Есірткіге қарсы ерекше операция

Өткен бір апта бойы Шымкент қаласында ҰҚШҰ мүше-мемлекеттер есірткіге қарсы бөлімшелерінің және Иран Ислам Республикасы мен Қытай Халық Республикасының қатысуымен Халықаралық есірткіге қарсы «Канал-Красный бархан» операциясы өтті. Құқық қорғау органдарының өзара әрекеттесуін жан-жақты қамтыған бұл кең ауқымды іс-шараны сол Шымкенттің өзінде құрылған Халықаралық үйлестіру штабы жүзеге асырды.
Жалпы, құқық қорғау органдарының 22 мыңнан астам қызметкері атсалысқан операцияға ЕО, ЕҚЫҰ, Қылмыстық кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі Еуразиялық топ, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі өңірлік басқармасы, ОАӨАҮО халықаралық ұйымдарының қызметкерлері бақылаушы ретінде қатысты. Сондай-ақ, іс-шара барысын Ауғанстан, Иран, Өзбекстан, Қытай, Түрікменстан, Пәкістан, Германия, Польша және Балтық жағалауы республикаларының өкілдері де қадағалады. Олардың бәрін жұмылдырудағы басты мақсат – бізге Ауғанстан мен Ираннан келетін апиынның контрабанда арналарының жолын кесу, трансұлттық есірткі топтарының қызметі мен есірткі кірістерін заңдастырудың алдын алу, заңсыз айналымнан қару-жарақтар, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды тәркілеу.
Әрине, осы тұрғыдан алғанда, «Канал-Красный бархан» операциясының міндетіне еліміздегі Қызылорда облысында қарасораны заңсыз өсіруге және Жамбыл облысында өсетін жабайы қарасораны дайындауға қарсы күрестің енгізілгені айтпаса да түсінікті. Ол үшін 4 «Тигр» брондалған автокөлігі, 6 «Багги» сыныпты және 15 жол талғамайтын автокөлігі, МИ-171Е тікұшағы пайдаланылды. Сонымен қатар, осы операция аясында ІІМ «Дельта-Долина» бөлімшесінің аумағында қазақ-қырғыз кинологиялық қызметтерінің бірлескен жаттығулары өтіп, қызметтік-іздестіру иттерінің иісшілдігі сыналды.
Қыркүйектің 15-інде Шымкент қаласындағы «Rixos» қонақ үйінің жиналыс залында Халықаралық есірткіге қарсы «Канал-Красный бархан» операциясын қорытындылаған жалпы отырыс өтті. БАҚ өкілдерінің алдында есеп берген бұл жиынға ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов пен РФ Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Зубов бастаған ынталы топ басшылары түгел қатысты. Сонда келтірілген мәліметке сүйенсек, аталған іс-шараға атсалысқан мемлекеттер аумағындағы заңсыз айналымнан 9 тонна есірткі тәркіленген. Оның ішінде 5 тонна апиын, 2 тонна синтетикалық есірткі, 830 келі марихуана, 800 келі гашиш және 38 келі героин бар.
«Қазақстан – есірткі транзиті жолындағы ел. Операция нәтижесінде Ауғанстаннан Қазақстан арқылы өтетін есірткі көлемі азайтылды. Еліміз аумағындағы 37 есірткі алқабы жойылып, 600 келіден астам мариxуана тәркіленді», – деді қорытынды жиынды ашқан Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов. Оның айтуынша, арнайы операцияға қатысқан мемлекеттердің аумағында 719 қылмыс ашылып, 7 мыңға жуық қылмыстық іс қозғалған. Бүгінде заңсыз операциялар жүргізгені үшін 500 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр.
Ескерте кетсек, Халықаралық «Канал-Красный барxан» операциясы 2003 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Бұл жолы есірткі заттарынан бөлек, 115 қару-жарақ, 2,5 мыңға жуық оқ-дәрі, 127 мың АҚШ долларынан астам бағалы материалдар мен басқа да заттар тәркіленген.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ, Астана-Шымкент-Астана, Суреттер автордікі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*