Криминогендік жағдай жақсарып келеді

Ішкі істер органдарының алдыңғы қатарындағы әрі маңызды қызметтерінің бірі болып саналатын криминалдық полиция қызметкерлерінің қылмысқа қарсы күреске, құқық тәртібін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосар үлесі зор. Осы орайда, Қарағанды қалалық ІІБ Темір жол ПБ бастығының орынбасары, полиция майоры Дүйсен Асқаровпен атқарылып жатқан қызмет барысы туралы әңгімелескен едік.
Дүйсен Қайратұлы, сіз жетекшілік ететін криминалдық полиция саласы қызметкерлерінің жұмысы – ішкі істер органдарының атына сай ең негізгі міндеттердің бірі. Алдымен бүгінде атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтсеңіз.
– Иә, криминалдық полиция қызметкерлерінің еңбегі ерен екен. Атқарылып жатқан орасан жұмыстардың арқасында сол негізгі міндеттер орындалып жатыр. Мәселен, жылдың басынан алға қойған істерді орындай отырып, құқық тәртібін, қылмысқа қарсы күресті нығайту бойынша қабылданған ұйымдастырушылық және практикалық шаралар Темір жол ПБ аймағында криминогендік жағдайға бақылау жасауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етті. Тіркелген ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда төмендеді. Адам өлтіру қылмысының тіркелген саны да қысқарған. Қарақшылық саны да айтарлықтай азайды. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстардың саны да бұрынғыдай емес. Тонау, алаяқтық қылмыстарын ашуда жақсы көрсеткіштер бар. ПБ криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлерінің қатысуымен ашылған қылмыстар да аз емес.
Сол қылмыстарды ашу барысы туралы да айтып берсеңіз?
– Қылмысты ашу және істі жүргізу барысында көптеген қиындықтар туындайды. Айғақ заттарды табуда ауа райының қолайсыздығы да біраз кедергілер келтіреді. Соған қарамастан, қылмыс ашылады. Күні-түні жасалған тынымсыз еңбек өз нәтижесін береді. Қысқа мерзімде күдіктілер анықталып, оларды ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіледі.
Заңдылық пен құқық тәртібін нығайтуда айтарлықтай нәтижелерге қол жетті дедіңіз. Ал іздеудегі қауіпті қылмыскерлерге қарсы қандай шаралар қабылдануда?
– Іздестіруде жүрген аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау бойынша көптеген табысты операциялар өтті. Осы жылдың өткен кезеңінде іздеуде болған 4 қылмыскер анықталып, ұсталды.
Криминалдық полиция бөлімшенің жедел-қызметтік жұмысының тиімділігін арттыруда қандай ұйымдастырушылық-практикалық шаралар қабылдануда?
– Қызметтің тиімділігін арттыруда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қылмысқа қарсы күресте құқық қорғау және арнайы органдармен, басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізуге арналған бірлескен жоспарлар бар. «2018-2020 жылдарға арналған бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы әрекет ету бағдарламасы» іске асырылуда.
Сонымен бірге, Темір жол ПБ криминалдық полиция бөлімшесі қызметкерлерінің қылмысқа қарсы күресте, әділдік орнатуда атқарар ісі аз емес. Өйткені, кез келген қылмысты тез әрі сәтті аша білу – қылмыскерлерге қылмыс жасаудан үркуі үшін алдын ала құрылатын тұсау болмақ.
Әңгімеңізге рахмет. Ел тыныштығы жолында атқарып жүрген еңбектеріңіз жемісті болсын.

Сұхбаттасқан Саулет ХАМЗЕҚЫЗЫ, Қарағанды қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*