Көлікті тіркеу көп уақыт алмайды

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің мәлімдеуінше, биылғы 26 мамырдан бастап көлік құралын тiркеу мен жүргізуші куәлігін алу ісі жеңілдеген. Бұдан былай көлікті қайта тіркеу кезіндегі есепке қою, көлік құралын тіркеу туралы куәлікке өзгеріс енгізу және бұрын тіркелген көлікті қайта тексеру шарасы болмайды. Сондай-ақ, жүргізуші куәлігінің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін ауыстырып үлгергендер медициналық тексерістен өтпейді. Ал жүргізуші куәлігіне алғаш рет ие болғандар мен осы құжаттың қолдану мерзімін өткізіп алғандар медициналық тексеріске міндетті түрде жүгінеді.
Әкімшілік полицияның барлық тіркеу-емтихан бөліністері азаматтарды дүйсенбі күні (бұрын бұл күн техникалық күн болатын) де қабылдайды. Тіркеу-емтихан бөліністерінің жұмыс кестесі мынадай: дүйсенбі-жұма күндері сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін (түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін), сенбі күні сағат 8.00-ден 16.00-ге дейін (түскі үзіліс сағат 12.00-ден 13.00-ге дейін). Мұның барлығы Ішкі істер министрлігінің 2014 жылдың 2 желтоқсанындағы №862 бұйрығына, сондай-ақ, «Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында көрсетілетін мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы» 2015 жылдың 14 сәуіріндегі №341 бұйрығына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты қолданыстан алынып тасталады.
Тағы бір жағымды жаңалық, көлік жүргізушілеріне жоғары сұранысқа ие (VIP) мемлекеттік нөмірлерден басқа, сандық және әріптік белгілерді таңдау құқығы берілді. Енді олар 2,8 АЕК, яғни 6 мың 734 теңге төлеп, мемлекеттік нөмірдің өздері қалаған сандары мен әріптерін меншіктей алады. Айта кетейік, мемлекеттік нөмірлер тіркеу-емтихандық бөлімшелері мен арнайы ХҚКО-да ғана сатылады. Мұнда көлік жүргізушісінің қалаған мемлекеттік нөмірі әп-сәтте табылмаса, оған тапсырыс беруіне болады. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше, тапсырыс берілген мемлекеттік нөмір көлік иелерінің қолына Алматы, Астана қалаларында 5 күнде, өңірлерде 15 күнде тиеді. Мемлекеттік нөмір жоғалса, ұрланса немесе жарамсыз болып қалса да, осы мерзім аралығында қалпына келтіріледі. Еске сала кетсек, бұрын жүргізушілер оны 30 күн күтетін.
Мемлекеттік нөмірлер туралы барлық мәлімет тіркеу-емтихандық бөлімшелерінің ақпараттық стендтеріне орналастырылады. Ал арнайы ХҚКО-да мемлекеттік нөмірге қатысты дерек терминалға енгізіледі. Өзіңізге қажетті ақпаратты осы жерлерден іздесеңіз, шаруаңыз көп ұзамай шешіледі. Бұл ретте нақтылай кететін бір жайт, көлік мемлекеттік нөмір берілгеннен соң ғана тіркеледі. Егер көлік құралы елімізде бірінші рет тіркелсе, ол нөмірлік агрегаттардың есепке алу деректеріне сәйкестігін салыстыру үшін міндетті түрде тексеріледі. Бұл талап Қазақстандағы ресми дилерден сатып алынған көлік құралдарына ғана қолданылмайды. Яғни, елімізге шет мемлекеттерден, оның ішінде ЕАЭО елдерінен әкелінген темір тұлпарлар тексеруден өтпейінше есепке алынбайды.
Айтпақшы, мемлекеттік тіркеу нөмірінің көшірмесін жасау үшін баж салығының жартысы, яғни 1,4 АЕК алынады. Бұған дейін толық төлем, 2,8 АЕК талап етілетін.

Еркеғали БОЛАТҰЛЫ

 

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*