«Қазқұтқару-2018»: жеңімпаздар анықталды

Алматы облысындағы Тамғалы тас шатқалында «Жартасты қала – Астана» оқу-жаттығу полигонында өткен 23-ші «Қазқұтқару-2018» жиын-семинары аяқталды.
«Қазқұтқару-2018» жиын-семинарының негізгі мақсаты – құтқару бөлімшелерінің апаттық-құтқару, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу дағдыларын дамыту және жетілдіру, апаттық-құтқару құрал-саймандары мен техниканы пайдаланудың озық әдістерін меңгеру, апаттық-құтқару қызметтері құрамаларының іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізудегі өзара іс-қимылдарын пысықтау және тәжірибе алмасу, құтқарушылардың кәсіби даярлығын жетілдіру.
23-ші «Қазқұтқару-2018» республикалық жиын-семинарының салтанатты жабылуына ІІМ ТЖК төрағасының орынбасары М. Күлдіков қатысты.
10 күн бойы жедел-құтқару жасақтарының құтқарушылар командалары құтқару көпсайысы бойынша күрделі жарыстар кезеңінен өтті. Жиын-семинарында құтқару бөлімшелерінің 19 командасы, оның ішінде ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің 14 жедел-құтқару жасағы (Республикалық жедел-құтқару жасағы, Өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасақтары, Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Шымкент қаласы ТЖД Жедел-құтқару жасақтары), Ұлттық ұланның әскери бөлімшелерінен 2 команда, Алматы қаласы әкімдігінің Құтқару қызметінен 1 команда және Өзбекстан Республикасы (1 команда) мен Қырғыз Республикасы (2 команда) Төтенше жағдайлар министрліктерінен келген халықаралық командалар қатысты.
«Қазқұтқару-2018» шеңберінде құтқару технологиялары бойынша қатысушы командалар арасында семинар өтіп, апаттық-құтқару жабдығы мен қару-жарақтарының жаңа үлгілерінің көрмесі ұйымдастырылды.
«Орташа қиылысқан жергілікті жер бойынша кросс» жарысының қорытындысы бойынша орындар төмендегідей болды: 1-орын – Қырғыз Республикасы ТЖМ командасы, 2-орын – Ақтөбе облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағы, 3-орын – Республикалық жедел-құтқару жасағы. Сонымен бірге, командалар «Белағашта күштесу жаттығулары кешені» жарысына қатысып, онда 1-орынды Қырғыз Республикасы ТЖМ командасы, 2-орынды Республикалық жедел-құтқару жасағы, 3-орынды Өзбекстан Республикасы ТЖМ командасы алды.
«Техногендік апаттар жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары» дистанциясында 1-орынды Батыс Қазақстан облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағы иеленсе, 2-орында – Республикалық жедел-құтқару жасағы, 3-орында – Ақмола облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағы.
«Акваториядағы іздестіру-құтқару жұмыстары» дистанциясында Республикалық жедел-құтқару жасағы үздік шығып, екінші орынды Батыс Қазақстан облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағы, үшінші орынды Алматы қаласы әкімдігінің Құтқару қызметі иеленді.
«Табиғи апаттар ортасында іздестіру-құтқару жұмыстары» дистанциясында Республикалық жедел-құтқару жасағының, Батыс Қазақстан облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының және Шымкент қаласы ТЖД Жедел-құтқару жасағының командалары сәйкесінше алғашқы үш орынды бөлісті.
Барлық дистанциялардан өту нәтижелері бойынша жалпыкомандалық есепте 23-ші «Қазқұтқару-2018» жиын-семинарының жеңімпазы болып Республикалық жедел-құтқару жасағы танылды. Екінші орынды Батыс Қазақстан облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, үшінші орынды Ақмола облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағы иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

ІІМ ТЖ комитетінің баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*