Полиция полковнигі Самат СҮЛЕЙМЕНОВ: Қылмыстың алдын алу мүмкіндігі көбейді

23 қыркүйекте ІІМ Ақпараттық-аналитикалық орталығының және оның құрылымдық бөліністерінің құрылғанына 100 жыл толды. Аталған құрылым бір ғасыр уақыт ішінде қолмен толтыратын қарапайым картотека құрудан бастап бүгінгі заманауи электрондық деректер базасына дейінгі қиын жолдан өтті. Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің құрылымдық бөлінісінің тарихы мен оның қалыптасуы туралы білу мақсатында Ішкі істер департаменті Ақпараттық-аналитикалық орталығының бастығы, полиция полковнигі Самат Сүлейменовті сөзге тартқан едік.
Самат Темірқанұлы, ведомствоның ақпараттық бөліністерінің даму тарихы, жаңа ақпараттық технологиялардың қолданысқа енгізілуі туралы айтып берсеңіз.
– Біздің ведомствоның тарихы сонау 1918 жылдан, яғни сол жылы 23 қыркүйекте РКФСР Ішкі істер халық комиссариаты алқасының шешімімен «Ішкі істер комиссариатының статистикалық бөлім және қылмыстық тіркеу туралы қағидасы» бекітілген уақыттан басталады. Арада 17 күн өткеннен кейін сол уақыттағы жас мемлекеттің барлық губерниясына №694 және №695 циркуляр жолданды. Соған сәйкес Орталық тіркеу-дактилоскопиялық бюросын құру мақсатында анықтамалық деректерді, фотосуреттер және қылмыскерлердің дактилоскопиялық карталарын тұрақты жолдау қажеттілігі туындады. Сол кезеңде жедел анықтамалық есептерді жүргізетін бірінші арнайы бөлім жұмыс істеді. Ұлы Отан соғысы жылдары осы ақпараттық бөліністердің даму процесі біраз тежеліп қалды. Алайда, араға жылдар сала ақпараттық-аналитикалық қызметтердің жұмысы даму жолына қайта түсті.
Ал осы облыста мұндай орталық қашан ашылып еді?
– Шығыс Қазақстан облыстық ІІД Ақпараттық-аналитикалық орталығының тарихы 1932 жылдан бастау алады. Ол Шығыс Қазақстан облысының құрылуымен тығыз байланысты. Ол кездері ІІҰКБ-де есепке алу-статистикалық бөлімі құрылды. Оның құрамына жедел-анықтамалық картотекалар кірген. Олардың көмегімен күдіктілерді анықтап қана қоймай, қылмыстардың алдын алу мүмкіндігі болды.
Ақпарат ағымының ұлғаюына байланысты, 1980 жылы құқық бұзушылықты жасаған адамдар туралы ақпараттарды алфавиттік есеп бойынша өңдеу және беру бағдарламасы енгізілді. 1988 жылдың күзінде Ақпараттық орталықтың құрамына Жинақтау орталығы берілді. Ал, 1992 жылы Қазақстан Республикасы ІІМ Ақпараттық орталығының атауы Қазақстан Республикасы ІІМ Ақпараттық-жинақтау орталығы деп өзгертілді. Бұл Орталық мәртебесінің еліміздің Ішкі істер министрлігінің дербес жедел қызметтері деңгейіне дейін көтерілуіне мүмкіндік берді.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облыстық ІІД Ақпараттық-аналитикалық орталығы – ақпараттың ең үлкен ағымын сақтайтын орын. Инновациялық технологияларды пайдалану ІІД ААО аумақтық бөліністері қызметкерлеріне ақпараттық деректер базаларының ішкі есепке алулары арасында, сол сияқты барлық республика бойынша сыртқы деректер базасы бойынша анықталған сәйкестіктерге өз бетінше және жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Қатарымызда Мария Сорокина, Нина Иванова, Виктор Колтыгин, Самат Жүнісов, Александр Шиляев, Ғабит Каденов және Константин Полывянный сынды осы салаға еңбек сіңірген ардагерлеріміз бар.
ІІМ Ақпараттық-аналитикалық орталығы қызметінің құрылған күні барлық өңірде атап өтілуде. Ал облыстық ІІД ААО бөлінісі айтулы күнді қандай жетістіктерімен қарсы алды?
– ІІМ және Шығыс Қазақстан облыстық ІІД басшылығы ІІМ ААО-ның 100 жылдық мерейтойына арнап кең ауқымды кешенді іс-шараларды ұйымдастырды.
Осы айтулы мерейтой қарсаңында облыстық ІІД бастығы Жанарбек Бақтыбаевтың қолдауымен өңірдің ААО аумақтық бөліністері арасында семинар-кеңес және Макаров тапаншасынан ату, 100 метр қашықтыққа жүгіру, волейболдан турнирлер ұйымдастырылды. Сайыс жеңімпаздары Павлодар қаласында және Астана қаласында республикалық деңгейде өткен сайыстарға қатысты.
Республикалық жарыстардың нәтижесі бойынша Зайсан аудандық ІІБ ААТ аға инспекторы, полиция майоры Бекзат Әубәкірова әйелдер арасында өткен теннис ойындарында жүлделі 3-орынды иеленсе, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының Ақпараттық-аналитикалық орталықтары, Астана қаласы Көліктегі ІІД қызметкерлерінен құралған «Восток» командасы жалпыкомандалық есепте 2-орынға ие болды.
Осылайша, шығыс өңірінің полицейлері ААО-ның жүз жылдық мерейтойы қарсаңында кәсіби даярлықтың жоғарғы деңгейін жұмыста ғана емес, спортта да көрсете білді.
– Сізді және ұжымыңызды Ақпараттық-аналитикалық орталықтың 100 жылдығымен құттықтай отырып, қажымас қайрат, зор денсаулық тілейміз!

Сұхбаттасқан Ақгүл Атудинова

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*