Жол тәртібін күзеткен жампоздар

ІІМ жол-патрульдік полициясы қызметкерлері арасында өткен республикалық «Үздік маман» байқауы аяқталып, аталған саладағы нағыз үздіктер анықталды.
Қоғамдық тәртіпті күзету және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ІІО-ның басты міндеттерінің бірі. Ол міндеттерді іске асыруда жергілікті полиция қызметі, соның ішінде жол-патрульдік полициясының саптық бөліністері үлкен рөл атқарады.
ІІМ-нің 2015 жылғы 9 маусымдағы «Қазақстан Республикасы ІІМ жол-патрульдік полициясы саптық бөліністерінде «Үздік маман» байқауын ұйымдастыру және өткізу тәртібін бекіту туралы» №515 бұйрығы бойынша жыл сайын барлық өңірлік ІІО-да облыстық байқаулар өтіп отырады. Содан кейін жеңімпаздар республикалық байқауға жол тартады. Биыл үшінші рет өтіп отырған республикалық байқауға жол-патрульдік полициясының 17 үздік қызметкері қатысып, бақ сынады.
Айта кету керек, конкурста қойылатын талаптар бұл саланың қызметкерлеріне таңсық емес, яғни өздері күнделікті жұмыс барысында тікелей қолданатын немесе қолдануы мүмкін 12 негізгі аталым бойынша өрбіді.
Оған – нормативтік-құқықтық актілерді білуі, атыс қаруы және қызметтік әзірлік теориясы, атыс қаруы бойынша практикалық сынақ, дене дайындығы, күрестің әскери тәсілдері, саптық байқау, әкімшілік практика, алғашқы медициналық көмек көрсету практикасы, жоғары белсенді қозғалысы бар жол қиылыстарында қозғалысты қолмен реттеу практикасы, сондай-ақ, көлікпен (жеңіл, жүк көлігі және мотоциклде) жылдамдыққа маневрлар жасау сияқты сынақтар жатады.
Байқаудың басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің білік-білімдерін, дағдыларын, кәсіби шеберліктерін жетілдіру, түрлі жағдайлардағы іс-әрекеттерін бағамдау әрі олардың өз мамандығы бойынша үздік болуға деген ынтасын ояту. Өйткені, азаматтардың қауіпсіздігі олардың сапалы да шебер әрекеттеріне байланысты. Әрі үздік қызметкерлер халық арасында жол-патрульдік полициясының жағымды имиджін қалыптастырары сөзсіз.
Байқауды өткізу барысында барлық қатысушы жоғары нәтижелер көрсетті. Дегенмен, жарыстың аты жарыс, онда жеңгендер мен жеңілгендер болатыны заңды.
Сонымен, республикалық байқаудың қорытындысы бойынша 2018 жылдың «Үздік маманы» атағы үшін сынға түскен жол-патрульдік полициясы қызметкерлері арасында бірінші орынды Шығыс Қазақстан облыстық ІІД ЖПҚ ЖПП батальоны қызметінің инспекторы, полиция лейтенанты Дастан Ошабаев иеленсе, екінші орынды Астана қалалық ІІД ЖПП полкі қызметінің инспекторы, полиция лейтенанты Алдияр Жарылғасынов жеңіп алды. Ал үшінші орынды Алматы қалалық ІІД ЖПП полкінің полицейі, полиция аға сержанты Бағдат Ашеков қанжығасына байлады.
Сайыс соңында үздіктер диплом және «Қазақстан полициясына – 25 жыл» төсбелгісімен, сондай-ақ, ақшалай сыйақымен марапатталды.
Салтанатты марапаттау соңында үшінші орын жеңімпазымен сөйлескенімізде, ол: «2009 жылдан бері жол-патрульдік полициясында жұмыс істеп келемін. Осы байқауға екінші рет келіп отырмын, 2017 жылы да қатыстым. Бұл жолғы байқауда үздік үштікке ілігіп отырмын. Байқау төрт күн болып, 12 сынақтан өттік. Маған өте ұнады, келесі жылы, бұйыртса, қайта қатысып, бірінші орын алуға барымды саламын!», – деп жауап берді.
Бұл байқау соңғы емес, жыл сайын өтетінін ескерсек, жол-патрульдік полициясы саласында аянбай қызмет істеп жүрген осындай азаматтарымыздың әрқашан да биік белестерден, жеңіс тұғырынан көріне берулеріне тілек білдірдік.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*