Көпсайыстың сайыпқырандары анықталды

Қыркүйектің 10-11 күндері Ішкі істер министрлігінің Алматы аймағындағы жаттығу алаңында ішкі істер органдары арнайы мақсаттағы бөліністері арасында Ішкі істер министрлігінің «Тактикалық көпсайыс» бойынша кубогі үшін турнир өтті.
ІІМ Арнайы даярлық департаменті ұйымдастырған бұл сайысқа республиканың барлық облыстарынан 18 команда қатысып, арнайы мақсаттағы қызмет сарбаздары түрлі жаттығулардан күш сынасты. Небір күрделі операцияларды жүзеге асыратын арнайы мақсаттағы бөлініс қызметкерлерінің мергендіктері мен шабуыл кезіндегі кәсіби шеберліктерін сынға салған сайыс кезінде тек күштілер мен ептілер ғана алға шықты.
Жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орынды Алматы қалалық, екінші орынды Қарағанды облыстық, үшінші орынды Ақмола облыстық Ішкі істер департаменттерінің «Арлан» арнайы мақсаттағы жасақтары иеленді. Бірінші орынды иеленген Алматы қалалық ІІД арнайы мақсаттағы «Арлан» жасағына Ішкі істер министрлігінің кубогі табыс етілді және турнирдің жеңімпаз командалары Ішкі істер министрлігінің грамотасымен марапатталды.
Сондай-ақ, жарыс нәтижесіне арналған салтанатты жиында ІІМ арнайы мақсаттағы бөліністерінің бірқатар қызметкерлері «Ішкі істер министрлігінің «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлінісіне – 20 жыл» медалімен марапатталды.
«Аталған турнир Ішкі істер министрлігінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Қарулы қылмыскерлермен бетпе-бет келетін арнайы мақсаттағы жасақ сарбаздарының тактикалық шеберліктерін шыңдап, оларды небір қауіпті оқиғалар кезінде шұғыл шешім қабылдауға, қаруды тиімді қолдануға үйрететін мұндай турнир алдағы уақытта жыл сайын өткізілетін болады.
Турнирдің мақсаты – теракт, шабуыл жасау, жаппай тәртіпсіздік, көтеріліс кезінде полиция қызметкерлерін адамдардың өмірін сақтаумен қатар, өздерінің де қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуге машықтандыру. Өйткені, қауіпті жағдайда адамдардың өмірін сақтап қалу ең алдымен полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберліктеріне байланысты», – деді Ішкі істер министрлігі Арнайы даярлық департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Евнеев.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА, Алматы облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*