ІІД – ең белсенді мекеме

Жуырда Орал қаласындағы Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен «Тіл – тұтастық туы» атты тіл фестивалінде Ішкі істер департаментіне мемлекеттік тіл саясатын насихаттау және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында өткен мәдени-көпшілік шараларда үздік нәтиже көрсеткені үшін «Белсенді мекеме» номинациясы берілді.
Бұл шара Қазақстан халқының тілдері күніне және Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, тіл саясатын жүзеге асыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында өтті.
Шараға облыстағы мемлекеттік тіл мәртебесін арттыруға үлес қосып жүрген жергілікті атқарушы органдардың, білім және мәдениет саласының, құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ, тілшілер қатысты.
Мәні зор шарада қатысушылар өңіріміздегі тіл саясатының жүзеге асырылуы барысын талқылады. Облыс әкімдігінің атынан батысқазақстандықтарды құттықтаған Ғабидолла Оспанқұлов ана тілінің мән-маңыздылығына тоқталып, үш тілді меңгерудің тиімділігін атап өтіп, халықты тілдерді үйренуге үш тілде шақырды.
– Қазіргі уақытта үш тілділікті балабақшадан бастап оқытамыз. Оның себебі, бұл біздің халықтың осы заман талабына сай бәсекеге қабілеттілін арттыруда жатыр. Ана тіліңмен қатар орыс тілін білу миллиондаған адамның әлемін білу, ал ағылшын тілін білсең, миллиардтаған адамның білімі мен ғылымына араласу мүмкіндігін аласың, – деп Ғ. Оспанқұлов сөзін түйіндеді.
Фестиваль барысында өңіріміздің тіл саясатын жүзеге асыруға үлкен үлес қосып жүрген қызметкерлер мен мекемелер арнайы грамотамен марапатталып, номинацияларға ие болды. Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментіне мемлекеттік тіл саясатын насихаттау және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында өткен көптеген мәдени-көпшілік шараларға қатысып, облыс мекемелері арасында жыл сайын ұйымдастырылатын байқауларда полиция қызметкерлері екі жыл қатарынан топ жарып, бас жүлдені жеңіп алып, үздік нәтиже көрсеткені үшін «Белсенді мекеме» номинациясы берілді.
Иә, тілді өркендету – баршаның ісі. Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Бүгінде ішкі істер органдары басшылығының тілге деген жанашырлығы басым, ал қояр талабы қатаң.
Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінде іс жүргізу 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік тілге көшірілген. Сол уақыттан бері департаменттің ішкі бұйрықтары, кеңес шешімдері мемлекеттік тілде дайындалып, қабылдануда. Хат-хабарларды қабылдап-жөнелтумен айналысатын бөліністерге құжаттарды мемлекеттік тілде ғана тіркеуге қабылдау жөнінде нұсқау берілді. Қазіргі уақытта бұл талап бұлжытпай орындалуда.
Құжат айналымының үлес салмағына тоқталсақ, кіріс құжаттарының 91 пайызы, шығыс құжаттарының 98 пайызы мемлекеттік тілде. Бұл жақсы көрсеткіш.
Департамент бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов тікелей өзі іс қағаздарының мемлекеттік тілде сауатты дайындалуына қатаң бақылау жасап, «Қазтест» жүйесі бойынша курстар ұйымдастыру, қызметтік кеңестер мен отырыстарды, барлық мәдени шараларды мемлекеттік тілде ғана жүргізу, қызметкерлердің мемлекеттік тілді үйренуіне баса назар аударып, оларға қатаң талап қою сияқты міндеттерді жүктеді.
Нақты тапсырма берілді, қатаң талап қойылды, ендігі міндет – орындау ғана.

Батыс Қазақстан облыстық ІІД
Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*