Жолды жетілдірмей, апат азаймайды

Өткен аптада Парламент Сенатында өткен отырыста еліміздің жолдарындағы тәртіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері талқыланды.
Шара барысында баяндама жасаған Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-полковнигі Ерлан Тургумбаев Қазақстан жолдарындағы ең негізгі проблемаларға тоқталды.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда көліктердің бетпе-бет соқтығысуы мен адамдарды басып кетуі – басты проблема болып отыр. Атап айтқанда, жол-көлік оқиғаларының 20 пайызында көліктер бір-бірімен бетпе-бет соғысса, 32 пайызында адамдарды басып кетеді екен.
– Жол-көлік апаттарынан болатын адам шығынының жартысынан астамы осы жағдайларға тиесілі. Соның ішінде, бетпе-бет соғысқан әрбір оқиға адам өлімімен аяқталады.
Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін айналма жолдар мен жаяу жүргіншілер жолақтарын, қарама-қарсы бағыттар арасына қоршау қоюдың пайдасы мол. Мысалы, 2009 жылы Астана мен Бурабай арасында, 2017 жылы Астана мен Қарағанды арасында қарама-қарсы бағыттары қоршаумен бөлінген күре жолдар пайдалануға берілгеннен кейін бұл екі учаскеде адам өлімі 3 есеге дейін азайды.
Біз Инвестициялар және даму министрлігіне жол құрылысын салу нормаларына өзгерістер енгізу туралы ұсыныс бердік. Онда көліктер қарсы бағытқа шығып кетпеу үшін екі бағыттың арасын бетон қоршаумен бөлу және қарсы келе жатқан көліктің жарығы көзге түсіп, кедергі келтірмеу үшін бұл қоршауды биіктеу етіп жасау туралы айтылған.
Сонымен қатар, қала сыртындағы жолдарға мал өту үшін арнайы өткелдер жасау туралы мәселе қаралып жатыр. Өйткені, көліктердің, әсіресе, түнгі уақытта ірі қара малмен соқтығысу фактілері аз емес. Мұндай жағдайлардың қашанда салдары ауыр.
Бұдан бөлек, республика бойынша жол белгілерінің аз екені және олардың жаңа талаптарға сай еместігі байқалуда. Сондықтан біз оларды жарықты қаттырақ шағылыстыратын белгілермен ауыстыру мәселесін қарап жатырмыз, – деді полиция генерал-майоры Ерлан Заманбекұлы.
Өз баяндамасында Ішкі істер министрінің орынбасары, сондай-ақ, қала көшелерінде «ақылды» бағдаршамдар орнату, осы жылы елімізде 590 жылдамдықты асырған жүргізушінің ұсталғандығы, 25,5 мың жүргізуші куәлігінен айыру фактісі тіркелгендігін де айтты.

Ескендір ЕРҒАЛИҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*