Тараздағы тартысты бәсеке

Жуырда 2018-2020 жылдарға арналған «Саламатты өмір салтын қалыптастыру» бағдарламасы аясында және Республикалық Денсаулық фестиваліне орай Өрт сөндіру мекемесінің спорттық алаңында саламатты өмір салтын насихаттау, сонымен қатар, дене тәрбиесі мәдениетін арттыру мақсатында «Денсаулық фестивалі-2018» және «Жүрек қан-тамыр ауруларының алдын аламыз» атты кең көлемді акция өтті.
Шараны Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру мекемесінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ермек Момбаев құтықтау сөзімен ашты. «Қызмет барысында адам құтқарып, тілсіз жаумен арпалысып, белімен су кешетін төтенше жағдай саласындағы жігіттер үшін деңсаулықтың қадірі аса маңызды. Бүгінгі іс-шараға өз жүйріктерін сайлап, додаға қосқан қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің жігіттеріне сайыста сәттілік тілеймін», – деді ол.
Одан әрі «Жамбыл облысы саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының ұйымдастыру әдістемелік жұмыстары бойынша орынбасары Жәнібек Мырзатаев сөз сөйледі. Кең көлемді акцияны Жамбыл облысы Төтенше жағдай департаменті Өрт сөндіру мекемесі мен Жамбыл облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы ұйымдастырғандығын атап өту керек.
Шара барысында түрлі жаттығулар, асық ату, қол күрестіру және арқан тарту спорт түрлері бойынша командалық жарыстар өтті. Сайысқа қалалық өрт сөндіру бөлімдерінен құрама командалар қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша Тараз қаласындағы №3 Өрт сөндіру бөлімінің құрама командасы жүлделі үшінші орынға ие болды. Ал жүлделі екінші орынды қалалық №15 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі жеңіп алды. №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің командасы жүлделі бірінші орынды алса, қалалық №1 Өрт сөндіру бөлімі бас жүлдеге ие болды. Жеңімпаздар мен қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ердос СМЕТОВ, Жамбыл облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*