Мерекелік шарадағы берекелі дастарқан

Петропавлда полицейлер арасында «Тіл – достық көпірі» атты мерекелік іс-шара өтті.
130-дан астам этнос өкілдері қоныс тепкен қазақ жерінде Президент Жарлығымен «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесі 1998 жылдан бастап тойланып келеді. Елбасының бірыңғай тіл саясаты халқымыз тарапынан қолдауын тауып, мемлекеттік тілді меңгеру өміріміздің қажеттілігіне айналды.
Қалалық Ішкі істер басқармасында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін тілдер фестивалі – полиция қызметкерлері арасындағы түрлі ұлт өкілдерінің басын қосатын игі іс-шара.
Шара барысында сөз сөйлеген Петропавл қалалық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұқатов қатысушыларды Қазақстан халқы тілдері күнімен құттықтап, өз сөзінде: «Былтыр басқарма бастығы болып тағайындалған кезде жеке құраммен осы мейрамды атап өткен болатынбыз. Менің жүрегімде ерекше әсер қалдырды. Тілдер мерекесі – тәрбиелік мәні бар іс-шаралардың бірі. Жеке құрам, мемлекеттік қызметте жүрген әрбір қызметкер мейрамдарды білуі керек. Біздің қызметкерлер жауапты қызметті атқара жүріп, бірін-бірі құрметтеп, әр халықтың дастарқанын жайды. Бұл егемен елімізде тұрып жатқан әр халықтың тіліне, салт-дәстүріне деген үлкен сыйластықтың белгісі. Сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деді.
Іс-шара барысында фестивальге қатысушылар бала туғанда, үйлену рәсімдерінде қолданылатын салт-дәстүрлер мен әдеп-ғұрыптарды көрермендерге паш етті. Мысалы, немістер өздерінің болашақ әйелдеріне тұрмысқа шығуға ұсыныс жасағанда бәліштің ішіне жүзікті жасыратын көрінеді. Ал өзбектерде болса, жас жұбайлардың бақытты отбасы болуының белгісі ретінде бір-біріне бал беру мен айнадағы жаңа бейнені көру рәсімі жасалады.
Сайыс соңында әр халықтың ұсынылған ұлттық киім үлгісіне, көрсеткен салт-дәстүрлері, ұлттық ән мен бидің орындалуына, дастарқанда жайылған ұлттық тағамдарына әділқазылар алқасы баға берді. Нәтижесінде тапсырмалардың барлығын жақсы орындап, татар халқы атынан өнер көрсеткен Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері үздік атанды. Екінші орынды қазақ халқының әдет-ғұрпын көрсеткен тергеу, анықтау, жедел-криминалистикалық бөлімдерінің қызметкерлері иеленсе, армян халқын таныстырған 2-ші полиция бөлімінің қызметкерлері үшінші орынға табан тіреді. Іс-шараға қатысқан барлық қызметкерлер дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Нұрбай СӘБИТОВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*