Қайырымдылықтың абзалы – қарттарға көмек

Қарттар күніне арналған айлық аясында Солтүстік Қазақстан облысының Ішкі істер департаментінде түрлі іс-шаралар өтіп жатыр.
Ең алдымен қызметкерлер Мария Буржинскастың үйіне арнайы барды. 40 жылдық еңбек өтілі бар зейнеткерді полиция ведомствосына әлеуметтік қорғау органдары бекіткен. Күзгі суық келісімен тәртіп сақшылары оны отынмен қамтамасыз етіп, жас полицейлер оның бақшасын қазып беріп, үйінің маңайын тазартып шықты.
Ұлы Отан соғысының және милиция қызметінің ардагері Григорий Красильниковтің үйінде қонақта Айдауылдау взводының әйел қызметкерлері мен бүлдіршіндер болып қайтты. Қыздар үй ішін әп-сәтте жинастырап шықса, балалар Григорий Ивановичке танымал «Катюша» әнін орындап берді. Көңілі босап кеткен ардагер балаларға өзінің майдандағы күндері туралы айтып, жастық шағын еске түсірді. Бомбалаушы авиацияның 97 жастағы шеберін әлеуметтік қызметкерлер де ұмытпайды.
Құқық қорғау саласының ардагерлері де шарадан қалыс қалған жоқ. Петропавл қалалық ІІБ ардагерлері сенбілікте жас қызметкерлермен бірігіп, қызмет атқарған жылдары екінші үйлеріне айналған полиция ведомствосының маңын ретке келтірді.
«Жастармен бірге шығып, серпіліп қалдық. Біздің ізімізді жалғастырған оларға ақыл-кеңестерімізді айттық», – дейді Петропавл қалалық ІІБ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серғазы Жұмағұлов.
Әсіресе, «Динамо» денешынықтыру-спорт қоғамының стадионындағы сенбілік ерекше өтті. Күнделікті жаттығуларды жасауға машықтанған сақшылар алаң аумағын лезде тап-тұйнақтай етіп жинап тастады.
«Бұл күні басқа бөліністер де сенбілікке атсалысты», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД Кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Руслан Тасымов. – Олар да қолдарына сыпырғыштары мен тырнауыштарын алып, қаламыздың тазалығына өз үлестерін қосты. Офицерлік жиындарда сенбілікке арнап Ардагерлер кеңесінің қорына бір күндік жалақыны аудару туралы бірауыздан шешім қабылданды».
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары облыс әкімдігінің «таза бейсенбі» бастамасына қатысты. Жұмыс күнінің ортасында ІІД қызметкерлері жарты сағаттарын бөліп, маңайды жинастыруға кірісті. Бұл акция да қарттар күніне арналған айлық аясында өтті.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*