Елімізде туристік полиция құрылуы мүмкін

Осы аптаның дүйсенбісінде Мәжілістегі Үкімет сағатында ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов елімізде туристік полиция құруды ұсынды. Осы орайда, депутаттар оған Қазақстанға саяхаттап келетін туристерге қатысты құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әдебі бойынша айтылған сыни пікірлер туралы сұрақты да төтесінен қойды. Сонымен, бізге туристік полиция қызметін құру қажет пе?
Алдымен Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Көші-қон қызметі комитетінің төрағасынан туристер арасында құқық қорғау органдары қызметкерлері туралы жағымсыз пікір қалыптасуының себебін білгісі келді.
«Әрине, туризмді дамыту үшін көп мәселе шешімін табуы тиіс. Сырттан келетін туристер үшін әуежай мен вокзалға келіп түскеннен, еліне кеткенге дейінгінің бәрі маңызды. Құқық қорғау құрылымының қызметіне қатысты туристер ұшырайтын кедергілер туралы жағымсыз пікірлерге жиі куә боламыз. Бұл мәселе өзара қатынас пен түсіністікке байланысты болып отыр. Қазір Ішкі істер министрлігі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мәдениетін, этикасы мен стилін қалыптастыруда қандай шаралар қабылдап жатыр?», – деп сұрады депутат.
Өз кезегінде Мұрат Қабденов те полицейлердің жұмысына қатысты жекелеген жағымсыз пікірлер барын жасырмады.
«Иә, мұндай жағдайлар болуы мүмкін. Бірақ, бұл жаппай сипат алып отыр деуге келмейді. Полицейлер жіберетін кемшіліктерге қатысты Ішкі істер министрлігі, оның ішінде Өзіндік қауіпсіздік департаменті қызметтік тергеу жүргізіп жатыр. Соған сәйкес, қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылады», – дей келе, полиция генерал-майоры бүгінде туристермен тікелей жұмыс істейтін арнайы полиция қызметін құру бастамасы зерделеніп жатқанын баса айтты.
«Жағымсыз пікірлерге қарағанда, жақсы пікірлер көп. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі мен Алматыдағы Универсиада ойындары сынды шаралар полицияның шетел азаматтарына жеткілікті дәрежеде қызмет көрсететінін дәлелдеді. Бүгінде Мемлекет басшысының құқық қорғау жүйесін жаңғырту аясындағы тапсырмасы бойынша көп жұмыстар атқарылып жатыр. Орталық коммуникациялар қызметінде Ішкі істер министрі есеп бергенде де ішкі істер органдарындағы кадрларды іріктеу жүйесі толықтай қайта қаралатынын айтты. Қазір біз туризм саласын қолдау мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, Мәдениет және спорт министрлігімен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Бірқатар мәселелерді айттық. Соның бірі – туристермен тікелей жұмыс істейтін туристік полицияны құру. Онда белгіленген функциялары бар. Қазір халықаралық тәжірибені зерттеп жатырмыз», – деді Мұрат Қабденов.
Осы орайда, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы туризмді дамыту үшін туристік полиция қызметін құру қажет болып отырғанын, өз басы бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді.
Иә, туристік полиция қызметі – халықаралық тәжірибеде бар құрылым. Мәселен, 2013 жылдың қазанында туристерге көмектесетін арнайы полиция бөлімшесі Оңтүстік Кореяда құрылды. Оның құрамына ағылшын, жапон, қытай және басқа да шет тілдерін білетін 100-ге жуық жас қызметкер кірген. Туристік полицейлер қаракөк түсті ерекше формаға ие болды және ол киімдерді PSY реперінің «Gangnam Style» әнінің клипіндегі киімдерді әзірлеген дизайнер жасап шыққан. Сондай-ақ, әрбір полицейдің формасында оның қандай тілді білетінін білдіретін арнайы жапсырмасы бар. Оларға туристер «таксист немесе тамақ сатушы көше саудагері алдап кетті» дегендей мәселелермен барып шағымдана алады. Алайда, бөлімше қызметкерлері өздерімен бірге қару алып жүрмейді. Күрделі жағдайларда олар әдепкі полицейлерді көмекке шақырады.
Ал Мәскеуде туристік полиция қызметі 2014 жылдың тамызынан бастап жұмыс істеуде. Ол батальонда барлығы 171 адам бар десек, соның 35-і – қыздар. Олардан ең алдымен ағылшын тілін жетік білу талап етіледі. Одан кейін ептеп болса да қытай, француз, испан және басқа да тілдерді меңгеруі шарт.
Аталған саланың еш мемлекеттің «тақиясына тар келмейтініне» былтыр Дубай туристік полициясының әлемдегі ең үздік полиция ретінде Гиннес рекордтар кітабына енгені де дәлел бола алады. БАӘ құқық қорғау органдары бұл марапатқа Ferrari, Mazerati, Bugatti және Porche сынды жоғары санаттағы көліктерімен лайық деп танылған. Дубай полицейлерінің айтуынша, тіпті, кейбір туристер олардан қолдарына кісен салып, әсем шаһарды қымбат көлікпен аралауды да жиі өтінетін көрінеді.
Енді өзімізге келсек, осыдан төрт жыл бұрын Алматы қалалық мәслихаты 2004-2010 жылдарға арналған туризмді дамыту бағдарламасын бекіткен болатын. Сол сәтте бағдарламаның Алматы мен оның төңірегіндегі туристік кәсіпорындарға инвестиция салуға қолайлы жағдайлар туғызу, қызмет көрсету саласындағы стандарттар мен сертификаттарды белгілеу, туризм саласына арнап мамандар дайындау сапасын арттыру сынды жобасына осы туристік полиция қызметін құру да енгізілген. Неге екені белгісіз, кейін бұл бастама аяқсыз қалды. Әйтпесе, Дүниежүзі экономикалық форумының 2017 жылдың шілдесіндегі индексі бойынша Қазақстан туристік қауіпсіздік рейтингінде АҚШ, Франция және Ұлыбританияны басып озып, 58-орынға тұрақтаған еді. Осындай туристік әлеуеті қарқынды дамып келе жатқан елге сол саланың қауіпсіздігі мен тәртібін қамтамасыз ететін арнайы сақшылар керек-ақ.
Алайда, елімізде ішінара бұл туралы кереғар пікірдің қалыптасуы да заңдылық. Мәселен, белгілі журналист Марат Тоқашбаев әлеуметтік желіде жоғарыда аталған Үкімет сағатындағы ұсынысты қолдамайтынын білдірді. Бірақ, ол бірден: «Әр шетелдік турист полиция үшін «асқан бай» болып көрінеді. Әрі әрқайсысы содан өз үлесін алып қалуға тырысады. Туристік полиция құрудың мақсаты туристерді қорғау болғанымен, ол іс жүзінде заңдастырылған «туристерді тонау» болып шығады. Әлеуметтік желілер заманында сондай бірнеше фактінің өзі Қазақстанды туристер аяқ баспайтын елге айналдыруы оп-оңай», – деп кесіп-пішіп айта салған. Шын мәнінде, біздің ел сақшыларын өйтіп жаппай тұқырта сөйлеуге хақымыз жоқ. Оңтүстік Корея, Ресей, БАӘ сақшылары құрлы бірнеше шет тілін меңгеріп, туристерге сапалы қызмет көрсете алатын қыз-жігіттер қазақтан да шығады. Бүгінде Ішкі істер министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі бірігіп, туристік полицияға қатысты халықаралық тәжірибені бекер саралап отырған жоқ.
Ал ішкі істер органдары қызметкерлерінің жеке мәдениетіне келсек, ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің мәжілісмендер алдында айтқанындай, олар жіберетін кейбір кемшіліктер Өзіндік қауіпсіздік департаменті тарапынан қатаң қаралады. Осындай тәртіптік жауапкершілік бар жерде тәртіп сақшыларының салалық құрылымдарға бөлінуінің пайдасы болмаса, зияны жоқ деп білеміз.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*