Батыл бала әкесін мақтан тұтады

Тамылжыған тамыз айының шуағымен нұрланған күн ұясына қарай жылжи бастаған кез болатын. Қуаныш күндегі әдетінше үйреншікті жолмен футбол ойнауға асығып бара жатқан. Бар ойы «кешегі ойында кімнің қандай шеберлігі болып еді» дегенге саятын мәселеге ауып келе жатып айналасындағы адамдарға да, тынымсыз ағылған көлік ағынына да назар аудара қоймады.
Тек құлағына «көмектесіңде-е-р» деген қыз баланың шырқыраған дауысы келгенде ғана селт еткендей, көзі жетер жерді жанарымен сүзіп шықты. Кенет бір қызды шашынан сүйреп бара жатқан шамамен 45-50 жастағы ер адамға қарай қалай оқша атылғанын өзі де сезбей қалды. Есіл-дерті жәбір көрген қызды қарақшының қолынан қалайда құтқарып қалу болған ол, ешқандай қауіпке қарамастан айқаса кетті. Аяқ астынан тап болған жас баланың екпініне шыдай алмаған қарақшы енді қызды босата салып, қашып кетуге ұмтылды. Абырой болғанда Қуанышқа көмекке келген адамдар дереу тәртіп сақшыларын шақырды. Жергілікті полиция қызметінің жедел тобы келгенде Қуаныш күдікті ер адамның қолын қайырып, ұстап тұр еді.
«Менің әкем Мейрамбек Альдиев Алматы қаласы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы 2-полиция батальонының инспекторы, полиция аға лейтенанты. Әкемнен адамдарға араша түсу әркімнің азаматтық парызы екенін жиі естіп өскендіктен жәбірленушіге көмек көрсету қажет болғанда ешқандай тартынған жоқпын. Бірақ, менде дәл сол кезде ерлік жасай қояйын деген ой болған жоқ. Барлық мақсатым – қыз баланы құтқарып, бұзақыны сақшылардың қолына тапсыру болды», – дейді Қуаныш Мейрамбекұлы.
Қауіп-қатерге қарамастан бұзақыны құрықтауда батылдық танытқаны үшін Қуаныш Мейрамбекұлы «Қазақстан Республикасының полициясына – 25 жыл» естелік медалімен марапатталды.
Сол күні оның әкесі де адалдығы мен қырағылы үшін алғыс хатқа ие болды. «Құрметті Мейрамбек Абдуллаұлы! Өз жұмысыңызды адал және кәсіби түрде атқарып, тез арада іс-шара қолданып жоғалған жеке мүлікті тауып қайтарғаныңыз үшін алғысымды білдіремін», – деп жазылған алғыс хаттың сыры мынандай еді. Мейрамбек өзі күзететін банк бөлімшесінде қызмет атқарып тұрып, ығы-жығы адамдардың арасынан үстел үстінде жатқан әмиянды байқайды. Полиция қызметкерінің қырағы көзі оның біреудің ұмытып тастап кеткенін тез бағамдайды да, әмиянның иесін іздеуге кіріседі. Көп ұзамай табылған әйел адам қомақты қаржысы бар әмиянының дін аман табылғанына қуанып, тәртіп сақшысына деген алғысын осылай жеткізіп еді.
Батыл бала Қуаныш Мейрамбекұлы мен қырағы қызметкер Мейрамбек Абдуллаұлының марапаттарын Алматы қаласы Мамандандырылған күзет басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Нұрсапин тапсырды.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*