Нашақорлық – қауіпті індет

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының терминологиясында нашақорлықтың алдын алу түсінігі бар. Яғни жастарға нашақорлықты әуес болудың өте зиян екендігі айтылады. Нашақорлық – өз болашағыңа балта шабу деген сөз.
Астанада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің ұйымдастыруымен астаналық наркология және психотерапия орталығымен бірлесіп синтетикалық есірткілерді тарату мен тұтынудың салдары жөнінде «Нашақорлықтың алдын алу шаралары» тақырыбында бірінші курс студенттерімен кездесу өтті.
Адам ағзасы қызметіне орны толмас зиян келтіріп қана қоймай, ауыр психикалық және бас миының зақымдануына әкеп соғатын жаңа психобелсенді заттарды тұтынудың ауыр салдары студенттерге түсіндірілді.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлері студенттерге нашақорлықтың зияны, оның адам ағзасына тигізер зардабы жайлы кеңінен баяндап, есірткі қылмысын жасағандарға қатысты қолданылатын жаза түрлері жөнінде де ескертіп өтті. Аталған акцияға 200-ге тарта студент қатысты.
Кездесу барысында Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің профилактика бөлімінің бастығы Зульфия Якупова синтетикалық есірткілерді тұтынудың профилактикасы ата-аналардың қатысуымен, полицияның, денсаулық сақтау және білім орындарының тығыз өзара іс-қимыл жасасуда жүргізілетіндігін атап өтті.
Астана медициналық университеті Психиатрия және наркология кафедрасының дәрігері Тоқтар Қойшыбеков нашақорлыққа жастардың тез бейімделуі патомінез ерекшелігіне байланысты болатынын атады. Яғни, тұрақсыз, қызба мінезді, әлеуметтік және психикалық нормаларға бейжай қарайтын, депрессияға жиі ұшырайтын, әлеуметтің негізгі талаптарына негативті көзқарастағы жеткіншіктер есірткінің арбауына тез түсетінін түсіндірді.
«Нашақорлық – ең қиын дерт. Одан адамның бүкіл ағзасы уланады. Ақыл-есі ауытқиды. Нашақорлықты бір бастаған адам оны сосын оңай тастап кетуге болады десе, қатты қателеседі. Және де бұл ең ауыр қылмыс түріне жатады. Біз адамдар телефонымызға антивирус орнатамыз ғой, неге солай ақыл-есімізге, денсаулығымызды қорғамаймыз, неліктен уақытша ләззатқа жол береміз?! Адам психикасы – ең басты байлығымыз, жастар, осыған баса мән берейік», – деді нарколог-дәрігер.
Шара барысында Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Берікхан Нұрғалиев: «Қазір есірткінің түр-түрі шығып жатыр, соның бәрі де адам денсаулығына, психикасына зор қауіп төндіреді. Синтетикалық есірткіге тәуелді адамдар әрі кеткенде 5-6 жыл ғана өмір сүреді, оның өзін есірткіге тәуелді болған сәттен бастап итшілеп өткізеді. Ұлт денсаулығының басты кепілі сіздерсіздер, сіздер дұрыс жолда жүрсеңіздер, еліміздің болашағы да жарқын», – деп жастарға ақыл-кеңес берді.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, жасқұрақ-жастарымызды нашақорлықтан сақтандыру үшін осындай дәрістердің жиі өткізіліп тұрғаны жөн.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*