Спортшы ардагер

Орал қалалық Ішкі істер басқармасы Ардагерлер кеңесіндегі белсенді ардагерлердің бірі – Жексен Қойбағаров бұл күнде үрім-бұтақтарының ортасында ардақты ата атанып отырған бақытты жан. Бала-шағалары атасының еңбекқорлығымен және спортты жақсы көретін шынайы қасиеттерімен мақтанады. Басқармадағы жас қызметкерлерге самбо ережелерін үйретіп, спортшылардың кәсіби шеберліктерінің шыңдалуына сүбелі үлесін қосуда.
1952 жылдың 6 қаңтарында Бөкей Ордасы ауданында жарық дүние есігін ашқан Жексен аға 1969 жылдың мамыр айында Жәнібек ауданындағы Т. Жароков орта мектебін жақсы бағамен аяқтаған. Ардагер мектеп өмірі, оқушы кездегі қызықты оқиғаларды майын тамызып айтуға шебер. Сары май топырақта аунаған, құм сапырған, жаңбырдың шалшық суын кешкен балалық шағын сағынады, сыныптастарын әркез есіне алады. Айтпақшы, Жексен Мажитұлы мектепті аяқтағандарына 20 жыл толу, яғни, мектеп бітіру кешінің 20 жылдық торқалы тойына, салтанатты дастарқанына арнайы шақырылып, кездесу барысында сөз берілгенде:
Тайыр аға мектебім,
Ғарыштай берсін түлегің.
Міне, саған келіп тұр,
Өзіңнен өткен тентегің, – деп жылы лебізін әдемі өлең жолдарымен өрнектеген. Кездесуде ойынан шыққан осынау жолдарды әлі күнге жатқа соғады.
1970 жылы әскер қатарына Орал қаласынан аттанып, Қиыр Шығыстағы Приморский өлкесіне қарасты «Лозо» стансасына тоқтап, арнайы инженерлік-саперлар батальонында аттай екі жыл азаматтық борышын атқарған. 1972 жылдың суық желді қарашасында әскерден оралып, үйімен қауышады.
Жексен Қойбағаровтың ішкі істер органындағы алғашқы еңбек жолы 1975 жылдың мамырында бастау алған. Алғашында қалалық Ішкі істер бөлімі жанындағы ветеринар қызметіне қабылданады. 1978 жылы ұрланған автокөліктерді іздестіру бөліміне ауыстырылады. Әр тапсырманы мінсіз орындайтын милиция қызметкері 1979 жылы арнайы қабылдау орнына инспектор лауазымына тағайындалды. 1986 жылдан 1995 жылдың мамырына дейін учаскелік полиция инспекторы лауазымында жемісті еңбек еткен. Учаскелік полиция испекторы қызметінде ауыл тентектерін тезге салып, «Депо» және «Молодежный» мәдениет үйі аудандарындағы біраз жастармен жұмыстануға тура келеді. Одан соң «Селекционный» және «Желаев» ауылдары мен «№2 жұмысшылар ауданындағы» тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, зейнеткерлікке шыққанша қызмет атқарады. Қайратты жанына серік қып байлаған Жексен ағамыз әңгімелесу кезінде учаскелік полиция инспекторы лауазымын атқару барысында «Селекционный» ауылындағы атыс болған мекенжайға барып, араққа сылқия тойған азаматқа тойтарыс бергендерін айтып берді.
– Ол кезде қазіргідей су жаңа қызметтік көліктер жоқтың қасы. Жоқтан бар құрап, астымыздағы жалғыз «УАЗ-ға» риза боламыз. Шақырту бойынша қаланы шулатқан атыс болған үйге бардық. Үйге жан баласын кіргізбейді. Есіктер ішінен құлыптаулы. Үйдің ішінде кісілер бар екенін біліп тұрмыз. Мылтықтан тарсылдатып сыртқа қарай оқ жаудырып отырған азамат біздерден: «Ит әкелдіңдер ме?», – деп анда-санда сұрайды да, қайтадан гүрс-гүрс атады. Ату аз болса керек, үйдің ішіне өрт қойған. Бықсыған түтіннің иісі сырттағы біздің қолқамызды жарып, көзімізді удай ашыта бастады. Өзі де көк қою түтінге тұншыққан болса керек, форточканы ашып жабады. Қасымда самбодан спорт шебері Рамазан Нұрмашев деген қызметтес жігіт болатын. Рамазан көршілес терезеден сездірмей ішке кіріп, арқасынан ұрып, шалып құлатып, ұстады. Сосын мен үйге кіріп, үй ішіндегі өзге адамдарды сыртқа шығардым. Ес жия келе, отбасы мүшелерін өрттен және оқтан аман алып қалғанымызға қуандық. Соңынан білгеніміз, оқ атқыш азаматымыз бірнеше жыл кәсіби аңшылық құрған әккі екен. Патрондары көп-ақ. Осылайша, зулаған оқтар әріптесіме де, маған да тимей мықтыны ұстадық. Ол заң алдында жауапқа тартылды, – дейді.
1980 жылы С. Датов көшесіндегі аялдамалардың біріне жетіп, қызмет атқарып жүргенде тағы бір дабыл түсіп, ақыл-есі кем азаматты құрықтағандарын әсерлі баяндап берген еді. Шақырту бойынша мекенжайға барғанда үйдің ішін қопарып, қолындағы балтаны қабырғаға лақтырып қадап, отбасының есін қашырған ер адамды көреді. Қала берді, айырды қабырғаға қадаймын деп лақтырып жатыр. Кеше ғана әскерден оралған тұла бойын күш кернеген жігітіміз лақтырған балта мен айыр көздеген жерге шанши қадалады. Бұл жолы да қызметтесі Рамазан Нұрмашев балта лақтырғышты алаңдата тұруларын өтініп, артынан жабысып ұстайды. Рамазан үстіне құлап, қолына кісен салып, бөлімге жеткізеді. Тағы бір мықтыны осылайша құрықтаған.
Ж. Қойбағаров қызмет атқарған уақытта «Динамо» самбодан өткізген жарыстарға «Қайрат» пен «Авангард» спорт клубтары, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институты мен А.С. Пушкин атындағы педагогикалық институт мықтылары шығатын. Жексен аға 57 келіге дейінгі салмақта күрескен. Жеті салмақ дәрежесі бойынша түрлі мемлекеттерден 42 спортшы қатысқан белдесулердің бірінде Ж. Қойбағаров жеңіске жетеді. Қазақ КСР-і Ішкі істер министрлігі өткізген біріншілік Целиноград қаласында ұйымдастырылып, жарысқа қалалық Ішкі істер бөлімінің құрама командасы барады. Команданың намысын қорғаған самбошылардың қатарында милиция майоры Ж. Қойбағаров та бар еді. Барлығы жеңіспен үйлеріне оралады. Милиция майоры Жексен Мажитұлы 1995 жылдың мамыр айында ішкі істер органдарында 25 жыл қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықты.
Бүгінде жұбайы Рая Демесінқызымен немере-жиен сүйіп, солардың спортшы атасы атанып отырған айрандай ұйыған шаңырақтың мәуелі бәйтерегі. Жастардың спорттағы тәлімгері, кеңестің алдыңғы қатарлы ардагері атанып жүрген Жексен ағаның еңбек еткен жолдары жас буынға үлгі.

Гүламан ИСМАҒҰЛОВА, Орал қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*