Ұландық командирлер біліктілігін шыңдады

Таяуда Алматы облысының Жетіген елді мекенінде орналасқан Ұлттық ұланының арнайы мақсаттағы жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында барлық әскери бөлім командирлерінің оқу-әдістемелік жиыны өтті.
Айтылмыш оқу-әдістемелік жиын Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының арнайы бұйрығы негізінде Ұлттық ұланда «2018 жыл – кәсіби біліктілік жылы» деп жарияланып, кең көлемде алғаш рет ұйымдастырылды. Мұндағы көзделген негізгі басымдық – әскердің алдыңғы буын офицерлерінің кәсіби біліктілігін жоғарылатуға бағытталған. Нақтылай түссек, жауынгерлік дайындықтың негізгі түрлерінен: ату қаруымен, дене дайындығы, әдістемелік, мемлекеттік-құқықтық дайындық пен жалпы әскери Жарғыдан, тактика мен жедел шешім қабылдаудың шеберлігінен және әскерді басқару өнерінен қатысушылар сынақтар тапсырды.
Шараның алғашқы күні командирлер психологиялық тестен өтіп, арнайы құрылғылар арқылы оларды психологиялық және психофизиологиялық диагностикадан өткізу жұмыстары да жоспарға сай жүргізілді. Осы орайда, айта кетерлік жайт, бүгінгі таңда уақыт талабымен үндесетін заманауи диагностикадан өткізуге арналған мұндай құрылғылармен Ұлттық ұланның үш өңірлік қолбасшылығы толық дерлік қамтылған.
Сонымен қатар, жиынға қатысушылар жетекші құжаттар мен бұйрықтарды білу жөнінен арнайы тестілеуден өтті. Жиынға жетекшілік еткен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Альберт Маткаримовтың айтуынша, оқу-әдістемелік жиынның сабақтары негізінен тәжірибелік тұрғыда машықтандыруға арналған. Соның аясында ұйымдастырушылар оқу-әдістемелік жиынға қатысушы офицерлердің қару түрлерін күндіз және түнде пайдалануын, арнайы жаттығу құрылғыларында жауынгерлік техникаларды тізгіндеу қабілетін көрсете отырып, өз шеберліктерін көрсетуіне басымдық берілді. Сонымен қатар, бөлім командирлері жауынгерлік ұрыс жағдайына бейімделген түрлі сипаттағы дабыл бойынша өз шеберліктерін шыңдады.
Сондай-ақ, жиын барысында командирлерге әскерге жаңадан келіп жатқан соңғы үлгідегі көздеу құралдары мен жаттығу құрылғылары, нақтылап айтсақ, лазермен иммитацияланған мультимедиялық ату тирінің және басқа да құрылғылардың қыр-сыры таныстырылды.
Шеберлікті шыңдауға бағытталған оқу-әдістемелік жиынды Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов қорытындылап, Ішкі істер министрі мен Бас қолбасшының әскери бөлімдердің жауынгерлік даярлығын жетілдіруге қатысты алдағы уақытқа нақтыланған тапсырмалар мен талаптар қойды.

Қуаныш ҚОЖАХМЕТОВ, Алматы облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*