Қылмыс саны 8%-ға қысқарды

Өткен жұмада Орталық коммуникациялар қызметінде Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов «Құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту – басты міндет» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді.
Кездесу барысында министр жыл басынан бері елімізде қылмыс саны 8%-ға, қылмыстық теріс қылықтар 15%-ға азайғанын мәлімдеді. Аса ауыр (-5%,) және ауыр қылмыстар (-17%), орташа (-8%) және ауыр емес қылмыс түрлерінің саны (10%) қысқарған. Атап айтқанда, тонау (-10%), бұзақылық (-17%), ұрлық (-9%), сондай-ақ, қоғамдық орындардағы қылмыстар (-8%), соның ішінде көшелердегі қылмыс (-5%) төмендеген.
Бұрын сотталғандар тарапынан орын алатын қылмыс (-35%), мас күйінде жасалатын (-11%) және жасөспірімдер қылмысы (-4%) да аз тіркелген.
Ал құқықтық тәртіпті күзету саласына инновациялық технологиялар белсенді енгізіліп, оның ішінде тәулік бойы қызмет атқаратын полицияның кешенді күштерін басқару үшін Жедел басқару орталықтары жұмыс істей бастады. Бүгінде мұндай орталықтар әрбір облыс орталығында бар. Қазіргі уақытта криминогендік жағдайы қиын шағын қалаларда да салынып жатыр.
Қайталап қылмыс жасаудың алдын алу бағытында нақты шаралар жүзеге асырылуда. Қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың 30%-дан астамы бұрын сотталғандар. Осыған байланысты ІІМ қылмыстық атқару жүйесі колонияларында жазаларын өтеп жатқан сотталғандардың бостандықтағы өмірге бейімделуіне жағдай жасап, ҚАЖ мекемелерінің 54 мектебінде сотталғандарды еңбек нарығында қажет болып отырған мамандықтар – ағаш ұстасы, сантехник, тігінші, аспазшы және басқа да кәсіптерге оқытып жатыр.
Ал жәбірленушілерге келтірген материалдық шығындарын өтеу, өз отбасыларына көмек көрсету үшін сотталғандар еңбекпен камтамасыз етіледі. Босатылған сотталғандардың еңбек және тұрмыстық жағдайы мәселелері пробация қызметіне жүктелген. Осы жылы жергілікті органдармен бірлесе отырып, 15 мың адамға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілген. Бұл ретте еңбекке орналастыру, білім беру, құжаттарын түгендеу жұмыстары да атқарылған.
Халықты және аумақты табиғи және техногендік төтенше жағдайлардан қорғау бойынша азаматтық қорғаныс бөліністері өңірлік ТЖ-дың алдын алу және жою жөніндегі комиссиямен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Биыл ел аумағында 10,2 мың ТЖ тіркелген.
Тәуелсіздік жылдары адал еңбегі, ерлік істері үшін 1273 полиция және Ұлттық ұлан қызметкері мемлекеттік наградаларды иеленген. Оның ішінде 130-ы қаза болғаннан кейін марапатталған. Жыл басынан бері қызметтік міндеттерін өтеу кезінде 4 полиция қызметкері қаза болып, 84-і жарақат алған.
Бүгінде ІІМ 39 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Бұл тұрғылықты жері бойынша тіркеу, автокөліктерді, азаматтық қаруларды тіркеу, жеке куәліктер мен төлқұжаттарды рәсімдеу, мекенжай анықтамалары. Халыққа қолжетімді болу үшін олардың басым көпшілігі автоматтандырылған және олар ХҚКО, арнайы ХҚКО арқылы ұсынылуда. Сонымен қатар, ІІМ-нің ресми сайты, «Ішкі істер министрінің блогы» мен ІІМ бірыңғай сенім телефоны – «1402» жұмыс істейді.
Ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес құрылып, ҮЕҰ-мен өзара байланыс кеңесі, ІІД жанында консультативтік-кеңес органы жұмыс істеп келеді. Осы және өзге мәселелер төңірегінде баспасөз мәслихаты соңында министр журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Ақжан РҮСТЕМБЕКҚЫЗЫ,
суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*