Полиция генерал-майоры Мирлан ҚЫЗЫЛОВ: Білікті маман даярлау – бүгінгі күннің міндеті

Ішкі істер органдары қызметкерлерінің іс-әрекеттері заңмен өлшенеді. Айрықша нысандағы кәсіптің иесі саналатын тәртіп сақшыларына халық тарапынан қойылатын талаптар да өте жоғары. Алайда, олардан талайлардың тек кемшілік көргісі келіп-ақ тұратыны көңіліңе қаяу келтіретіні өкінішті-ақ.
Жуықта ішкі істер органдарының әкімшілік полиция және қылмыстық атқару жүйесі үшін кәсіптік жоғары білімді мамандарды дайындайтын оқу орны – Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының бастығы, полиция генерал-майоры Мирлан Қызыловпен сұхбаттасып, жалпы қоғамға қандай полицей керек, құқық қорғаушылардың келбеті қандай болуы тиіс деген тұрғыда әңгіме өрбіткен едік.
Мирлан Ахмедияұлы, сіз қарапайым Кеңес дәуірінің милиционерінен бастап, тәуелсіз Қазақстан полициясының генерал-майоры шеніне жеткен офицерсіз. Оған қоса ғалым-ұстазсыз, аталған саланың ыстық-суығын көрген мамансыз. Сіздің ойыңызша, бүгінгі полиция қызметкерінің бет-бейнесі қандай болуы керек?
– Соңғы кезде отандық ақпарат кеңістігінде, әлеуметтік желілерде полицейлер атына сын көп айтылуда. Олар халық алдында үлкен резонанс тудырған қылмыстарды бір тәулік ішінде ашып, қылмыскерді ұстап, өзінің кәсіби болмысын, іскерлігін көрсетсе де, жағдай осылай болып отыр. Әділдігіне жүгінсек, талайларды тәубесіне келтіріп жатқан кім – полицей, қауіп-қатердің ортасында жүретін кім – полицей, қылмыскерден қорғайтын кім – полицей, әлсізге зорлық қылдырмайтын кім – тағы да полицей. Сонда да осы саланың қызметкерлеріне деген көпшіліктің пікірі әртүрлі. Қоғамда заң шеңберінен шықпайтын темірдей тәртіп пен қатаң талап болса ғана жүйелілікке орын бар. Сонда ғана әділетсіздіктің жолы қиылады. Сондықтан билік пен заң өкілі – полиция қызметкері кәсіби қызметінде немқұрайлылыққа, ұқыпсыздыққа, білімсіздікке бой алдырмауы тиіс. Адамгершілік тұрғыдан оның қателіктерге жол беруге қақысы жоқ.
Полиция қызметкерінің мінез-құлқы адамгершіліктің талабына сай болуы шарт. Өйткені, ол – Қазақстан Республикасының халқына құқықтық қызмет көрсетуші тұлға. Олай етпейінше, полиция қызметкерінің қоғамдағы салмағы кеміп, беделі мен абыройына нұқсан келері қақ. Мұны қоғамдағы күнделікті жайттар да растап отырғаны да ақиқат. Айрықша нысандағы кәсіп иесі «алдымен – адам, содан соң – маман» болғаны дұрыс. Полиция қызметкерлерінің бойында Сүлейменнің ақылы, Тоныкөктің даналығы, Күлтегіннің ерлігі, Салқам Жәңгірдің стратегиялық көрегендігі, сонымен бірге, олардың қоғамдық ғылымның барлық саласынан толықтай хабардар болуы керек. Егер оның бойынан осы қасиеттер табылса, ол – жақсы полицей болғаны.
Дұрыс екен. Сіз бір сөзіңізде бүгінгі полицейдің үш тұғырлы негізі бар дедіңіз. Олар қандай негіздер?
– Қазіргі уақытта полицияның толыққанды тұлғасының үш тұғырлы негізі бар. Біріншіден, үміткер полиция мамандығына жүрек қалауымен келуі керек. Сонда ол ішкі істер қызметкерлеріне қойылатын талаптың барлығын қабылдайды. Оларды кәсіби деңгейде дайындауды – екінші тұғыр дер едік. Үшіншісі – жаңа буынды ішкі істер органдарындағы алдыңғы толқынның үздік тәжірибесі мен қалып¬тасқан дәстүрлеріне бой ұсындыру арқылы қалыптастыру.
Полицияның жаңа легін дайындауда білім мен тәрбиенің орны орасан. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы 16 шілдеде біздің академияға келіп, «Қостанайдағы тұңғыш Жоғары милиция мектебіне, оның шәкірттеріне Отанына адал қызмет етуін тілеймін» деп қалдырған тарихи жазбасы білім ордасының ұранына айналды.
Генерал мырза, сіз бір сұхбатыңызда «Құндылықтардың бәсі кем түсуде. Несін жасырамыз, ішкі істер органдарындағы адал қызметкерлердің бейнесі күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарында елеусіз қалғандай. Турашыл полиция қызметкері мерзімді басылымдар мен теледидардың назарына іліне бермейтін «тартымсыз, қызықсыз» кейіпкерге айналды», – деп айтқан екенсіз. Неге?
– Көптеген факторлардың, соның ішінде, қызметкерлердің және олардың отбасы мүшелерінің жеткілікті әлеуметтік қорғалмауы салдарынан полиция қызметкері мамандығының беделі төмендеді. Ішкі істер органдарына қызметке келгендердің көпшілігі аталған саланы жұмысқа орналасудың бірден-бір мүмкіндігі ретінде көрді. Басқаша айтсақ, басқа жұмыс таба алмағандар, өз мамандығына барғысы келмейтіндер үшін бұл сала қызметке тұрудың көзі деп бағаланды. Ал мамандар ондай азаматтарда жеке тұлғалық ой еркіндігі, тұлғалық кемшіндігі болатынын айтады. Полиция қызметкері беделінің төмендеуінің бір қыры осында жатыр.
Сондықтан қоғаммен ашық диалог және серіктестік қатынас орната отырып, құқық қорғау органдарына кешенді және терең реформа жүргізетін мерзім әлдеқашан пісіп-жетілді деп ойлаймыз. Зайырлы, құқық¬тық, демократиялық және әлеуметтік мемлекетке ашық, са¬уатты және моральдық негіздегі мығым полиция қажет. Сонымен қатар, баға бір жақты болмай, қоғамға да белгілі бір талаптар қойылуы тиіс. Қазіргі руханилық пен имандылықтың, заңға құлықтылықтың өзегіне үңіліп көрсек, негізгі қағидаттар құндылықтарынан айырылып, олар екінші кезекке сырғыды. Бұл арада «Қоғам өзінде жоқты полициядан талап етуі қисынды бола қояр ма екен?» деген сұрақ туындайды.
Бұл мәселеде өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы өліара кезеңнің бүгінге жеткен зардабын да жоққа шығаруға болмас. Сол жылдардың төлі бүгін ер жетіп, азамат болды. Тұтас қоғам өзгеріп жатқан кезеңде бүкіл ел әлеуметтік сілкіністерді, түрлі салалардағы өзгерістерді бастан кешкені мәлім. Ата-аналар жаңа қоғамнан өз орнын іздеп, күнкөрістің қамымен ала дорба арқалап жүргенде, үйде теледидарға телмірген балаларды қымбат көліктер, яхталар, курорттар, әдемі өмірдің басқа да атрибуттары қызықтырды. Бүгінде 20 мен 30 арасындағы жігіт болған сол ұрпақтың арасында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жаңа буыны да қалыптасты.
Бүгінде ІІО қатарындағы және кіші басшылық құрамдағы қызметкерлердің көпшілігі отыз жасқа толмаған жастар. Демек, нақ солардың мінез-құлқы мен қызметке көзқарасы бүгінгі Ішкі істер министрлігі жүйесі туралы кері пікір қалыптастырады. Тиісті тәртіпті, реттелген қарым-қатынас пен өзара бағынуды жас қызметкерлердің көпшілігі негізсіз формализм деп санайды. Сондықтан оларға полиция қызметкерлерінің қызметтік мінез-құлқына қойылатын кәсіби-этикалық стандарттар мен талаптарды түсіндіріп қана қоймай, күнделікті өмірдің барлық жағдайларында саналы дағдылануға тәрбиелеу маңызды. Бұл іс ІІО-ның барлық жүйесінде күнделікті жүргізілуде. Осы орайда «Полиция қызметкері адамгершілік биігінен көрінбесе, өзгенің қайғысын өзінікіндей қабылдай ала ма? Отанның, халқының алдындағы міндетін сезіне ала ма?» деген сұрақтың шешімін табу жолын оқу процесіне енгізу қажет. Жас маман үлгі тұтар тұлғаны тануы тиіс, ішкі істер органдарының ардагерлері жастарға құнды тәжірибе беруге дайын және беріп те келеді. Қазір ардагерлер мен жас ұрпақ байланысын жандандыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
Осы орайда, ішкі істер саласындағы бүгінгі жастар үлгі тұтатын жарқын тұлғалар бар ма?
– Аталған сұраққа нақты жауап берер болсақ, ішкі істер саласының тарихында жастарға үлгі боларлық тұлғалар жеткілікті. 1954-1959 және 1967-1974 жылдар арасында Қазақ КСР-нің Ішкі істер министрі болған, ішкі істер генерал-лейтенанты шенін тұңғыш алған қазақ, 2004 жылы біздің академияға есімі берілген Шырақбек Қабылбаевтың өмірі мен қызметі тұтасымен бүгінгі жас полицейлерге үлкен мектеп дер едім. Министрлікке соғыстан кейінгі қиын жылдары келген ол ішкі істер саласының барлық проблемаларын бес саусақтай біліп, оған реформа жасаған, 30-шы жылдардан кейін құлдырап кеткен милиция беделін қайта көтерген кісі еді. Ол тек іскер ұйымдастырушы, білікті басшы ғана емес, халқының әні мен күйін, мәдениеті мен әдебиетін, салты мен дәстүрін жетік білген көкірегі алтын адам еді. Оның қазақ және дүниежүзі әдебиеті классиктерінің шығармаларынан тұратын бай кітапханасы қазір біздің академияда сақтаулы, ол бүгінгі тыңдаушыларымыздың игілігіне жарап отыр. Ш. Қабылбайұлының шәкірттерін адалдыққа тәрбиелегенін, жүрегінде оты бар азаматтарға қамқор болғанын ол туралы естеліктерден оқуға болады. Біз академияда курсанттардан ол кісінің өмірі мен қызметі туралы жақсы білуін талап етеміз.
Білімді қызметкер даярлау – уақыт талабы. Біз оқу процесін жоспарлауды жүзеге асыруда полиция қызметкерлеріне қойылатын бүгінгі талаптарды басты бағыт етіп аламыз. Әр түлек кәсіби білімін терең игеруден бөлек, шыныққан және моральдық-психологиялық тұрғыда табанды, төзімді болуы тиіс. Соны¬мен қатар, қазіргі заманғы «қылмыстық әлемнің» деңгейін ескере отырып, полиция озық ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеруі және өз жұмысында оларды пайдалана білгені жөн. Бұл бағытта біз білім беру процесін ішкі істер органдарының практикалық қызметіне, курсанттарды алда күтіп тұрған жұмысқа барынша жақындатуға ұмтыламыз. Бүгiнгi курсанттар ертең-ақ Конституция және құқық тәртiбiн қорғайтын болады. Осыған байланысты білім беру саласын инвестициялау – болашақты инвестициялау екенін еске салғымыз келеді. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады» дегенін еске алсақ та жеткілікті. Өндірдей полиция офицері өзіне артылған сенімді ақтауда алдымен патриоттық сезімді, әділеттілікті, абыройлы болуды негізгі ұстаным етіп алуы қажет.
Осы тұрғыда сіз басқарып отырған Академияда оқу процесі қалай жүзеге асырылуда?
– Жан-жақты дамыған, білімді, білікті, адамгершілікті ту ететін полицейлер даярлап шығару – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Дамыған елдерде полиция қызметі аса мәртебелі мамандық саналады. Қоғам оны әлеуметтік қызметтің өте күрделі түрі әрі ең алдыңғы қатары деп біледі. Полицияның сауаттылығы және мәдениеттілігі ішкі істер саласы қызметі тиімділігін арттырудың қуатты резерві ретінде қарастырылады. Жұмыс барысында халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін АҚШ, Түркия, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Малайзия, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде іссапарда болғанда кәсіби полицейлік білім беру жүйесі өздерінің оқу орындарынан кез келген дәрежедегі полиция қызметінің маманын даярлап шығаруды мақсат тұтатындығын байқадым. Дамыған елдерде оқу орындарының материалдық-техникалық базасы өте жоғары. Олармен салыстырғанда біздің академияның материалдық-техникалық, қаржылық, ақпараттық-технологиялық қамтамасыз ету мәселелерін шешу мен өзгертудің аса қажеттілігі туындап отырғанын айтпай кете алмаймыз.
Оқу процесін жоспарлауды жүзеге асыруда, біз полиция қызметкерлеріне қойылатын бүгінгі талаптарды басты бағыт етіп аламыз. Әр түлек кәсіби білімін терең игеруден бөлек, шыныққан және моральдық-психологиялық тұрғыда табанды, төзімді болуы тиіс. Сонымен қатар, қазіргі заманғы «қылмыстық әлемнің» деңгейін ескере отырып, полиция озық ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеруі және өз жұмысында оларды пайдалана білуі тиіс. Бұл бағытта біз білім беру процесін ішкі істер органдарының практикалық қызметіне, курсанттарды алда күтіп тұрған жұмысқа барынша жақындатуға ұмтыламыз.
Біз қызметіміздің қағидасын «Алдымен – адам, сосын – маман» мәніне айналдыруды мақсат етеміз.
Мирлан Ахмедияұлы, Сіз кітап оқисыз ба? Соңғы оқыған шығармаңыз қандай?
– Төлен Әбдікұлының «Парасат майданы» кітабы. Онда тірішілік ағысының тереңін, өмір шындығын философиялық тұрғыдан пайымдауын, адам тағдыры қоғам бейнесінің айнасы екенін жазушының шығармасынан тануға болады.
Әлеуметтік желіні пайдаланасыз ба?
– Иә. Әлеуметтік желі – баршамыздың өмірімізде де, жұмысымызда да күнделікті қарым-қатынасымызды да түбегейлі өзгерткен құбылыс. Оның пайдасы да, зияны бар. Бірақ, оны дұрыс пайдалану керек. Білім саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, озық технологиялармен алмасуға, қажетті пікір алмасуға көмегі өте зор.
Генерал атанғаныңызға бір жылдан асқан екен. Айтыңызшы, осындай жоғары шенге жету қаншалықты қиын?
– Генерал болу – бір жағынан оңай, бір жағынан қиын. Барлығы әрбір адамның өзінің қызметтік міндеттерін адал орындауына байланысты. Барлық қызметтік мансап баспалдақтарында оған үлкен жауапкершілікпен қарадым, қарай беремін. Ең бастысы, менің қызметтегі алға тырысуымды жоғарыдағы басшылар байқап, қызмет бабы бойынша өсуіме жол ашқаны осыдан шығар.
Иә, жауапкершілік өте жоғары, менің осы лауазымда отырып шешім қабылдау деңгейім қателікті кешірмейді. Сондықтан мен генерал ретінде әділ, талапты және жүйелі жұмыс істеуім қажет. Әрбір офицер үшін Отанын сүю мен антына берік болу – басты қағида. Ең бастысы, әр күн сайын өз қызметтік міндеттерімді адал орындаудамын. Менің қызметімнің нәтижесі мен бағасы – осы генерал атағына қол жеткізуім.
Мен үшін ең бастысы, ерекше қызметтік және азаматтық борышымды сезіну ғана емес, ол адам мен азаматтың, қоғам мен мемлекеттің алдындағы ендігі жоғары жауапкершілігім, өмірдің қандайда болмасын әртүрлі жағдайларында дұрыс шешім қабылдау, талапты және әділ басшы болу. Барлығында да, қызметке деген көзқарасымда да, әртүрлі өмірлік жағдайларда да жеке үлгімді көрсету.
2017 жылдың 6 мамырында Ақорда төрінде жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Сіздер жауынгерлік өнегелі үрдісті, бабалардың ерлік дәстүрін жалғастырып, барлық жеке құрам үшін қалтқысыз қызметтің үлгісін көрсетіп келесіздер. Әскери дайындық деңгейінің артуы, әскердегі және құқық қорғау органдарындағы мінсіз ахуал сіздердің басшылық ету ісін сауатты жүргізулеріңізге байланысты. Күш-қуаттарыңыз, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқықтық тәртіпті, еліміздің конституциялық құрылымын сақтауға бағытталуға тиіс. Сіздер қоғамдағы ең жауапты миссияны – қазақстандықтардың бейбіт өмірі мен тәуелсіздігіміздің құндылықтарын қорғау ісін жүзеге асырып келесіздер», – дегені өмірімнің мызғымас темірқазығы.
Әңгіменізге рахмет!

Сұхбаттасқан Майрагүл МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*