Ұлттар бірлігі – ұлы байлық

Алматы қалалық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнография бірлестігі Ұлттық кітапханада ұйымдастырған «Ұлттар бірлігі – ұлы байлық» атты шығармашылық фестивальға Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, ғалым мамандар, бұқаралық ақпарат өкілдері және студент жастармен қатар Ұлттық ұланның өкілдері де қатысты.
Фестиваль аясында этноауыл көрмесі, этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарының қойылымдары және әртүрлі ұлт өкілдері арасында «Тіл – татулық тірегі» атты байқау ұйымдастырылды.
Байқаудың шарты бойынша сайыскерлер Алаш арыстарының бірі Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай ақынның өлеңдерін, «Ұлттарды ұйыстырған қазақ халқы» тақырыбында әзірлеген эсселерін оқып, шығармашылық өнерлерін көрсетті.
Сайысқа А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбек, Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Нұрмұхан Шаймерден, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Театр өнері» факультеті «Сахна тілі» кафедрасының доценті Айгүл Наремгенова, «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармахан, «Қамшы» ақпараттық агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш төрелік етті.
Ұлттық ұланның атынан қатысқан 28237 әскери бөлімнің сарбазы, қатардағы Александр Мамыкин Мағжан Жұмабаевтың «Мен кіммін?» өлеңін мәнеріне келтіріп оқығанда, зал сүйсініп қол соқты. «Ұлттарды ұйыстырған қазақ халқы» тақырыбында жазған эссесінде өзінің пікірін тұщымды жеткізіп, қазақ халқына деген этностардың алғысын білдірді. Ал соңғы айналымда биылғы жауынгерлік шеруден кейін қоғамда жылы қабылданып, хитқа айналған «Мен қазақпын» әнін жанды дауыспен шырқап, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Қазылар шешімі бойынша 28237 әскери бөлімнің құтқарушы аға маманы, қатардағы Александр Мамыкин бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпазды «Адырна» ұлттық-этнография бірлестігі бағалы сыйлықпен марапаттап, бірлестік директоры Арман Әубәкір диплом табыс етті.
Айта кетсек, қатардағы Александр Мамыкин – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында өткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» сайысының 2-кезеңінің жеңімпазы. Оны сөзге тартқанымызда: «Мен Атырау қаласының тумасымын. Орыс мектебінде оқыдым. Достарым қазақ балалары болды. Солармен бірге өсіп, бір жүріп, қазақ тілін тез үйреніп алдым. Әкем де қазақ тілін бір кісідей біледі. Екеуіміз үйде қазақша сөйлесеміз. Әскерге дейін колледжде оқып, заңгер мамандығын алдым. Болашақта мықты заңгер болғым келеді. Ал менің алға қойған мақсатыма жету үшін мемлекеттік тілді жақсы меңгеруім аса қажет. Жалпы, мемлекеттік тілді білу – әрбір қазақстандық азаматтың парызы», – деп ағынан жарылды.

Данара БАЙМАҒАМБЕТОВА, Алматы қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*