөз етілді.
Сапар соңында қазақстандық делегация арнайы-тактикалық оқу-жаттығуға қатысып, Әзербайжан Ішкі әскері Жоғары мектебін, Баку қаласындағы әскери бөлімді, Гейдар Әлиев орталығын, Әзербайжан елінің тарихи және мәдени ескерткіштерін аралады.
Шара қорытындысы бойынша 2019-2020 жылдарға арналған екіжақты әскери ынтымақтастық жоспарын бекіту мен жетілдіру бойынша және құрылуы тиіс «Құқық қорғау органдарының әскери ведомстволары және әскери мәртебесі бар құқық қорғау органдарының Еуразиялық қауымдастығы» ұйымы аясында жұмысты одан әрі жалғастыру бойынша келісімдер мақұлданды.

Ұлттық ұлан баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*