Темекінің қымбаттауы тазалыққа да әсер етер…

Бірде Астананы дамыту мәселесі бойынша өткен мәжілісте Елбасы: «Жаяу жүргіншілер жолына сағыз бен темекі тұқылын тастайтындардың саусақ таңбасын алып, хаттама жазуды тоқтатқан жөн. Оларға айыппұл төлетіп, үш тәулікке қамау керек! Сонда ғана тәртіп болады», – деген еді. Одан кейін ішкі істер органдарында «нөлдік төзімділік» қағидасы қолға алынып, оның күнделікті өмірімізге әжептәуір өзгеріс енгізгені белгілі. Осылайша, тұрғындар арасында «қала тазалығы», «ішкі мәдениет» ұғымдары қалыптаса бастағанмен, кейбіреулердің тротуарға тұқыл тастау әдеті әлі де қалмаған.
Жалпы, темекіге қатысты көше тәртібінің көңіл көншітпейтіндігін қоя тұрғанның өзінде, оны тұтынушылардың өз денсаулығын ойлағанның маңызы зор ғой. Бұрын «темекі деген – жапырақ, оны шеккен – ақымақ» деген ұйқас жайшылықта құрдастар арасында айтылушы еді. Енді ол қазір белгілі бір топтың ұранына айналғандай. Таяуда қоғам белсенділері обыр мен өкпе ауруларының өршуіне темекі акцизінің арзандығы себеп болып отырғанын алға тартып, дабыл қақты. Олар Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа хат жолдап, көк түтіннің кесірінен Қазақстанда өлім-жітімнің саны артып отырғанын жайып салды.
«Біз Үкімет басшысына жолдаған хатта акцизді Еуропа елдеріндегідей 70 пайызға өсірмесек те, 50 пайызға көтеруді сұрадық. Біздіңше, бұдан Үкімет ұтпаса, ұтылмайды. Өйткені, акциздердің есебінен бюджет толығады. Ең бастысы, біз азаматтарымыздың өмірін сақтап қаламыз», – деді «Темекі түтінінен азат Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Жәмилә Садықова.
Билікке жолданған сол хаттың ықпалы болды ма, әйтеуір, биыл елімізде темекіге деген сұраныс төмендеп, оның әр қорабының бағасы 10,2 пайызға өсті. Ұлттық экономика министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 4 сәуірдегі «Фильтрлі темекінің бөлшек саудадағы минималды бағасын бекіту туралы» №260 қаулысына сәйкес, бір қорап темекінің бөлшек саудадағы бағасы 300 теңге болып бекітілді». Нақтырақ айтқанда, бұл соманы Қаржы министрлігі бекітті. Нәтижесінде, темекі өнімдеріндегі акциз бағасы әр мың данасы үшін қазір 7 мың 500 болса, 2019 жылы 8 мың 700 теңгені құрайын деп отыр. Ұлттық экономика министрлігі сарапшыларының дерегінше, бүгінде темекі шығаратын компаниялар өндіріс көлемін әжептәуір азайтқан. Биылғы қаңтардан бастап сигара, сигарилла және папирус сынды шылым түрлерінің 14,3 миллиард данасы өндіріліпті. Бұл көрсеткіш – былтырғы жылмен салыстырғанда, 11,7 пайызға төмен. Соңғы 9 айда 15,4 миллиард темекі мен папирос сатылған десек, бұл – темекі өндірісі бойынша соңғы 5 жыл ішіндегі ең төменгі деңгей екен.
«Үкімет мемлекеттің атынан темекі өнімдеріне қойылатын ең төменгі бағаны реттеп отырады. Әлбетте, темекі өнімдерінің ең төменгі бағасы оның акциздерінің көтерілуіне қарай реттеледі», – деп мәлімдеме жасады Қаржы министрлігі. Алайда, еліміздегі темекі өндіретін компаниялардың басшылары мен түтінге тәуелді адамдар, яғни тұтынушылар бағаның тым шарықтап кеткеніне наразы болып жүр.
«Темекі бағасының күрт өсуі контрафактінің көбеюіне әкелді. Салдарынан, бюджетке түсетін салық азайып кетті. Қазірдің өзінде базарларда ешқандай акциздік таңбасы жоқ 100-150 теңгелік шылымдар толып тұр. Олардың сапасы қандай екені белгісіз», – дейді «JTI Қазақстан» темекі компаниясының бас директоры Евгений Никольский.
Бәрібір биылғы шілде айы шылымқұмарларды қуанта қойған жоқ. Себебі, сол айдан бастап темекі өнімдерінің бағасы қайта өсті. Неге десеңіз, Қазақстан 10 жылдан бері Дүниежүзілік денсаулық сақтау қауымдастығының темекiмен күрес жөнiндегi негiздемелiк конвенциясын ұстануда. Сондықтан Үкіметтің №587 қаулысына сәйкес, 20 түрлі темекінің ең төменгі бағасы былайша бекітілді: 2018 жылдың 1 қаңтарынан 30 маусымына дейін – 340 теңге; 2018 жылдың 1 шілдесінен 31 желтоқсанына дейін – 360 теңге және 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 380 теңге. Демек, 2019 жылы қазіргі бағаның үстіне тағы 20 теңге қосылады. Осыдан кейін көк түтін тұтынушыларының саны азайып, көше тазалығы да реттеліп қалар ма еді, кім білсін…

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*