Ақынжанды курсант

Құқық қорғау органдары қызметкерлері десе, көз алдымызға бірден екі иығына екі кісі мінгендей алып тұлғалы, мығым денелі азаматтар келеді. Алайда, тәртіп сақшыларының арасынан әуелетіп ән шырқағанда елді аузына қарататын әнші, сөйлегенде сөздің майын тамызатын шешен, бір сөзбен айтқанда шығармашылық адамдарын кезіктіруге болады. Шығармашылыққа жақын осындай азаматтардың бірі Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясында білім алып жүр.
Ақынжанды жігіт Думанжан Асқарбекұлы бүгінде ІІМ Қостанай Академиясының 4-курс курсанты. Ол 1998 жылы қазіргі Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Пернебаев атындағы ауылда дүниеге келген. 2015 жылы мектеп қабырғасынынан түлеп ұшып, Академияға оқуға түскен. Оған мұнда оқуға түскені кеше ғана секілді. Бірақ, көзді ашып-жұмғанша төртінші курсқа келіп қалғанын айтады.
«Мұнда курсанттарды құқық қорғау органдарына жалпылама дайындамайды. Менің тереңдетіп оқып жатқан бағытым – әкімшілік саласы. Ішкі істер органдарының бұл бағытына жергілікті полиция қызметкерлері, яғни учаскелік инспекторлар, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар және т.б. мамандықтар жатады. Мен ертең Көліктегі Ішкі істер департаментінде қызмет ететін болғандықтан, сол бағытта терең білім алып жатырмын», – деді ол.
Думанжанмен әңгіме барысында оның сөзге шешендігін аңғарып, бұл қабілетіне тәнті болғанымызды жасырмадық. «Халықпен жұмыс істеген соң, олардың әрқайсының тілін табуың керек. Барлығына бірдей жағуың мүмкін емес. Қанша адам бар, сонша мінез бар дегендей. Сол үшін де полицей сөйлегенде көпті өзіне қарататындай оратор, адамды іс-қимылына қарап танитын психолог болу керек. Академия қабырғасында осының бәріне үйретеді. Өзім, мысалы, көптің алдында тұтықпай сөйлеуді, сөйлегенде де әрбір сөзді анық әрі ұғынықты етіп айтуды үйрендім», – деп жауап қатты бізге.
Ал ақындық өнер қайдан дарыды деген сауалымызға Думанжан: «Ақындық өнер маған анамның ақ сүтімен дарыған. Өйткені, атам алты алашқа танымал ақын болмаса да, әуесқойлықпен өлең шығарған. Кішкентайымда маған арнаған өлең шумақтары бар. Атамнан бөлек туысқан әпкелерім де өлең шығарумен әуестенді. Ол әуестік пе, әлде қаннан дарыған қасиет пе, ол жағы маған беймәлім. Оның үстіне анам тіл-әдебиеттен мұғалім. Соның да бір әсері болған шығар. Өйткені, үйде кітап деген үйіліп жататын. Сол кітаптарды оқып өстім», – деді ол.
Думанжан өлең шығару қабілетін полиция сапында жүріп те дамыта алатынын айтты. Оның айтуынша, шығармашылықпен шұғылдануға шектеу жоқ. Академия қабырғасында да бос уақыты бола қалса, қолына қалам алып, шабыттың кемесінде шалқып, там-тұм ойларын өлең күйінде қойын дәптеріне түсіреді. Ақынның жетістігі – өлеңінің жарыққа шыққаны. Оның облыстық, аудандық деңгейдегі газет-журналдарға біршама өлеңдері жарияланыпты. Бүгінде Академия қабырғасында шығарылатын журналға, Қостанай қаласының облыстық журналдарына да өлеңдері басылып жүр екен. Бұдан бөлек, ақындар мүшәйраларына қатысып, қанжығасы майланған кездері де көп. Думанжанның өлеңдері көбіне патриоттық, Отанға деген сүйіспеншілік, махаббат тақырыптарына арналған. Ол бізге адам баласының өзінің Отанына қарсы әрекеттеріне көңіл толмаушылықтан туған «Қорқайын дедім…» деген өлеңін оқып берді.
Ақындық пен полиция. Бір-бірімен қабыспайтындай көрінеді. «Ақындыққа жақын бола тұра полиция қызметіне келуің қалай?» деген заңды сауал туындады. Бұл сауалымызға жауап берген Думанжан бастауыш сыныпта оқып жүргеннен-ақ өскенде ел қорғаны – полиция қызметкері болатынын білгенін айтты. «Арманымның шыңында осы мамандық тұрды. Полицейлердің нысанды формасына, қыр салып киген киіміне, жүріс-тұрысына сырттай қызыға да қарайтын едім. Әлі есімде, 3-сыныпта оқып жүргенімде ұстазым барлығымызға кім болатынымыз туралы жазып келуді тапсырды. Мен сол кезде «Арманым – полиция болу» деп жазыппын. Сол арман орындалып келеді», – дейді ол.
Академия қабырғасынан келер жылы түлеп ұшатын Думанжан төрт жыл білім нәрімен сусындатқан ұстаздарына алғысын жеткізуді де ұмытпады. Маман болып қалыптасуына көп еңбек сіңіріп жүрген Академия бастығы, әкелеріндей болып кеткен полиция генерал-майоры Мирлан Қызыловқа, одан бөлек, Академия, курс басшылығына, олардың орынбасарларына ерекше алғысын жеткізді. «Мен ертең жақсы маман болып шықсам, біріншіден, осы кісілердің арқасы», – деп түйіндеді әңгімесін ол.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, сурет автордікі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*