Өмірімді спортсыз елестете алмаймын

Астана қалалық ІІД Арнайы даярлық басқармасының инспекторы, полиция капитаны Дәулет Бекзат – мемлекеттік органдар қызметкерлері арасында үстел теннисінен еліміздің бес дүркін чемпионы.
Дәулет Балғабайұлы, әңгімемізді спортқа келуіңізге қандай себеп болды деген сұрақтан бастасақ?
– Спорт – ол өмір. Мен спортсыз өмірімді елестете алмаймын. Сондықтан бала кезімнен айналысамын. Қазіргі Түркістан облысының Төле би ауданындағы Маятас ауылында оқып жүргенімде үстел теннисін ойнайтынбыз. Кейінірек өсе келе қалаға барып, таэквондомен айналыстым. 2005 жылы К. Ахметов атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернатына оқуға түстім. Ол жерде еліміздің жасөспірімдер құрамасына алындым. Бірнеше рет Қазақстан чемпионатын ұтып, жүлделі орындарды жеңіп алдым.
Бүгінде тәрбиелеп жүрген шәкірттеріңіз бар ма?
– Әрине, тәлімгерлікпен айналысамын, шәкірттерім де бар. Осы қызметіме дейін ІІМ Астана қаласындағы Оқу орталығында әскери пәндер және денешынықтыру циклында аға оқытушы болып қызмет еткенмін. Сол оқу орталығында жүріп Астана және Қарағанды қалаларындағы ашық чемпионаттарға қоян-қолтық ұрыстан Нұрбек Тұрдиев, Жігер Сәкенұлы және өзге де көптеген шәкірттер дайындап, апардым.
Өзіңіздің тәлімгерлеріңіз жайлы айта кетсеңіз?
– «Шәкірт болып көрмеген, ұстаз болып жарытпас», – деген сөз бар. Менің алғашқы ұстазым – туған ауылымдағы Нұрлан Оразбаев ағайым. Ол кісі мені бала кезімнен спортқа жетеледі. Дара жолды көрсетіп, Қазақстанның ашық біріншілігіне дейін бапкерім болған. Екінші ұстазым – спорт интернатындағы ең мықты бапкер Анатолий Тимченко. Ол кісі менің әкемдей болып кеткен азамат. Осы спорт арқылы бапкерім Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсуге үлкен қолғабыс берді. Оқуымды аяқтағаннан кейін Астана қаласына келіп, учаскелік полиция инспекторының көмекшісі ретінде Алматы аудандық Ішкі істер басқармасында жұмысымды бастадым. Осы орайда, біздің спорттағы жетістіктерімізде қолдап, демеп отыратын Арнайы даярлық басқармасының басшы құрамына да өз алғысымды білдіргім келеді.
Үстел теннисі басқа спорт түрлерінен несімен ерекшеленеді?
– Үстел теннисі – жылдамдыққа бағытталған қатал сайыс. Осы спорт түрі арқылы мен шыңдалдым. Үстел теннисі өзінше дара спорт болып саналды. Пайдасына келер болсақ, ақыл-ойды сергітеді, ой шапшаңдығын арттырады, мидың саулығын сақтайды. Жетістіктеріме келер болсам, Орал қаласында өткен чемпионатта жұппен өнер көрсетуден жүлделі 2-орынды иелендік. Ең басты әрі маңыздысы – 2007 жылы ҚР жасөспірімдер арасындағы спартакиада еді. Сол кезде үш жүлде иеленгенім әлі есімде. Одан кейін жасөспірімдер арасында Азияға жолдама алдық. Ол кезде 16 жаста ғана болатынмын. Мен үшін 16 жасымда Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындау үлкен жетістік болып есептеледі. Одан кейін біз Иранның Казвин және Тегеран қалаларында аумақтық және кубоктық чемпионатқа қатыстық. Ол жерде командалық есепте бірінші орынды иелендік.
Болашаққа деген жоспарыңыз?
– Алда жоспар көп. Ең бастысы – Отанға қызмет жасау, еліміздің тыныштығын қорғап, үлкен белестерден көріну.
Арнайы даярлық басқармасындағы қызметіңіз туралы айта кетсеңіз?
– Қазіргі кезде қоян-қолтық, күрестің жауынгерлік әдістері, полиция қызметкерлеріне ыңғайлы қолды қайыру, ілесіп жүру сынды тәсілдерді зерттеп, қызметкерлерге үйретумен айналысамыз.
Спортшы қандай адам болу керек?
– Спортта ең бастысы – мінез. Содан кейін жігер. Екеуі болмаса, қанша талап болғанымен нәтижеге жету қиын. Спорт дара жол болып саналады. Оған кез келген жете алмайды. Ол дара жолда өзіңді таба білуің және өзіңді ұстай білуің керек. Сонда ғана биік белестерден көрініп, жетістікке жете аласың.
Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз? Ұл-қыздарыңыз спортқа жақын ба?
– Үш балам бар. Отбасым да спортқа жақын. Қызым мәнерлеп сырғанауға, ұлым каратэге барады. Әкем мен анам да спортпен айналысқан. Марқұм атам Мүсілім Бекзаттегі көкпардан балуан болған азамат.
Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ақжан ИБРАГИМОВА,
суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*