Оралда миграциялық ХҚКО ашылды

Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп, облыс әкімдігінің қолдауымен миграциялық Халыққа қызмет көрсету орталығын ашты.
Республикадағы бесінші көші-қон орталығының ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Ахаев және корпорацияның филиал директоры Марат Бассаров қатысты.
Көші-қон қызметі орталығын ашудың мақсат – халық үшін қолайлы жағдай жасау, көші-қон қызметі бойынша мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімі мен уақытын қысқарту.
Орталықта Батыс Қазақстан облыстық ІІД көші-қон, криминалистикалық қызмет, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметкерлері, сондай-ақ, медициналық ұйымдардың, сақтандыру компаниясы және екінші деңгейдегі банктердің өкілдері үшін жұмыс орындары ұйымдастырылған. Бұл «бір терезе» қағидатын сақтауды қамтамасыз етеді, қызмет көрсету мерзімін 5-7 күннен 1 жұмыс күніне дейін қысқартады.
Көші-қон қызметі орталығында республикаға уақытша келген шетелдіктерді тіркеу, Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылдау және шығу мәселелері, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға қалу үшін рұқсат беру секілді 10 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі.
Мұнда 11 корпорация маманы мен 8 көші-қон қызметі қызметкері сағат 9.00-ден кешкі 18.30-ға дейін жұмыс істейді.
2017 жылы Оралда «Еңбекші көшіп келушіге рұқсаттар беру және ұзарту» мемлекеттік қызметін 6 мыңнан астам шетелдік азамат пайдаланған. Ал биыл 8 айында бұл көрсеткіш 5780 адамды құрап отыр.

Батыс Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*