Академиядағы айрықша күн

ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясында қалыптасқан жылдағы дәстүр бойынша курсанттардан ант қабылдау рәсімі өтті. Маңызды сәтте Академияның 1-курсына қабылданған 250 жас курсант салтанатты түрде Отанына, еліне адал қызмет етуге ант берді.
Осы ерекше сәттің куәсі болу бізге де бұйырды. Академия плацында өткен салтанатты жиынға Қостанай Академиясының басшылығы, Ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Жоғары оқу орнына республикамыздың түкпір-түкпірінен оқуға түскен курсанттардың ата-аналары да осы күні қастарынан табылып, қуаныштарын еселей түсті. Академия алаңында колонналарға жасақталған курсанттар жерге қаққан қазықтай сап түзеп, бойларын тік ұстап, келген қонақтардың көздерін сүйсіндірді.
Салтанатты шараның ашылуында курсанттар мен келген қонақтардың алдында Қостанай Академиясының бастығы, полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов жас жауынгерлердің жігерін жанып сөз сөйледі. «Бұл – ішкі істер органдарының қызметкері болуға жасалған алғашқы қадам. Таңдаған мамандықтың маңызын, жүктелген жүкті жүрекпен сезіну қажет. Сендер Академияға оқуға түсіп, бастапқы белестерден өттіңіздер. Курсант мырзалар, бүгін, міне, сіздер қазақ халқына адал болуға ант бердіңіздер. Сіздерге барлық сынақтан сүрінбей өтуді, оқу семестрлері мен емтихан сессияларын ойдағыдай игеріп, нағыз кәсіби маман – беделді офицер болуларыңызды тілеймін. Бүгінгі берген анттарыңыз әрқайсыңыз үшін өмірлік сертке айналсын. Сонда ғана данқ пен құрметке биленіп, біздің Отанымыз Қазақстан Республикасының гүлденуіне үлес қосасыздар», – деген ол курсанттардың ата-аналарына тілегін білдірді. – Қымбатты ата-аналар балаларыңыздың жасаған тандауын мақтан тұтатындарыңызға кәміл сенемін. Олар білім нәрімен сусындап жатқанда Сіздердің жылы лебіздеріңіз, ата-аналық мейірімдеріңіз олардың оқу бағдарламасын ойдағыдай меңгерулеріне, қызметтік борыштарын мінсіз атқаруларына зор қолдау болады».
Алғашқы даярлық жас жауынгер курсын тәмамдаған 250 курсант ант қабылданды. Қатарды толықтырып отырған 250 курсанттың 80-ге жуығы қыздар. Оның 10-ы Тәжікстан Республикасының азаматтары екенін айта кету керек. Еліміздің түкпір-түкпірінен Тобыл топырағына келіп білім алуға бекінген курсанттар ерекше толқыныс үстінде ел мүддесі үшін қызмет етуге, қызметіне адал болуға ант берді. Ант қабылдау рәсімінен кейін Қостанай облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин құттықтау сөз сөйледі.
«Құрметті курсанттар, бүгін сіздер үшін елеулі күн. Сіздер елімізге қызмет етуге ант бердіңіздер. Ант беру – жауапты іс. Бұл үш әріптен тұратын сөзге құрметпен қарап, маңызы мен мағынасын жете түсіне білулеріңіз керек. Қазақстан халқы сіздерге тыныштық күзетін сеніп тапсырып отыр. Сондықтан сендерге тілерім, алдымызда жүрсеңдер қалқан болыңыздар, артымызда жүрсеңдер қорған болыңыздар»,– деді ол өз сөзінде. Бұл күні ата-аналар да үкілеген үміттері – балаларына бар жақсылықты тілеп, оқу ордасынан білікті маман болып шығатындарына сенім артатындарын айтты.
Маңызды сәтте бірінші курс ата-аналарының атынан құттықтау сөз сөйлеген Зажида Жамболатова курсанттарды құттықтай отырып: «Ант қабылдау – Отанға адал қызмет етуді міндеттейтін жауапты іс. Академия ұжымының сендерге берген білімі – болашаққа берілген бағдар. Жан қалауымен тандаған мамандықтарыңды жан-жақты меңгеріп, табандылықпен пен төзімділік танытып, білімді де білікті маман болатындарыңа сенім артамыз. Болашақтарың жарқын, жолдарың ақ болсын. Ата-аналарыңның артқан үміті мен сенімін ақтай біліңдер. Біз үшін балаларымыздың Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясында білім алуы – үлкен мақтаныш. Балаларымыз – біздің үкілеген үмітіміз, сіздерге сеніп тапсырған аманатымыз», – деді.
Сол сәтте ұлы Нұртас Түсіпбаевтың ант қабылдау сәтінің куәсі болу үшін Семей қаласынан Тобыл өңіріне арнайы келген ана Жанардың жанары жасқа толып тұрғанын көрдік. Қуаныштан көзіне жас алған ананың қасына барғанымызда көзін сүртіп тұрып бізге айтқаны «баламның есейгенін көріп, көз жасыма ерік бердім» болды. Ата-ананың үкілеген үміті мен халықтың артқан сенімдерін арқалаған курсанттар жауапкершілік жүгін бір адамдай сезінді. Осы күні ант қабылдап, бірінші курсқа қабылданған курсанттардың бірі Кристина Пряжникова сол сәтте бізбен ерекше әсерімен бөліскен болатын. «Бұл күн біз үшін ең бақытты және маңызды күндердің бірі. Отан алдында адал қызмет етуге ант қабылдай отырып, біз барлық күш-жігерімізді оқуға, борыштарымызды мүлтіксіз орындауға, патриоттық сезімді тәрбиелеуге және Отанға деген сүйіспеншілік сезімді қалыптастыруға бағыттаймыз. Себебі, бүгіннен бастап біз мемлекетіміздің адал қызметкері және білікті маманы болуға серт еттік», – деді.
Салтанатты шараның ресми бөлігінен келген қонақтардың назарына Академия курсанттарының күшімен дайындалған мерекелік бағдарлама ұсынылды. Мерекелік бағдарлама курсанттар хорының орындауындағы «Қазақстан полициясы» әнімен ашылды. Сонаң соң, аспаптарын асынған дабылшы взвод қыздары мен карабинщиктер өнерлерін паш етті. Сондай-ақ, Академия спортшылары да көрнекі өнерлерімен көпшілікті тамсандырды. Бүгінде Академияда 15 спорт шебері, 83 спорт шеберіне үміткер білім алып жатыр екен. Осыдан-ақ Академия қабырғасында спортқа айрықша көңіл бөлінетінін түсінуге болады. Боз кілем үстінде өнер көрсеткен спорт шеберлерінің әрқайсы жеке-жеке таныстырылды. Академия қабырғасында спортшыларды баптап, спорт саңлақтарын шығаруға көп еңбек сіңірген бапкерлердің де есімдері аталды. Спортшылар рухты жанитын патриоттық әннің сүйемелдеуімен өнер көрсетіп, көпшіліктің көңіліне жол тапты. Спорт саңлақтары боз кілем үстінде сальто, қарама-қарсы секіру, сапта тұрып сальто жасау, биіктікке секіру сияқты көрнекі өнерлерін көрсетіп, соңында спортшылар пирамида болып тұрып, ең жоғарысына шыққан курсант көк туымызды желбіретті. Отанға деген махаббаттарын олар осылайша жеткізді. Салтанатты шара соңында колоннаға жасақталған курсанттар салтанатты саппен жүріп өтті.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ, суреттер автордікі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*