Қорғаны мықты елдің ұйқысы тыныш

Қандай қоғамда, қай кезеңде болмасын көпшіліктің арасында қабылданған заңдылықтарға, әлеуметтік-қоғамдық қағидаларға қайшы келетін іс-әрекеттің болатыны белгілі. Біз бұны «қылмыс» дейміз. Осы қылмыс атаулының барлығы біреудің яки қоғамның мүддесіне қарсы келіп, тіпті олардың құқықтары мен қажеттіліктерін аяқасты етіп жатады. Сол себепті де, ол – қашанда қоғамдық дерт! Осы дертпен күндіз демей, түн демей барын салып күресетін құқық қорғау қызметкерлері екені әмбеге аян.
Осыған орай, қаламыздың қылмыстық ахуалы мен олардың алдын алу үшін қандай шаралар жүргізіліп жатқандығын білу мақсатында Қарағанды қалалық ІІБ бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Шахназар Салинді әңгімеге тартқан едік.
Шахназар Әбдашімұлы, әңгімемізді Қарағанды қалалық ІІБ тыныс-тіршілігінен бастасақ…
– Біздің басқармада 400-ге тарта тәртіп сақшысы тынымсыз еңбек етуде. Құрылымда Жедел басқару орталығы, Тергеу, Екінші арнайы, Криминалдық полиция, Есірткі бизнесімен күрес, Тылдық қамтамасыз ету, Жедел криминалистикалық, Штаб, Ақпараттық-техникалық, Кадр жұмысы, Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімдері, Жергілікті полиция қызметі, Жол-патрульдік полициясы полкі, Заң тобы жұмыс істейді. Әрине, әрқайсының қызметі әртүрлі бағытта жүріп жатқанымен, барлығының көздегені бір мақсат, бір мүдде: ол – қылмыспен және құқық бұзушылықпен күрес.
Бүгінде қоғамда ең көп жасалатын қылмыс – басқаның мүлкіне қол сұғу, яғни ұрлық-қарлық екені белгілі. Бұл келеңсіздіктің тыйылмауына не себеп?
– «Тұрмыс түзелмей, тәртіп орнамайды» демекші, әлеуметтік тұрмыстың түзелмеуі қылмыс атаулыға себепші. Қандай жағдай болмасын жасалатын қылмыстардың алдын алу, жолын кесу – біздің міндет. Мәселен, қаламызда жыл басынан бері мүліктік қылмыстардың саны 4832-ге жетті. 2017 жылы бұл көрсеткіш 5601 болған еді. Төмендеу байқалса да, бұл қуантарлық жағдай емес. Себебі, қандықол қарақшылардың әлі де құрығы ұзындығын көрсетеді.
Ұялы телефон ұрлығының дес бермей, өршіп тұрғаны белгілі…
– Ұрлық жасаудың ошағы Ерубаев, Гоголь, Бұқар жырау, Төлепов, Лободы көшелері мен қоғамдық автобустар болып отыр. Негізінен ұялы телефондар қолды болып жатады. Жеңіл табыс көзі ғой. Ұялы телефондарды қабылдау және өткізу пункттерін тексеру кезінде кейбір жеке кәсіпкерлер өздерінің қызметіне немқұрайлы қарайтыны анықталды. Телефонды сатқан адамдардан қолхатсыз қабылдайды. Бұл қылмысты жасаған күдіктілерді анықтап, оларды жауапкершілікке тартуда қиындық туғызып тұр.
Қала бойынша ұялы телефон қылмысын ашу көрсеткіші 24,4% құрайды. Бұған қоса, азық-түлік дүкендеріне кіріп, арзанға ұрланған телефондарды сатып жатады. Қарапайым халықты алдап, тез арада ақша керектігін, өзінікі екендігін айтады. Соған сеніп, алданып жатқандар баршылық. Қылмыстың қай түрі болмасын, шамамыз келгенше бәрінің алдын алуға тырысудамыз.
Нақты қолға алынып жатқан шараларға тоқталсаңыз?
– Қоғам игілігі үшін еш аянып жатқанымыз жоқ. Мәселен, бір ғана автокөлік ұрлауға қатысты қылмыстардың алдын алу мақсатында Қарағанды қалалық ІІБ КПБ бірқатар іс-шараны қолға алды. Темір тұлпарлар жиі қолды болатын жерлер мен бөлшектенуі мүмкін орындарды тексеру және автокөлік тораптары мен агрегаттарын бұзумен айналысатын адамдарды анықтау жұмыстарын жүйелі түрде қолға алып жатырмыз. Осы тақырып бойынша автокөлікті арнайы дабыл беру жүйесімен, мүмкіндігінше GРS-навигаторымен жабдықтау қажеттігі туралы ақпарат таратылуда. Сондай-ақ, Қарағанды қалалық ІІБ КПБ қызметкерлері «Айдап әкету», «Пәтер», «Қарақшылық» атты жедел алдын алу іс-шараларын ұдайы өткізіп келеді.
Ішкі істер министрінің «2018-2020 жылдарға арналған ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарлама» жайында не айтасыз?
– Бұл бағдарлама Қарағанды қалалық ІІБ Криминалдық полиция бөлімінің ұдайы назарында. Қылмыстың алдын алу, жолын кесу мақсатында халықпен түсіндіру іс-шаралары, рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Жер-жерде полиция қызметкерлері әкімдіктің, күзет мекемелерінің өкілдерімен бірлесе отырып, халықпен кездесулер өткізіп жатыр. Жақында, ұрлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын іске асыруға байланысты Қазыбек би, Октябрь аудандары әкімдігі ғимаратында Қарағанды қалалық ІІБ ЖПҚ және КПБ ұйымдастыруымен мүліктік қылмыстар, оның ішінде кәсіпорындар мен ұйымдарға қатысты жасалатын ұрлықтардың алдын алу, ескерту және Қарағанды қалалық ІІБ мәжіліс залында күзет фирмалары, КСК мүшелерінің қатысуымен пәтер тонаудың, сауда үйлердегі орналасқан терминалдарды тонаудың алдын алу мен жолын кесу жолдарының мәселелері туралы кеңес өтті. Міне, ұрлықтың алдын алудың бірден-бір тәсілі осы.
Қылмыс атаулыны ізін суытпай ашуда бейнебақылау камераларының алатын орны қандай?
– Әрине, бейнебақылау камераларының алатын орны зор. Бұл камералар Жедел басқару орталығы арқылы бақыланып тұрады. Орталықтың іргетасы 2003 жылы қаланған. Басқа республикалық орталықтарға қарағанда ІІБ Жедел басқару орталығы өзінің қызметін тек облыс орталығына ғана емес, оның техникалық мүмкіндіктері арқылы қаланың 32 учаскелік полиция пункті мен Абай, Саран, Шахтинск, Теміртау сияқты серіктес қалаларына да жұмыс жасайды.
Жедел басқару орталығына 325 камера жалғанған, оның ішінде 198 камера үйлердің аулаларында, ірі жол қиылыстары мен Қарағанды қаласының қоғамдық орындарында орнатылған. Сол камералардың көмегімен адамдар көп шоғырланған жерлер, жол қиылыстары, қозғалыстары көп үлкен автожолдар үнемі бақыланып, құқық бұзушылық пен оқиға орын алған жағдайда бейнетіркеу жүзеге асырылып, күштер мен құралдарды басқару тобына беріледі. Өз алдына күштер мен құралдарды басқару тобы жедел қызметті қамтамасыз ету арқылы қылмыстарды ізін суытпай ашады. Сондай-ақ, Жедел басқару орталығында тәулік бойына жасалатын немесе жасалған қылмыс пен құқық бұзушылық туралы кез келген хабарламаны тіркейтін «102» телефоны жұмыс істейді.
– Өз қызметтік міндетін атқаруда адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін, халық арасында сақтық жұмысын жүргізетін, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қорғайтын сіздерге алғысымыз мол. Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Әсемхан САҒАТҚЫЗЫ, Қарағанды қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*