Құқық қорғау жолындағы әдіснама

Кез келген мемлекеттің ұстанымын, ұлтының құндылығын айқындайтын негізгі құжат – ол Конституция. Ата Заңды аялап, қастерлеу – ұлттың ұлы парызы. Елбасы бір сөзінде: «Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау», – деген еді.
Мемлекетiмiздегi дүйiм құқықтық құжаттар мен заңдардың қайнар бұлағы – Конституциясының принциптерi мен заңнамалық нормаларына жүгiніп, елімізде қаншама нормативтік актілер қабылданды. Ел үшін маңызды «Қазақстан-2030», «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» стратегиясы, Елбасының жыл сайынғы «Нұрлы жол болашаққа бастар жол», «100 нақты іс, 100 нақты қадам» бағдарламасы, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдаулары мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалалары негізінде елімізде қыруар жұмыстар атқарылып келе жатыр. Әлемге әйгілеп, мәртебемізді асқақтатқан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі де жоғарғы дәрежеде өтті.
Мұның барлығына, әрине, құқық қорғау саласы қызметкерлерінің қосқан үлесі ерекше. Шетелден келген және қазақстандық азаматтардың қауіпсіздігін сақтауда күн демей, түн демей еңбек етуде. Сонымен қатар, жоғарыда атап өткендей, «Қазақстан-2050» стратегиясындағы «Мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік» принципіне сәйкес халық арасында құқықтық мәдениеттің және тәртіптің нығаюына жұмыс жасалынуда.
Адам өмірі мен қауіпсіздігіне жауап беріп, елдің ең басты қазынасы болып саналатын «Қазақстан Республикасының азаматы» деп көрсетілген Ата Заң өміршең болу үшін заңды орындайтын халықтың сауаттылығы, оның мәдениеті болуы шарт. Осы бағытта болашақ офицерлерді даярлап, арнайы бастапқы оқыту курсынан өткізетін ІІМ Б. Момышұлы атындағы Оқу орталығы білім берудің жаңа жолдары мен заманауи әдістерді қолдануда.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауда қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізу, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу жайлы айтылған болатын. Мемлекеттік органдарды, оның ішінде халықпен қарым-қатынасты цифрландыруда алдымен полиция қызметкеріне сол жайлы толық ақпарат беру керек. Осы мақсатта Оқу орталығының «Арнайы пәндер» циклының оқытушылары тыңдаушыларға сапалы әрі тиімді білім беру жолында «Жол-патрульдік полициясына арналған әдіснамасын» шығарды. Бұл әдіснамада ІІО қызметкерлерінің кәсібилігіне, біліктілігіне, адамгершілік және моральдық келбетіне жоғары талаптар қойылған. Қоғам ІІО қызметкері барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін салып, қоғамға адал әрі қалтқысыз қызмет етеді деп сенім білдіреді. Сондықтан адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғау міндеттілігі, жеке басты жете тексеру және жеке тұлғаның өзімен алып жүруге міндетті құжаттары, әкімшілік құқық бұзушылық, жолда жүру ережелері толықтай қамтылған. Яғни, жол-патрульдік полициясы білуге тиісті барлық заң бір оқулыққа жинақталып, түсіндірме жүргізілген.
Мұндай әдіснаманың полиция қызметкеріне берері мол. Себебі, оқулықтың ішінде тек заңдар қамтылып қана қоймай, оны пайдалану жолдары және тәжірибе жүзінде іске асыру бағыттары егжей-тегжейлі көрсетілген. Сонымен қатар, заңды тұлғаға тиесілі тауарларға, көлік құралдарына және мүлікке тыйым салу, көлік құралдарын, шағын көлемді кемелерді басқарудан шеттету сынды мәселелер қозғалған.
Киберқауіпсіздікті басты назарға алған Елбасы цифрландыру саясатын толықтай қолдағанымен халық арасында ұялы телефонмен қолайсыз жайттарды түсіріп, интернет желісіне жүктеуді әдетке айналдырғандар бар. Соның ішінде жол-патрульдік полициясы қызметкерінің жүргізушіні тоқтату кезіндегі іс-әрекеттері көптеп орын алады. Полиция қызметкерінің қызметтік құқықтары мен міндеттері көрсетілген әдіснамада әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама толтыру, іс жүргізу тілі жайлы мағлұмат береді. Бұл қызметкердің сауаттылығын арттырып, кез келген жолаушының сұрағына жауап беріп, өз міндетін еркін әрі өз деңгейінде орындауға септігін тигізеді.
Полицейлердің кәсібилігін жүйелі түрде аттестаттау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жетілдіру, жаңа заң жобаларын қабылдау және т.б. сол сияқты іс-шаралар арқылы құқық бұзушылықтармен тиімді күрес жүргізе отырып, мемлекетімізді «Қазақстан-2050 стратегиясы» бағдарламасына сәйкес 2050 жылға қарай дамыған 30 елдің қатарына қосуға өз септігін тигізеді. Мұның барлығы, әрине, Конституцияның 1-бабында белгіленгендей, Қазақстанда шынайы құқықтық мемлекет орнатуға бағытталған.
Елбасының «Ұлт жоспары – 5 институционалды реформасын» жүзеге асырудың 100 қадамы да бүгінгі сын-қатерлерге лайықты жауап бере отырып, Қазақстандық арманға бастайтын жол болып табылады. Мемлекеттік аппаратты заман талабына сай қалыптастыруға бағыттайтын аталмыш әдіснама құқықтық сауаттылықты арттырып, мемлекеттің ішкі істер саласында қоғам¬дық қатынастарды, қоғамдық тәртіпті, қоғамдық қауіпсіздікті қамта¬масыз ету, қылмыспен және басқа да құқық бұзушылықтармен күресті рет¬тейтін заңдар мен заңнан туындайтын ережелерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Халықтың мүддесін қорғайтын заң ғана өміршең болады. Ал оның өміршеңдігі әрбір қазақстандықтың Отан алдындағы борышын адалынан атқарғандығына байланысты.

Досалы МАХАТАЕВ,
ІІМ Б. Момышұлы атындағы Оқу орталығы
«Арнайы пәндер» циклының оқытушысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*