Қылмыстық іздестіру қажырлылықты талап етеді

Қылмыскерлерді дер кезінде ұстап, кез келген құқық бұзушылықты жедел ашуда қылмыстық іздестіру құрылымдары қызметкерлерінің атқаратын рөлі орасан зор. Қарағанды қалалық Ішкі істер басқармасының Орталық полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы, полиция капитаны Мақсат Аманбекті әңгімеге тартып, криминалдық полиция бөлімшесінің атқарған жұмыстары туралы сұраған едік.
Мақсат Ақатұлы, Сіз басшылық етіп отырған Орталық полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлеріне нақты қандай міндеттер жүктелген?
– Ең басты міндет – қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ, азаматтарымыздың жеке қауіпсіздігі мен заңды мүдделерін қорғау. Біздің қызметкерлер негізінен қаламыздың Орталық сектор аумағында болған қылмыстарды ашумен айналысады. Бүгінде қылмыстық іздестіру қызметінің маңызды әрі негізгі бағыты – қылмыстарды дер кезінде ашу, қылмыскердің жасаған қылмысына сай бұлтартпас шараларды қамту. Бұл міндеттерді ішкі істер органдарының өзге де қызметтерімен бірлесе жүзеге асырудамыз.
Криминалдық полиция бөлімшесінің жыл басынан бергі жұмыстарының нәтижесі қандай?
– Осы жылдың 7 айында криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері Орталық полиция бөлімінің қызмет көрсету аумағында тіркелген қылмыстар құрылымы мен динамикалық талдау негізінде ұзақ мерзімді қызметті жетілдіру бойынша бөтеннің мүлкін ұрлауға, бұрын жасалған қылмыстарды ашуға байланысты жұмыстар атқарды.
Қылмыстың ең көп тараған түрі қандай?
– Ең көп тараған түрі – бөтеннің мүлкін ұрлау. 7 айдың ішінде ІІМ-нің «Бөтен мүлікті ұрлауға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру бойынша Орталық полиция бөлімінің жоспары шеңберінде 1259 бөтеннің мүлкін ұрлау фактісі тіркеліп, олардың 42,9%-ы ашылды. Оның ішіндегі 16 ұрлық аса ауыр, 1243-і орташа ауырлықтағы құқық бұзушылық санатына жатады. 130 пәтер ұрлығы тіркеліп, оның 71,4%-ы ашылды; 12 автокөлік ұрлығы тіркеліп, 33,3%-ы ашылды. 85 қалта ұрлығы тіркеліп, 41,3%-ы ашылды; 427 ұялы телефон ұрлығы тіркеліп, оның 15,6%-ы ашылды.
Орталық полиция бөлімінің есебінде 308 ұрлықшы тіркелген.
Бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысының ішіндегі ең көп тараған түрі қандай?
– Қазіргі таңда елімізде бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары арасында ең көп тараған түрі – ұялы телефон ұрлығы. Осы жылдың басынан Орталық полиция бөліміне 425 ұялы телефон ұрлығы туралы өтініш келіп түскен. Соның 15,6%-ы ашылды. Қалта телефонын жұртшылық әртүрлі жағдайда ұрлатып жатады. Ұрлықшылардың көбі ұялы телефондарды иесіне білдіртпей жымқырып кетеді. Ал енді біреулері қоқан-лоққы көрсетіп, тартып алып жатады. Сондықтан біз, полиция қызметкерлері тұрғындарды әрдайым өз мүліктеріне, әсіресе құнды ұялы телефондарына адамдар көп жиналған жерлерде, қоғамдық орындарда, көліктерде мұқият болуларын ескертіп келеміз.
Криминалдық полиция қызметкерлері қандай қасиеттерімен ерекшеленуі тиіс? Ең бастысы, жедел уәкіл болу үшін не қажет?
– Баршаға мәлім, қылмыстық іздестіру қызметі – ішкі істер органдарының негізгі құрылымдарының бірі. Сондықтан да жедел уәкіл беделді мамандық саналады. Өйткені, олардың қатысуынсыз қылмысқа қарсы күрес жүргізу мүмкін емес. Бұл қызмет әрдайым біліктілік пен айрықша білімді қажет етеді. Бізде жас мамандарды дайындау мен олардың қалыптасуында кәдімгі із кесушілердің тәжірибеге бай өмір жолдары, тәлім-тәжірибелері маңызды рөл атқарады. Әдетте, жедел уәкілдер күтпеген, төтенше жағдайларға тап келіп жатады. Ал қылмыстық іздестіру саласының мамандары мұндай кезде жедел әрі оңтайлы шешім қабылдай білуі тиіс.
Бұған қоса, олар қылмысты жасаған адамды тауып қана қоймай, қылмыстың себептері мен оның орын алу шарттарын да анықтай білуі қажет. Тағы бір маңызды нәрсе, бұйрық бойынша еліміздің кез келген өңіріне қызметтік іссапарға шығу және оған әр уақытта дайын болу – біздің қызметкерлер үшін үйреншікті жағдай. Кейде бірнеше апта бойы үй бетін көрмеуге де тура келеді. Мұндай эмоционалды-психологиялық салмақты тек рухы мықты азаматтар ғана көтере алады.
Демек, қылмыстық іздестіру қызметімен табанды, жұмысына жинақы, әрбір іске нақты талдау жасай білетін қажырлы да қайсар азаматтар ғана айналыса алады. Сондықтан мен біздің криминалдық полиция бөлімшесінде жұмыс жасап жүрген мамандарға дән ризамын.
Мақсат Ақатұлы, берген сұхбатыңызға рақмет! Қызметіңізге үлкен табыстар тілейміз!

Сұхбаттасқан Айман ИСАБЕК, Қарағанды қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*