Күзет ұйымдары – ІІО көмекшісі

Жуырда «Көрме» орталығында Қауіпсіздік және азаматтық қорғаныс жөніндегі 4-нші «Kazakhstan security systems-2018» халықаралық көрме-конференциясы өтті.
Жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан іс-шара Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы орталығының патронаты мен ҰҚК, ІІМ және Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібінің қолдауымен өткізілді.
«Kazakhstan security systems-2018» екі салалық конференциясының жұмысына мемлекеттік басқару органдарының, құқық қорғау құрылымдарының, облыстық және қалалық әкімдіктерінің басшылары мен мамандары, аса маңызды мемлекеттік стратегиялық және қауіпті өндірістік объектілердің басшылары мен мамандары, қауіпсіздік саласындағы халықаралық сарапшылар, сонымен бірге, ІІМ аппарат басшысы, полиция генерал-майоры Марат Бұқанов, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Мұсақанов қатысты.
Үкіметтің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысымен 29 қазан Күзет ұйымдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде белгіленген болатын. Бүгінгі таңда елімізде ішкі істер органдарының арнайы мамандандырылған күзет бөлімшелері мен жеке күзет ұйымдары жұмыс жасайды. 2018 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша, ішкі істер органдарының есебінде 5007 жеке күзет ұйымы тіркеуде тұр. Күзетшілер саны – 98704 адам. Сонымен бірге, республика аумағында күзет техникалық құрал-жабдықтарын монтаждау, жөндеу бойынша техникалық қызмет көрсететін 986 заңды және жеке тұлға тіркелген. Күзет қызметінің көмегімен 93418 нысан күзетіледі. Ішкі істер органдарының арнайы мамандандырылған күзет бөлімшелерінің 15 мың қызметкері мемлекеттік күзетке жатқызылатын нысандар күзетін қамтамасыз етеді.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Мұсақановтың айтуынша, Ішкі істер министрлігі ұзақ уақыттан бері Қазақстан Республикасы Күзет ұйымдары ассоциациясымен өзара тығыз әрекеттестікте бірлесіп жұмыс істеп келеді. ІІМ мен Күзет ұйымдары ассоциациясының ынтымақтаса жұмыс істеуі нәтижесінде күзет қызметі саласындағы заңнамаларды жетілдіру мәселелері де шешіледі. Қоғамдық орындар мен көшелерде қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмысты тойтару, қылмыстың ізін суытпай ашуда ішкі істер органдарына көмектесу мақсатындағы күзет қызметінің мемлекеттік емес субьектілерімен бірлесе шолғындау бойынша жұмыстары өз кезегінде тәуір нәтижелер бере бастады.
«Осылайша, жеке күзет мекемелері ішкі істер органдары үшін қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сенімді көмекші рөл атқарып отыр. Биыл мемлекеттік емес күзет құрылымдары үш жүзден астам қылмыстық және жеті мыңдай әкімшілік құқық бұзушылықтың ашылуына атсалысты. Олар күзетілген нысандарда орын алған бес жүзден астам ұрлықтың алдын алды. Сондықтан да жеке күзет ұйымдары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сенімді көмекші болып отыр. Осы себепті 18 қыркүйекте Ішкі істер министрі Қазақстан Республикасы Күзет ұйымдарының ассоциациясы басшылығын, ішкі істер органдарымен бірлесіп күзет қызметін ұйымдастыруда белсенді әрекет етуші 34 жеке күзет ұйымын, сонымен бірге, күзетшілерді оқытып дайындайтын Қазақстан Республикасы Күзет ұйымдары ассоциациясының мамандандырылған оқу орталығын марапаттау туралы №269 бұйрық шығарды. Яғни қоғамдық тәртіпті қорғау жұмыстарын жүргізуде ішкі істер органдарымен бірлесе белсенді әрекет етуші жеке күзет ұйымдарын марапатталды», – деді ол.
«Көрме» залында өткен салтанатты жиында ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Мұсақанов күзет ұйымдарының айрықша қызметін атап өтіп, Ішкі істер министрлігінің атынан ІІМ грамоталарымен марапаттап, бағалы сыйлықтар тапсырды.
Жалпы конференцияға келсек, «Террористік тұрғыда осал нысандарда террористік қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл аспектілері» конференциясында ҚР Терроризмге қарсы орталығы стратегиялық нысандардың басшылары мен мамандарын террористік тұрғыда осал (ТТО) нысандарды қауіпсіздіктің заманауи құралдары және жүйелерімен жарақтандырудың негізгі әдістерімен таныстырды.
Шара барысында әлемнің 13 елінен келген 70-тен астам компания лаңкестік шабуылдарға төтеп беретін соңғы үлгідегі техникаларды жұрт назарына ұсынды. Мамандар терроризмнің алдын алу үшін технологияны жетілдіруге жіті мән беру керек деп есептейді. Осыған орай, басқосуда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған қондырғылар мен құрал-жабдықтар шығаратын компаниялар өз тауарларын таныстырып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Бұдан басқа, сарапшылар авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мұнай-газ кешендері мен атом өнеркәсібі нысандарының қорғалу мәселелерін талқылады. Ал, Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі конференция ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды нысандарының киберқауіпсіздігі мәселелеріне арналды.

Жадыра ШАМҰРАТОВА, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*