50 пәтер ұрлығы ашылды

Жуырда Петропавл қаласының тұрғыны ақшалай қаражаттарының ұрланғанын айтып, полицияға хабарласты. Әйел азаматшаның пәтеріндегі ақшалай жинақтары жасырған орнынан жоғалып кеткен. Бұл орын туралы өзінен басқа ешкім білмепті. Қаскөй ешқандай із қалдырмас үшін бәрін істеген.
Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД Жедел-криминалистика басқармасының қызметкерлері көпжылдық тәжірибесін қолданып, көзге көрінбейтін іздерді, таңбаларды анықтауға, кейін оларды тексеруге барын салды. Күдіктілер тізімі де үлкен болмады. Криминалист мамандардың қырағы көздері болмағанда, тергеу әрекеттері созылып кетуі мүмкін еді. Таңдаған нұсқалардың бірін тексеру барысында полицейлер негізгі күдіктінің қылмысқа тікелей қатысы барына көз жеткізді. Жақын шетелдердің бірінің азаматы, яғни жапа шеккен әйелдің танысы қамауға алынды. Оған қатысты 188-баптың 4-бөлігі – «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл баптың санкциясы 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
«Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысының криминалистері қылмыс орындарынан 1695 қол таңбасын, 1302 аяқ киімнің, автокөлік дөңгелектерінің іздерін, қылмыс құралдарын және тағы да басқа іздерді жинап алды. Бұдан бөлек, 146 иіс үлгісі мен 190 микробөлшек алынды», – дейді облыстық ІІД Жедел криминалистика басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Қанат Оспанов.
Дактилоскопиялық есептер бойынша жүргізілген жұмыстар 159 қылмыстың, оның ішінде 91 ұрлықтың, 50 пәтер ұрлығының ашылуына көмектесті.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*