Шеберлік те шыңдалумен келеді

Полиция қызметкерлерінің өздеріне жүктелген міндеттерді ажалдың аузында жүріп атқаратыны жасырын емес. Оған еліміз Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде 800-ден астам полиция қызметкерінің қаза тауып, 2 мыңнан аса әріптесіміздің жарақат алғаны куә.
2016 жылы Алматы және Ақтөбе қалаларында болған террорлық актілер полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберліктерін сынға салған оқиға болды десек, артық айтқандық емес. Мұндай қауіптің алғы шебінде жергілікті полиция қызметінің және арнайы жасақ жауынгерлері жүретіні белгілі. Жүретіні деп жұмсартып айтқанымыз болмаса, олар ажалдың аузына кіріп шығады деген жөн шығар. Мұндайда әрбір полиция қызметкері қылмыскерді ұстауда, ең бастысы – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде атқан оғы дәл тиетін сұрмерген, жүгірсе қашып бара жатқан күдіктіні қуып жетер желаяқ, қылмыскерлер бекінген ғимараттың ішіне кіргенде өз өмірін және артындағы әріптестерінің өмірін сақтай отырып, қауіптің бетін қайтару, қажет болған жағдайда көп қабатты үйдің қабырғасына арқанмен жыланша өрмелеу сияқты небір әбжіл әрекеттерді меңгеруі керек. Оңай емес, әрине! Мұндай кәсіби шеберлік тек шыңдалумен келеді.
2016 жылы құрылған Арнайы даярлық департаменті бүгінде ішкі істер органдары қызметкерлерін осындай кәсіби шеберлікке үйрететін, жаттықтыратын орталыққа айналып үлгерді. Қазір барлық облыстарда Арнайы даярлық орталықтары бар. Мұнда спорттың небір күрделі түрлерін меңгеруге және қару қолдануда мергендік пен шеберлікке баса назар аударылады.
Атап айтқанда, осы аз уақыттың ішінде Ішкі істер министрлігінің Арнайы даярлық департаментінде қыруар шаруа атқарылды. Ең бастысы – арнайы даярлықтың қыр-сырын үйрену үшін шетелдермен тәжірибе алмасуға ден қойылды. Ресейлік жауынгерлермен қоян-қолтық жаттығу дәстүрге айналса, Франция, Белоруссия елдерімен де тығыз қарым-қатынас орнатылған. Осындай жанкешті жаттығулардың нәтижесінде қазір полиция қызметкерлерінің қаруды қолдану машықтары артты. Әрине, нысанаға ату мен тірі адамға қару кезену жауынгерлерден психологиялық дайындықты талап ететіні сөзсіз. Осыған орай арнайы даярлықтар барысына кәсіби психологтар тартылады. Бүгінде қаруды сеніммен қолдана алатын полиция қызметкерлерінің саны жедел артып келеді. Жаппай тәртіпсіздіктер мен көтеріліс кезінде тәртіп сақшыларының қоян-қолтық айқасу, қалқанмен, дубинкамен жұмыс істеу шеберліктері де үлкен рөл атқарады. Кәсіби шеберлікті жан-жақты дамыту үшін жыл сайын жаңа жаттығулар түрі қосылып, даярлықтың жаңа тәсілдері ұсынылады.
Полиция қызметкерлерінің шеберлігін шыңдауда түрлі жарыстар мен турнирлердің даярлық сапасын арттыратыны сөзсіз. Солардың бірі – жуырда Ішкі істер министрлігінің Алматы аймағындағы жаттығу алаңында ішкі істер органдары «Арлан» арнайы мақсаттағы бөліністері арасында Ішкі істер министрлігінің «Тактикалық көпсайыс» кубогы үшін өткізілген турнир. ІІМ Арнайы даярлық департаменті ұйымдастырған бұл сайысқа республиканың барлық облыстарынан 18 команда қатысып, арнайы мақсаттағы қызмет сарбаздары түрлі жаттығулардан күш сынасты. Небір күрделі операцияларды жүзеге асыратын арнайы мақсаттағы бөлініс қызметкерлерінің мергендіктері мен шабуыл кезіндегі кәсіби шеберліктерін сынға салған сайыс кезінде тек күштілер мен ептілер ғана алға шықты. Турнир барысында арландықтардың жауынгерлік даярлықтарына біз де куә болғанбыз. Ең бірінші кезекте биіктігі 2 метр қабырғадан секіруде жігіттердің шеберлігіне шынымен де қайран қалдық. Салмағы 15 келі болатын сауыт пен түрлі жабдықтары бар экипировкаларын арқалаған жігіттер осындай ауырлықпен жүгіруден де, секіруден де еш мүдірген жоқ. Ал, «қарулы қылмыскерлер жасырынған» 5 қабатты үйдің сыртқы есігін бұзып кірген арландықтардың қимылы осы сәт жаттығу тамашалап тұрғанымызды ұмыттырып жіберді. Керісінше ширақ әрі көз ілеспес жылдамдықпен іштегі «қарулы қылмыскерлермен бетпе-бет келген» жігіттер небір операцияларды орындағанда шынымен де бұрыш-бұрышта тұрған сұлбаларға жан бітіп, іште жан алып, жан беріскен айқас болып жатқандай сезіндік. Жарылған «гранатаның» түтіні арасынан тапаншаның шаңқылдаған ащы дауысы жиілеген сайын сыртта тұрып жанымызды шүберекке түйгендей болдық.
Бұдан кейінгі кезеңде бес қабатты үйдің төбесінен түсіп, қылмыскерлер бекінген қабаттағы терезені быт-шыт қылып басып кірген оларды мұнда да небір қауіптің апаны күтіп тұрғаны белгілі. Альпинистерше арқанмен қабырғамен келе жатқан арландықтарды «іштегі қылмыскерлер» моп-момақан жағдайда қарсы алмайтыны айдан анық. Небір қару түрлерін қолданудан олар да құр алақан емес. Ендеше жігіттердің өмірі қандай қылдың үстінде тұрғанын бағамдай беріңіз. Расында да осы сәт маған өмір мен өлім бетпе бет келіп, «қайсымыз мықтымыз» деп белдесіп жатқандай көрінді. Осындай қауіптің қылышы қаншама полиция қызметкерлерінің қыршын өмірлерін қиып түсті десеңізші. Осы жерде олардың жүрек ауыртар санын санамызда жаңғыртпай-ақ, әр қаза болған қызметкердің бір-бір үйдің тірегі, бір-бір әулеттің үміт артқан жалғасы екенін еске түсірсек, жүрек қайғысының қара пердесінен құтыла алмай жүрген арттағы аналары мен бала-шағаларын ойламай қала алмайсыз. Иә… олардың әрқайсысы бір-бір шаңырақтың шырағы болатын. Сол шырақтар басқаның өмірін құтқарамын деп ерте сөнді. Осындай ойлардан кейін патша көңілімізде полиция қызметкерлеріне деген құрмет бұрынғыдан да арта түсті.
Көп қабатты үйдің ұшар басындағы снайперлердің оғы да нысанаға дәл тиіп жатқанын көргенде жігіттердің сұрмергендігіне сүйсінбей тұра алмайсыз.
«Аталған турнир Ішкі істер министрлігінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Қарулы қылмыскерлермен бетпе-бет келетін арнайы мақсаттағы жасақ сарбаздарының тактикалық шеберліктерін шыңдап, оларды небір қауіпті оқиғалар кезінде шұғыл шешім қабылдауға, қаруды тиімді қолдануға үйрететін мұндай турнир алдағы уақытта жыл сайын өткізілетін болады. Турнирдің мақсаты – теракт, шабуыл жасау, жаппай тәртіпсіздік, көтеріліс кезінде полиция қызметкерлерін адамдардың өмірін сақтаумен қатар, өздерінің де қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуге машықтандыру. Өйткені, қауіпті жағдайда адамдардың өмірін сақтап қалу ең алдымен полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберліктеріне байланысты», – дейді Ішкі істер министрлігі Арнайы даярлық департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Евнеев.
Турнир қорытындысында жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Алматы қалалық, екінші орынды Қарағанды облыстық, үшінші орынды Ақмола облыстық Ішкі істер департаменттерінің «Арлан» арнайы мақсаттағы жасақтары иеленді. Бірінші орынды иеленген Алматы қалалық ІІД арнайы мақсаттағы «Арлан» жасағына Ішкі істер министрлігінің кубогы табыс етілді және турнирдің жеңімпаз командалары Ішкі істер министрлігінің грамотасымен марапатталды.
Сондай-ақ, жарыс нәтижесіне арналған салтанатты жиында ІІМ арнайы мақсаттағы бөліністерінің бірқатар қызметкерлері «Ішкі істер министрлігінің «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлінісіне – 20 жыл» медалімен марапатталды.
Түйіндей айтқанда, Арнайы даярлық департаменті бүгінде барлық облыс орталықтарында ашылған даярлық орталықтарының жауынгерлерін жан-жақты жаттықтыру үшін ауқымды жоспармен жұмыс жасауда. Оларды физикалық тұрғыдан ғана емес, теориялық жағынан да қаруландырудың маңызы зор.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, суреттерді түсірген автор

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*