Тіл жанашырының тілегі

Тілдер күніне орай ІІМ Оқу орталығында (Астана қаласы) «Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» тақырыбында шара өтті.
Бұл кештің құрметті қонағы – тілдің мерейін көтеріп жүрген отандастарымыздың бірі, «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» акционерлік қоғамы бас директорының кеңесшісі Оразкүл Асанғазы болды.
Шараның мақсаты – ІІМ Оқу орталығында (Астана қаласы) білім алып жүрген орта басшы, қатардағы және кіші басшы құрам тыңдаушыларына мемлекеттік тілге, дінге, Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Қай жерде болмасын қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында келелі пікір айтып, мәселе қозғап жүрген Оразкүл Асанғазы мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі туралы айтты.
Өз кезегінде Оқу орталығы (Астана қаласы) «Криминалистика және арнайы техника» циклінің бастығы, полиция подполковнигі Саят Биімбетов қызметкерлерге аударма жұмысын жүзеге асыруда үнемі әдістемелік көмек көрсетіліп, жеке құрамға мемлекеттік тілді оқып-үйрену курстары бойынша тілді үйреніп, әрі арамызда қазақ тіліне құрметпен қарап, еркін сөйлеп жүрген өзге ұлт өкілдері бар екенін тілге тиек етті. «Жалпы Оқу орталығында мемлекеттік тілді дамыту жұмысына ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да жеміссіз емес», – деп атап өтті ол.
Тағылымы мол кездесу соңында мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін Оразкүл Асанғазыға «Алғыс хат» табысталды. Кеш қонағы Оқу орталығын аралап, іс қағаздары мен құжаттардың, маңдайша жазулардың қазақ тілінде жазылатынына көз жеткізді.

Зұлқия МҰСАҚАНОВА, Астана қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*