Қарттарым – асыл қазынам

Тәртіп сақшыларының тәжірибесін жетілдіру мен жас қызметкерлерді тәрбиелеуде ішкі істер органдарындағы Ардагерлер кеңесінің рөлі орасан. Полиция бөліністеріндегі кез келген іс-шара көргені көп, айтары мол ардагерлердің қатысуынсыз өтпейді. Сондықтан да 1 қазан – Қарттар күні ішкі істер саласында кең көлемде аталып өтеді. Биыл да атаулы күнде полиция қызметкерлері аға буынға алғысын білдіріп, сый-құрмет көрсетті.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД
Облыстық ішкі істер органдарының 80 ардагері Қарттар күніне арналған салтанатты іс-шарада марапатталды.
Мерекелік іс-шара Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары солтүстікқазақстандық милиция қатарында қызмет еткен ардагерлерге арналған обелискіге гүл шоқтарын қоюдан басталды. Бүгінгі таңда ішкі істер органдарының қатарында алты майдангер бар. «Менің әкем Ұлы Отан соғысының қатысушысы. Соғыстан кейін ол ішкі істер органдарына қызметке түсіп, бар өмірін осы салаға арнады. Зейнетке шықса да, Ішкі істер департаментінің қызметкерлері оны ұмытпай, үнемі мерекелерде құттықтап отыратын. Әкемнің ізін жалғастырып, өзім де ішкі істер органдарында қызмет атқардым. Әкем секілді, мені де ұмытпай іс-шараларға шақырып отырады. Осындай еңбек жолы бар әкемді мақтан тұтамын», – дейді ішкі істер органдарының ардагері Марат Смағұлов.
Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне полиция ведомствосының басшылығы мен жеке құрамы құрметпен қарайды. «Қазіргі Қазақстан – экономикасы дамыған тәуелсіз мемлекет. Мұнда тұрақтылық пен қауіпсіздік – қазақстандықтардың әл-ауқатының кепілі. Бұған құрметті ардагерлер, Сіздер зор үлес қостыңыздар. Ұрпақ сабақтастығын нығайту, сіздердің жастарға беретін білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз, Отанға деген махаббат пен отансүйгіштік сезімдеріңіз біз үшін өте маңызды», – деп атап өтті ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қапез Дәулетбаев.
20 жылдан астам өмірін құқықтық тәртіп органдарындағы қызметке арнаған зейнеткерлерге марапаттарын табыстай отырып, ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов те ардагерлерге кәсібиліктері мен еңбекқорлықтары үшін алғысын білдірді. 10 жас қызметкер аға буын алдында өздерінің алғашқы офицерлік шендеріне ие болды. Ардагерлер жас мамандарға полиция қатарында мінсіз қызмет атқаруға кеңес беріп, ақ жол тіледі.

Динара САҒЫНДЫҚОВА

Ақтөбе облыстық ІІД
Халықаралық Қарттар күніне орай ақтөбелік тәртіп сақшылары мерекелік іс-шара ұйымдастырды.
Ардагерлерді Ақтөбе облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Андрей Хайрулин мен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Дәулеталин құттықтады.
Ішкі істер органдарының бір топ ардагері ұзақ жылғы адал еңбектері мен қоғамдық өмірде танытқан белсенділіктері үшін Ақтөбе облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Махамбет Абисатовтың атынан Алғыс хатпен марапатталды.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысында ІІО мен Ұлттық ұланның 2 мыңнан аса ардагері бар. Оның ішінде үшеуі – Ұлы Отан соғысының ардагері мен 25-тен астамы – тыл ардагері. Көптеген тәртіп сақшылары зейнеткерлікке шықса да, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, жастарға тәлімгер болып жүр.

Қызылорда облыстық ІІД
Айтулы күнге орай, қызылордалық полицейлер салтанатты іс-шара өткізді. Іс-шараға ішкі істер органдарының ардагерлері, департамент және басқарма басшылары мен жеке құрам қатысты.
Қарттар күні мерекесімен қатар, ішкі істер органдарының ардагерлері, Қызылорда қалалық ІІБ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Алмағамбетұлы 75 жасқа және Арыстанбек Омаров, Сәрсенбай Омаров, Әмірхан Сағымбаев мерейлі 70 жасқа толып жатыр.
Өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде алып бәйтеректей бір әулеттің ақылшы тірегі, ұжымның арқа сүйер ардагерлерін Қызылорда облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Анарбаев құттықтап, алғыс білдірді.
Облыстық ІІД жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбол Тұңғышбай және Қызылорда қалалық ІІБ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Алмағамбетұлы ардагер Жайлаубай Әбішевті 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, «ҚР ІІМ-нің құрметті ардагері» төсбелгісін тақты.
Сонымен қатар, шара барысында Қызылорда облысы ішкі істер органдарының зейнеткерлерін марапаттау туралы департамент бастығының бұйрығына сәйкес, облыстық ІІД-нің Құрмет грамотасымен Жетібай Шалғынбай, Ертай Әбдіқалықов, Ерғали Бекішев, Бозжан Бекетов, Сағынбек Қуатбай, Леонид Пак, Әмірхан Сағымбаев, Қожабек Алмағанбетов, Сәрсенбай Оспанов, Сейітбек Ерсейітов марапатталды.
«Нұр Отан» партиясы атынан аудан орталықтарынан келген ардагерлер Сәбит Әлжанов, Төребай Жүсіпбаев, Нұғман Аманов, Темірхан Делманбетов, Берікбай Байжановқа алғыс хаттар табысталды.
Салтанатты іс-шара полиция қызметкерлері дайындаған мерекелік концертке ұласты. Ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытқан ардагерлер өз кезегінде іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Қызылорда облысы ҚАЖД
Жыл сайын бұл күні елімізде өнегесі мен өлшенбес даналықтарын бойына жинаған қарттарымыздың мерекесі ерекше тойланады. Қарияларға құрмет көрсету – халқымыздың мінезіне, болмысына біткен қасиет. Осындай игі шараға ҚАЖ департаменті ұжымы да біркісідей атсалысып келеді.
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай департамент бастығы, әділет полковнигі Ғ. Отарбаевтың ұйытқы болуымен Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті мен оған қарасты мекемелер ұжымы қаламыздағы Қарттар үйіне барып және осы саладан зейнеткерлікке шыққан қарияларымызды мерекелерімен құттықтап, оларға әлеуметтік көмек көрсетті.
Саналы ғұмырларын еліміздің өсіп-өркендеуіне арнаған қарттарымыздың өмір жолдары – бүгінгі жас ұрпаққа түгесілмес қазына. Қаламыздағы Қарттар үйіне департамент бастығының орынбасары, әділет майоры Т. Тұрсынбаев, Ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Жамуров, жеке құрам қызметкерлері барып, қарияларымызды мерекемен құттықтап, тілектерін жеткізді. Көпті көрген қарттар департамент ұжымына өз ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
ЗК-169/1, ЗК-169/4, ЗК-169/5 мекемелерінің ұжымы ақ жаулықты ардагер анамыз Роза Кеңесқызының, тыл ардагері, батыр ана Х. Даутбаеваның және сала ардагерлері Батырхан Тілеубеков пен Мәулен Тұрғанбайұлының шаңырақтарына барып, азық-түлік өнімдері мен күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды табыс етті. Самайын ақ шалып, жүзін уақыт әжімі торлаған ақ жаулықты аналарымыз бен аталарымыз ұжымның осындай пейілдеріне риза болып, шын жүректен шынайы алғысын білдіріп, қызметтеріне сәттілік білдірді. Қарияларымыз қуанып, көңілдері көтеріліп бір марқайып қалды.

Дана ДОСТАНОВА

Батыс Қазақстан облысы ТЖД
Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметіне қарасты №3 Өрт сөндіру бөлімшесі қызметкерлері Қарттар күніне және 80 жылдық мерейтойына орай Константин Толоконниковті үйіне барып құттықтады.
Константин Петрович өртке қарсы қызмет ардагері, 27 жылдан астам өрт сөндіру автокөліктерінің жүргізушісі болып қызмет атқарды. «Өрт күзетінің үздігі» белгісімен марапатталып, «Қазақстанның үздік жүргізушісі» атағына ие болған. Қазіргі күнге дейін ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі. Ол кісі азаматтық қорғау органдарындағы жас қызметкерлерге үлгі.
Қызмет басшылығы мен жеке құрамы барлық ҰОС, тыл және азаматтық қорғау саласы ардагерлерін, сонымен қатар, облыстың қарияларын осы мерекемен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейді.

Павлодар облысы ТЖД
Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Кәсіби даярлау мектебінде Төтенше жағдайлар министрлігінің құрметті ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы құтқарушылар әнұранының авторы Сырым Рахымовты еске алуға арналған іс-шара өтті.
Сынып сағатына Кәсіби даярлау мектебінің тыңдаушылары шақырылды. Кездесуді Кадр жұмысы бөлімінің қызметкері, азаматтық қорғау подполковнигі Елена Шевелева ашты. Аудитория үшін осы құрметті адамның өмірбаяны слайд арқылы көрсетілді.
Кейін жас қызметкерлер бірінен соң бірі Сырым Рахымовтың шығармаларын оқып берді. Ақынның көптеген шығармалары орыс тілінде жазылған. «Сырым аға тамаша отбасы және сенімді серіктес болды. Ол жас мамандармен өз тәжірибесімен бөлісіп, өздері таңдаған мамандығының маңыздылығы туралы, күнделікті өмірде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін адамдардың ерлігі мен ар-намысы туралы айтып, тәуліктің кез келген уақытында дереу көмекке келетін», – деп еске алады әріптестері.
Ол өз жұмыстары мен құтқарушы мамандығына берілгендігінің арқасында әрқашан біздің жадымызда қалады.
Іс-шара соңында қатысушылар құтқарушылардың әнұранын шырқап, Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғау қызметкерлерінің күнделікті қызметі туралы бейнероликті тамашалады.

Ақтөбе облысы ТЖД
Халықаралық қарттар күніне орай Ақтөбе облысы ТЖД бөлімшелерінің ардагерлері үшін салтанатты жиналыс ұйымдастырылып, оған көп жылдар бойы құтқару бөлімшелерінде жұмыс істеген зейнеткерлер шақырылды.
Салтанатты жиында өртке қарсы қызметте ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған және осы жерден құрметті демалысқа шыққан, мерекеге шақырылған зейнеткерлер алдында «ТЖ бөлімшелерінің ардагерлері ұйымы» Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы Бегендік Айтқұлов құттықтау сөз сөйледі.
Бегендік Таскентұлы қарияларға адал еңбегі мен кәсібі үшін алғысын білдірді. Мереке құрметіне ардагерлерге ақшалай сыйлықтар берілді.
Ал бір күн бұрын Ардагерлер кеңесінің төрағасы мүгедек зейнеткерлердің үйлеріне барып, ақшалай сыйлықтар табыс етті.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*